Управление
по делам религий
г. Алматы


Религиозная карта
Управление
по делам религий
г. Алматы
Каз
Рус
Оповестить о подозрительных лицах

О проекте
Нормативно
правовые акты
Религия
и общество
Справочная
информация
Новости
и видео
Оставить заявку
на проверку


♦ ♦ ♦ ♦
Новости и видео
♦ ♦ ♦ ♦


Арман Әубәкір: Молдалар ұлттық құндылық туралы айта бермейді



27.09.2018

Қазақстан теріс пиғылдағы діни ағымдармен қалай күресіп жатыр? Мұндай ағым өкілдері адамның сеніміне қалай кіреді? Дін мен ұлттық дәстүр бір-біріне қайшы ма? Бұл туралы Baribar.kz сайтына Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырмасы бойынша әлеуметтік жобалар ұйымдастырып жүрген “Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкір әңгімелеп берген еді.

  • “Адырнаның” теріс діни ағымдармен күресі қалай басталды?
  • Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігі алғаш рет университеттік клуб ретінде ашылды. Жоғары оқу орнын журналист мамандығы бойынша аяқтадым. Кейін “Ана тілі” газетінде тілші, Қазақ ұлттық аграрлық университеттің газетін шығарушы қызметін атқардым. Сол кезде әртүрлі діни ағымның қыркүйек айынан бастап оқу орындарында жастарды өз қатарына қосуға қызмет ететін жүйесінің барын білдім. Олар жатақханаларда студенттерге арнап Ораза айт, Құрбан айт, ауызашар сияқты діни мерекелерде дастархан жайып, уағыз айтады. Сондай шараға қатысқан студенттердің көбі дін жолына түсіп, намаз оқып, оқуларын тастап та кетіп жатты. Университеттегі қызметте жүріп теріс діни ағымдардың жастардың сенімінен, көңілінен шығу әдістерін анық байқай бастадым. Сөйтіп, оларға қарсы “Адырна” клубының атынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық және Қазақ ұлттық аграрлық университеттерінде салт-дәстүр, тарих, мәдениетімізді айтатын мамандармен аптасына екі рет кездесу ұйымдастыра бастадық.
  • Жастардың имандылықты діни фанатизмге ұластырып алатыны неден?
  • Түнгі клуб, ішімдік ішу, есірткі сияқты әдеттерден қашамыз деп жат мәдениеттің жетегіне еріп бара жатырмыз. Орысқұлдық, әсіре батысшылдық дұрыс емес. Бірақ біз содан қашамыз деп арабқұлдыққа бас ұрып жатырмыз ғой. Екі ортада өзіміздің төл тарихымыз бен мәдениетіміз қайда қалды? Әріге бармай, жастарға Алаш арыстарының салып кеткен сара жолымен жүруіміз керек екенін түсіндіру мақсатында өткен жылы Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен бірлесе отырып “Алаш Орда”: ұлттық идея және дін мәселелері” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Конференцияға тіпті Қазақстанның шет облыстарынан, Астанадан ғалымдар келді. Онда Алаш арыстарының ұлтшыл болғанын, діни ағымдарға, секталарға сол заманның өзінде қарсы болғанын, орысшылдықты ғана емес, арабшылдықты да қолдамағанын, қазақылығымызды сақтауды мақсат еткенін зерттеп, барынша дәлелдеуге тырыстық. Осы басқарманың қолдауымен Алаш автономиясының 100 жылдығына орай “Алаш арыстары, ұлттық дәстүр және дін” атты деректі фильм түсірдік. Фильмнің шынайы, сенімді болуы үшін көптеген ғалымның пікірін білдік. Фильмді түсіру барысында Қазақстанның көптеген аймақтарын аралап шықтық. Фильм жастарға терең ой салғаны соншалық, жат ағымға кіріп кеткен кейбір жастарды райынан қайтарған да жайы бар. Биыл да Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен “Дін мен дәстүр” атты жобаны қолға алдық. Жоба шеңберінде тіпті дәстүрлі музыкалық концерт өткіземіз. Сол арқылы ұлттық мәдениетімізді танытып, қазақ халқының ерекшелігін, ұлттық құндылықтарын насихаттаймыз. “Адырна” бірлестігі осыған дейін 10-нан аса концерт өткізді. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ әндерінің концерттері қойылды. Алдағы уақытта тағы да қалалық Дін істері басқармасының қолдауымен Естай әндерінен концерт өтпекші. Сөйтіп, өзіміздің төл тұлғаларымыз бар екенін, жат мәдениетке еліктемей, өз бағытымызбен жүріп те, тура жолдан таймауға болатынын дәлелдегіміз келеді. Дін жолына түсеміз деп жүргенде араб мәдениеті, тіпті, еврейлердің мәдениеті бізге кері әсерін тигізе бастағаны жасырын емес. “Дін мен дәстүр” жобасы аясында Алматыдағы базарлардың жанындағы мешіттерде немесе намазханасында PһD докторант, дінтанушы Асылтай Тасболатпен діни жамағаттардың кездесуін ұйымдастырып келеміз. Сонымен қатар, жамағаттан бөлек жеке тұлғалармен де оңаша жүздесіп, мәселелерін тыңдап, дұрыс бағытта діни түсінік береміз.
  • Неге базар аумағында?
  • Себебі, көптеген ірі базарда қысқа балақты, ұзын сақалды, көпшіліктің үрейін туғызатын адамдар көбейді.  Оларды дұрыс жолға бағыттау мақсатында, қазақ болуды, қазақтықты сақтау жөнінде, қалыптасып қалған жат көзқарастарынан айныту үшін намазхана, мешіттерге іздеп барамыз. Оларды кездестіріп қалу үшін арнайы намаз уақытында барып, имамнан рұқсат аламыз. Осыған дейін 10-ға жуық базардың намазхана, мешітінде дәріс өткізген екенбіз. Біздің дәрісімізге қатысқандар саны  -шамамен 1500 адам. “Кенжехан”, “Арлан”, “Көкбазар”, “Барыс-4” тағы басқа сауда орталықтарына бардық. Көбіне салт-дәстүр мен діннің байланысы туралы дәрістер оқылады. Себебі дәстүрлі емес діни ағым өкілдері домбыраны ширк, келіннің ата-енесіне иіліп сәлем салуын Құдайға серік қосу деп есептейді. Сондықтан біздің тұрақты дәріскеріміз Асылтай Тасболат діни терминдер, Құрандағы мысалдар арқылы олардың түсініктері қате екенін дәлелдеп береді. “Уды у қайтарады” демекші, әсіредіншіл адамдармен тек діни терминдер арқылы күресу керек. Егер біз дәріс оқуға әлеуметтанушы немесе этнографты шақырсақ, олар кейбір діни ұғым-түсініктері мүмкін, ал егер, имамды сөйлетсек, ол өзіне үйреншікті діни уағызын айтып кетер еді. Молдалар мен имамдар көбіне дінді уағыздағанымен ұлттық құндылық, қазақ мәдениеті туралы айта бермейді. Ал біздің мақсатымыз – жат ағымның жетегінде кеткендерді райынан қайтару, ең бастысы олардың беттерін діншілдіктен қазақтыққа қарату. Себебі, олар дінді дұрыс зерттемегендіктен, ұлттық құндылықтар туралы білімдері таяз болғандықтан иммунитеттері де әлсіз келеді. Олар өздері сенген ұстаздарынан естігенін ғана біледі, бәрі бірдей Құранды ашып оқитындары сирек. Ал біздің дінтанушылар Құраннан нақты дәлел, мысалдар келтіру арқылы олардың сеніміне кіреді, теріс ағымдық түсініктегі райынан қайтады.
  • Жат ағымға еріп кеткендер оңаша кездесуге қалай келіседі?
  • Оларға жай ғана қоғамдық ұйымнан келдік десек, сөйлеспейді. Сеніміне кіру үшін құқық қорғау органынан немесе әкімшіліктен келдім деп өтірік айтуға тура келеді. Өкілетті органнан келгенге ұқсап сөйлессек, аз болса да әңгімелесуге келісім береді. Сөйтіп ақырын-ақырын қаба сақал қоюдың дұрыс емес екенін, оның жан-жағына қорқыныш, үрей туғызатынын айтып, тағы басқа түрлі-түрлі әдіс-тәсіл арқылы санасын өзгертуге әрекет етеміз. Абай, Шәкәрім сияқты ғұламаларымыздың дін туралы айтқан сөздеріне сүйене отырып сөйлеуді әдетке айналдырдық. Оларға толықтай дінді қой деп айта алмаймыз. Олардың санасында қалыптасқан қағидалары, ұстанымдары туралы сұрап, оның дәстүрлі дінге қайшы келетінін айтып, түсіндіреміз.
  • Райынан қайтқандар болды ма?
  • Болды. “Алаш Орда”: ұлттық идея және дін мәселелері” атты конференциядан кейін Ә. есімді студент жігіт жат ағым жетегіне еріп бара жатқанын түсініп, өз-өзіне келді. Кейін ол біздің бірлестікте ерікті болып жұмыс істеді. Ата-анасының айтуынша, ұлдарының соңғы уақыттағы іс-әрекеттері, айтқан әңгімелері үрей туғызған. Жігіт те соңғы кезде “неге?” деген сұрақтары көбейіп, тіпті, басқа елге кетпекші де болғанын жасырмады. Кейін жігіттің ата-анасы үйлеріне қонаққа шақырып, алғысын айтты. Ол жақсы жаққа өзгеріп, ұлтшыл, патриот бола бастаған. Бәрі адамның өзінің күш-жігеріне байланысты. Шәкәрімнің сөзі бар: “Дін асылын ой табар” деген. Сіз ойлансаңыз, кей нәрселерді өздігіңізден түсінуіңіз мүмкін. Кей жағдайларда кездесуден кейін адамның белгілі бір дәрежеде санасы, көзқарасы өзгереді. Адамның өз-өзіне келуі үшін 1-2 кездесу жеткіліксіз. Бірінші кездесуде оңаша сөйлескен адам туралы білу үшін сол жерге екінші рет барамыз. Екіншісінде бұрын біз сөйлескен адамның кей түсініктері өзгере бастағанын аңғарамыз. Оңаша тілдескеннің әсері тез болады. Діни ағымға кіріп кеткен адамдардың көбі назарға, көңілге мұқтаж жандар. Материалдық жағдайы да нашар болуы мүмкін. Олар тез сынады. Сондықтан біздің оған көңіл бөлуіміз, жағдайын сұрап тұруымыз олардың көңіліне сенім ұялатып, өзін қоғамға қажет тұлға ретінде сезіне бастайды.
  • Дәріскерлерді қалай таңдайды?
  • Бізге қазақ мәдениетін мүдірмей білетін, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын дінтанушы мамандар қажет. Идеология, журналистика саласында жүргендіктен кімнің қандай бағыт ұстанатынын жатқа білемін, ол жағынан қателесуім мүмкін емес. Солардың ішінде ешқандай діни ағымға кірмеген, қазақтың мәдениеті, тарихы туралы сауатты сөйлей алатын дінтанушыларды шақырамыз.
  • Деструктив діни ағым өкілдері адам сеніміне қалай кіреді?
  • Жат ағымдардың адам шақырудағы басты әдісі – жақыны қайтыс болған адамдардың көңілін аулау. Қиындыққа тап болғанда көмектеседі, жалғыз қалғандарға серік болады. Қазіргі біздің қоғамда адамдардың жалғыз қалуы, отбасында болатын кикілжіңдер көбеймесе азаймады. Адам рухани әлсіреп, көңіл бөлуді, басқалардың жарылқауын қалап тұрады. Міне, сондай кезде теріс ниеттегі діни ағымдар әрекет ете бастайды. “Бауырым” деп жақын тартып, “біз бәріміз әртүрлі ұлт болсақ та, бір мұсылманбыз, бір-бірімізге үйлене беруге болады, жеті ата сақтамасақ та болады” деп, сеніміне кіріп, кері түсініктерді үйрете бастайды. Қазақта “жеті атасын білмеген жетесіз” дейді. Ал енді неге “мұсылман бауырлар” ұғымына балама ретінде “қазақтық бауырластық” ұғымын қалыптастырмасқа?! Біз қазақпыз, бәріміз бір-бірімізге бауыр болайық, жеті атамызды жаттайық, дәстүрімізді, құндылықтарымызды сақтайық!
  • Сақал қою қазақтың салтында мүлдем жоқ дей аламыз ба?
