Управление по делам религий города Алматы

Ислам және этнос

Ислам дінін бүгінде әлемнің 120 шақты елінде бір жарым миллиард мұсылман ұстанады. Ол 28 мемлекеттің мемлекеттік не ресми діні болып табылады. Ислам дініндегі негізгі ұстаным  ̶ бейбітшілік. Құрандағы «Әй, адамдар! Біз сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Бір-бірлеріңді тану үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Алланың назарында ең артық тұрған адам  ̶  тақуалықты ең жақсы ұстанғандар. Алла біледі әрі бәрінен хабардар» (Хужурат сүресі, 13) деген аятта назар аударатын мәселе барша адамдардың Адам ата мен Хауа анадан тарай отырып, кейіннен түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлінгені. Алайда ол айырмашылық өзара жауласу, дұшпан болу үшін емес қайта бір-бірін тану, өзара түсінісу, бейбітшілікте бірге өмір сүру, көмек берісу әрі мәдениеталмасу үшін делінген. Құран бойынша ұлттардың бәрі бірдей, адамдар үшін жақсылық пен тақуалықта бір-біріне болысу негіз болып табылады (Маида сүресі, 2).

Ұлт пен нәсілді таңдау адамның өз еркіндегі жағдай емес. Осы себепті олар ең табиғи құқықтары мен еркіндіктерінен қол үзе алмайды. Осы секілді тіл мен діни сенім ерекшеліктері де әрбірінің өмір сүруге деген құқы мен ой бостандығы, сөз бостандығы, наным-сенім мен ар-ұждан еркіндігі секілді құқықтарынан айырмайды.

Ислам сенімі бойынша адамдардың бәрі  ̶ Адам атаның перзенттері. Адам ата болса топырақтан жаратылған. Ендеше, бір негізден тарайтын адамдар бір- бірімен бауыр болып табылады. Ұлты қандай болса да араларында қандай да бір артықшылық жоқ. Ислам бір-бірімен тең адамдарды тек жақсылықта жарысуға шақыруда (Бақара сүресі, 148). Яғни адамның артықшылығы оның тегімен байланысты қарастырылмайды, керісінше үлгілі, тәртіпті өмір сүруімен, қоғамға пайдалы ізгі істер атқаруымен байланыстырылады. Осы тұрғыдан келгенде ұлт пен ұлтты бір-біріне айдап салудың, араларына араздық отын жағу, қақтығыс тудырып, қанаушылық пен дұшпандықтың исламда орны жоқ. Мұхаммед пайғамбар да (с.а.с.) өзінің хадистерінде ұлттардың бір- бірімен тең екендігін шегелеп түсіндірген: «Әй, адамдар! Жаратушы иелерің бір, аталарың да бір. Арабтың араб еместен, араб еместің араб ұлтынан, ақ нәсілдінің қарадан, қара нәсілдінің ақтан артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықта» (Ибн Ханбәл, 2, 361).

Байқап қарасақ, ислам адамдардың о бастан бір-бірімен бауыр екендігін алға тарта отырып, өзара бауырластыққа, татулыққа, бейбіт қатар өмір сүруге шақырады. Сондықтан да жақсылықсүйгіштік пен адамгершілік қасиеттердің (аһлақ) исламда алар орны ерекше. Хазірет пайғамбар да өзінің өмірлік тәжірибелерінде адамдардың тегіне, ұлтына қарап оларға артықшылық берген жоқ. Мәселен, Мекке азат етілген уақытта құрайыш руынан небір абзал тұлғалар бар болғанына қарамастан, Эфиопиялық қара нәсілді құл болған, кейін басына бостандық берілген хазірет Біләлді өзіне азаншы етіп тағайындады. Бұл жерде ол адамның ықыластылығы мен шынайылығы, дауысының жағымдылығы мен ісіне тыңғылықтығы негізге алынған.

Ислам бойынша «сауапты амалдарының аздығынан артта қалған адамды тегі алға оздыра алмайды». Бұл жерде адамның ұрпағының көптігі, байлығы мен дәулеті, танымалдығы да есепке алынбайды.

Ардақты Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) мұсылмандарды ұлтына бөліп- жармастан бәріне үмбет деген бір ғана түсінік аясында қарады. Маңайына тек араб ұлтынан ғана адам жинамады. Ұлты парсы Сәлман, Эфиопиялық Біләл, иудей ұлтынан Абдуллаһ ибн Сәлам және тағы басқа ұлттардан серіктері болды. Бұл исламда ұлтқа бөлінудің қабылданбайтындығын аңғартады. Дегенмен ұлт ретінде жаратылу о бастан Жаратушының таңдауы. Сондықтан әр ұлт өзінің салт-санасы мен дәстүр, ғұрпын сақтауы керек. Дәстүр мен мәдениет  ̶  ұлттың генетикалық коды. Сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық, өнеге тәжірибесін сіңіруде салт-дәстүрдің орны ерекше. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүрге бай ел  ̶  мәдениетінің де бай екенін аңғартады.

Бүгінгі күні әлемде ислам дінін ұстанатын ұлттар көп. Қазақстанда 25 шақты ұлт мұсылман сенімінде. Көп ұлтты елімізде ұлттар арасындағы ынтымақты жарастыруда ислам дінінің алар орны ерекше. Ислам наным-сеніміне, ұлтына, нәсіліне қарамастан достық пен татулықты, ықтымақтастықты, бейбітшілікті жоғары бағалайтын дін ретінде бүгінде көптеген ұлттардың бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз етіп келеді. Мұсылмандар «Бір жазықсыз жанды өлтіру бүкіл адамзатты қырғанмен тең» деген Құран аятын бойтұмар ете отырып, исламды лаңкестікпен, экстремизммен байланыстыратын барлық айыптауларды жоққа шығарады.

Қазақстан Ел бірлігі мерекесін бекерге сақтап қалған жоқ. Өйткені бір шаңырақ астында тұрып жатқан көп ұлттар, өзге дін өкілдері мен этностардың татулығы мен бірлігін жарастыру ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де, Мәңгілік елу болу мұраты да, тұрақтылық та осы ұлан байтақ даланың иесі болған қазақ халқының  өзін ұлт ретінде сақтап, рухани қайта түлеуі мен жаңғыру да елдегі өзге ұлт өкілдерімен ымыраластығымен, тату тіршілігімен тығыз байланысты. Сондықтан ислам сенімінің этностар арасындағы қарым-қатынастарда әрдайым бейбітшілікті ту етіп, өзара түсіністік мәдениетін жоғары қоюының мәні зор. 

 

05.11.2018

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры