Алматыда діни бірлестіктер өкілдері арасында шахматтан турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы, «ҚР лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы»ҚҚ және Алматы қалалық діни бірлестіктер клубының ұйымдастыруымен шахматтан турнир өтті. «Діни бірлестіктер клубының құрылғанына биыл 3 жыл толады. Осы уақыт аралығында клуб жұмысы өз бағасын алды. Конфессия басшылары бірігіп, дінаралық келісімді нығайту мақсатында түрлі іс-шаралар өткіздік. Еліміздегі барлық мерекені бірге атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Спорт жарыстарын жиі ұйымдастырамыз»,-дейді Алматы қалалық діни бірлестіктер клубының басшысы Кәкімжан Бишманов. Турнирге 40-тан астам адам қатысты. Үш сағатқа созылған жарыс тартысты өтті. Қазылар әділ бағасын беріп, жеңімпаздарды анықтады. Шахмат турнирінің қорытындысы бойынша 1-орынды ҚМДБ өкілі Байжан Нұрахмет, 2-орынды пресвитериан шіркеуінің өкілі Сергей Ким, 3-орынды ҚМДБ өкілі Құдырет Бекжанов иеленді. Жеңімпаздар 1,2,3 дәрежелі дипломдармен марапатталды.