  • Қазақ дәстүрінде мұртты алып тастап, сақал қою деген жоқ. Ежелгі тарихи ескерткіштің бәрінде қазақтар мұртты болып келеді. Сақал қойғанда да жалбыратып емес, ықшамдап, әдемі етіп қысқартып қойған. Сақал абыздықтың, үлкен ақсақалдықтың белгісі болған. Мұртқа байланысты “мұрты қияқтай”, “мұрты едірейген” деген сөз тіркестері де дәлел. Ол кезде мұртты жігіттер қоятын болған. Парсылар, саудагер сарттар бұрынғы заманнан бері мұртын алып тастаған. Ал қазіргі мұртын алып тастап, сақал қойған қазақ жастары сол парсылардан келген жат мәдениетке алданып жүр. Қазақтың тарихында, болмысында болмаған мәдениетті қазаққа сіңіріп, төл дүниетаным ерекшеліктерін өзгертіп жатыр. Мен көне түркі ескерткіштерін зерттеймін. Сондағы балбалтастарда ер азаматтардың бәрінде мұрт бар. Тек абыздардың, үлкен қариялардың ескерткіштерінде сақалдылар кездеседі. Ал қазір жап-жас жігіттер әкесі тірі болса да сақал қояды. Қазақта әкесі тірі адам ешқашан сақал қоймаған, бас ұстамаған. Әкесі болмаса ғана әулеттің басы болып, малдың бассүйегін ұстаған. Әкесі бар болса, әулеттің басы да сол әкесі деген сөз. Баласының орны төмендей түседі. Міне, осындай дәстүрлеріміз жойылып бара жатыр. Надандықтың, жалған діншілдіктің кесірінен қазаққа ұқсамай барамыз. Жеті ата арқылы біздің қаншама тектілігіміз, тазалығымыз сақталған. Өзбек, әзірбайжан, түрік, түркімен, араб, парсыларда туысқан, бауырлар бір-біріне үйлене береді. Себебі ол халықтардың қанына дін сіңіп кеткен. “Бір емшектен ембесе болды” дейді өзбектер. «Жақсны жатқа жібермейміз» дейтіні де сол. Жеті атаны сақтаған халықтың қаны таза, ауру-сырқаудан ада, сұлу да, келбетті болады. Теріс ниеттегі діни ағымдардың салдарынан бауыр мен бауырдың бір-бірімен араздасып жатқанын көп кездестіреміз. Шығыста Корей түбегінен, батыста Балқан түбегіне дейінгі аумақта біздің ата-бабаларымыз мекендеген. Солардың бәрі түрлі дінге, ұлтқа бөлініп, азайып, қазір қазақ қана қалды. Алаш арыстары кезінде де башқұрт, ноғай, қарақалпақ, қырғыз, татарлар “біз бірге болуымыз керек, бір мемлекет болуымыз керек” деп біріккісі келді. Себебі, олар қыпшақтар аталып Алтын Орда дәуірінде бірге өмір сүрген. Ал қазір уақыт өткен сайын бөлшектеніп жатырмыз. Ресей, Қытай империялары күшейіп жатыр, ал әсіредіншілдік біздің түбімізге жетпекші.
  • Ислам елдерінің діни экспансиясы күшті дейсіз ғой?
  • Дінді саналы көзбен қарасаңыз – тұнған саясат. Себебі, ислам мемлекеттері дін арқылы сауда-саттықты, экономикасын дамытып отыр. Ауызашар деп құрма, намаз оқимын деп жайнамаз, дінге бет бұрып, тәсбих сатып аламыз. Біз ештеңені байқамаймыз. Қазір араб шайы деген де шықты, мисуак – тіс тазалағыш щеткалар сияқты діни атрибуттарды қолданамыз, қажылыққа барған адам кемінде 3 мың доллар қаржы жұмсайды. Бірақ қызмет көрсету сапасы нашар. Ашулансаң, “сабыр, сабыр, Құдай жолында ашулануға болмайды» деп алдап қояды. Көрдіңіз бе, мұның бәрі – саясат. Дін – адамдарды басқаруға арналған саяси құрал. Біз оны саналы азамат ретінде түсінуіміз керек. Ал дүниетанымды бір адам ойлап таппайды және ол жан-жаққа секта ретінде тарамайды. Дүниетаным – халықтың үлкен мәдениеті, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық білімі. Төл мәдениет арқылы ұлттық ерекшелік сақталады. Зайырлы мемлекетте дін бөлек қарастырылады, оған қаржы бөлінбейді. Дін өзінше дамуы керек. Тиісінше, мемлекет дінге залал келтірмейді, саясатына араласпайды. Бірақ бақылауда ұстайды. Бізде бақылаудан тыс, шектен шыққан жағдай көп кездеседі. Егер бақылау болмаса, ислам мемлекеттеріндегі сияқты әйелдердің бәрін құлдық деңгейге түсер еді. Онда әйелдерді ешкім адам құрлы санамайды, олармен ешкім санаспайды, пікірі жоқ, жұмыс істемейді, күйеулері асырайды, мал сияқты тоғытып, бірнеше әйел ала береді. Әйелдер білімі, өзіндік көзқарасы жоқ болғандықтан қарсы келе алмайды. «Діншілдік азғындықты жояды» деген – қате түсінік. Ислам мемлекеттерінде де жезөкшеліктің көкесі бар. Онда гомосексуализм қатты дамып кеткен. Еркектер отырған бөлмеге әйелдерді кіргізбейтіндіктен 13-14 жастағы ұлдарды қыз сияқты киіндіріп, билетеді. Гомосексуалдарды қазақта “пәтшағар” деген. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов Қашқарияға жасаған сапарында жазған. Діншіл болып келетін тараншылар қонақтарға уақытша әйелдерін, қыздарын некелестіріп, қалың мал алып пайда табады. Заңдастырылған жезөкшелік тәрізді. Қонақ кетіп бара жатқанда талақ айтып ажырасып кетеді. Ол туралы тарихи ескерткіштер де бар. Араб, парсы елдерінде де ерте заманның өзінде болған, яғни, гомосексуалдардың негізгі тарихы ислам мемлекеттерінен басталады. Еуропадан шыққан деп қателесіп жүрміз. Әйелдерді бөлмесіне қамап, құл еткеннен кейін оның орнына еркектерді киіндіріп, билететін болған. Біздің тарихымызда Томирис, Зарина сияқты батыр, патшайым аналар болған. Тіпті, Марко Полоның жазбаларынан оқып қалдым. Онда  Құлағудың Айжарық деген қызы болғаны, ол әкесіне өзін жекпе-жекте жеңген жігітке ғана тұрмысқа шығамын деп талап қойғаны жөнінде жазылған. Сөйтіп Айжарықты ешкім жеңе алмаған. Оған тең келетін жігіт табылмаған соң қолбасшысына қосуға мәжбүр болады, өзі де кейін көндіккен. Салт-дәстүр қатты сақталып, дінді қалыпты ұстанған уақыттың өзінде қыз баланың айтқанын істеп, құқығын қорғағанын байқауға болады. Қазақта қызды алып қашқанда да қыздың құқығы қарастырылған. Қыз бен жігіт келісіп алып бірге қашады. Кейін ислам діні арқылы жаза түрлері күшейді. Бізде жазаның ең ауыры бетіне күйе жағып, есекке, өгізге теріс отырғызып, ауылдан, әулеттен, рудан қуып жіберу болатын. Кейін XIX ғасырда дін күшейген кезде таспен атып өлтіру деген пайда болды. Оған “Абай жолы” романындағы Құнанбайдың Қамқа мен Қодарды шариғат бойынша асып өлтіруі дәлел. Құнанбай өзі діншіл адам болған.
  • Алматыдағы діни ахуал қандай?
  • Жалпы Қазақстанда әсіредіни ағымдар күн санап күшейіп бара жатыр. Олардың үздіксіз жұмыс істеп тұрған бірнеше сайты бар. Блогерлері де көп. Иә, жат діни ағымдарға қарсы толассыз жұмыстар істеліп жатыр, бірақ біреуінің көзін құртса, екіншісі пайда болады. Діни ағымдар жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, үлкен маркетингтік жүйелер “1 адам тартсаң, 100 доллар, 10 адам тартсаң, 1000 доллар” деген жұмыстар ұсынады. Біздегі басты мәселе – кімнің кім екені айқын белгілі емес. Кімге сенеріңді білмейсің. Діни ағымдармен күресіп жатыр деген кісіміз сол ағымдардың белсенді мүшесі еместігіне кім кепіл? Дегенмен салыстырмалы түрде қарасақ, Алматыда деструктив діни ағымдармен күрес жақсы деңгейде жүргізіліп жатыр деп есептеймін. Айдар Есенбеков басқарып отырған Алматы қалалықДін істері жөніндегі басқарма жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді.
< предыдущая следующая >