Оңтүстік астанамызда діни экстремизмнің алдын алу жұмыстары барысы бойынша ҚазАқпарат тілшісінің сұрақтарына Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасы Мониторинг және талдау орталығының Түсіндіру және ұйымдастыру бөлімі басшысы Тұрсын Құдайқұлов жауап берді. - Тұрсын, әлем бойынша діни экстремизм өте қауіпті мәселе. Қазақстанның бұл бағытта өз діни саясаты бар. Мемлекеттік жүйенің бір бөлшегі ретінде халыққа діни мәселелердің ақ-қарасын ажыратып беру жұмыстарын жүргізіп отырсыздар. Қолға алынып отырған жұмыстардан қандай нәтиже бар? - Біздің орталық, оның ішінде біздің бөлімнің негізгі мақсаты – мемлекеттің дін туралы саясатын халыққа дұрыс жеткізу, сосын, экстремизм, терроризмнің алдын алу, халыққа түсіндіру. Адамдардың теріс діни ағымдарға кетуінің басты себебі, оны ажырата алмауында және олардың қолданатын тәсілдерін білмеуінде болып отыр. Қазақстанда экстремистік деп танылған 21 ұйым бар. Жақында «Таблиғи жамағаттың» ішіндегі тағы бір ұйым қосылып, 22-ге жетті. 2 аккульттік мистикалық ұйым бар. Осы ұйымдарға қатысты мәселелер айтылады. Біз Алматы қаласы аумағында жұмыс жүргіземіз. Барлық мекемелерді қамтуға тырысамыз. Базарларға да, құрылыс нысандарына да барамыз. - Жұмыс нәтижесі неден байқалады? - Сол іс-шара барысында адамдар қызығушылық танытып, дәріс оқушы маманның телефонын сұрап жатады. Осыған қарап, адамдардың қызығушылығы бар екенін білуге болады. Жұмыс нәтижесін осыдан-ақ байқаймыз. - Биыл қанша адамға насихат жұмыстары жүргізілді? - Ағымдағы жылы 100 мың адамды қамту жоспарланған, алғашқы жартыжылдықта 47 мың адам қамтылды. Қалған 53 мың адамды қамту жұмыс жоспары екінші жартыжылдықтың еншісінде. Бірінші алты айда, яғни шілденің 1-не дейінгі есеп бойынша 225 іс-шара өтті. - Қандай методикалық әдістемелерге сүйенесіздер, экстремистерді белгілерін анықтау бойынша арнайы әдеби материалдар бар ма, болса, кімдер әзірлеген? - Кейбір аудиторияларда арнайы «Әркім білуі керек» деген тақырыптағы жадынамалар таратылады. Бірақ барлығына емес. Дәріс оқушы мамандарымыз тек түсіндіріп қана қоймай, бейнематериалдар да көрсетеді. Мысалы, жат ағымдарға байланысты әртүрлі бейнематериалдар әзірленген. Заң бойынша да түсіндірме ақпараттар беріледі. Мәселен, телефонмен жұртты қорқытып-үркітетін лаңкестерге де қатысты қылмыстық жауапкершілік бар екені айтылады. Әлеуметтік желілер арқылы экстремизмді насихаттаудың қыр-сыры бар. Мысалы, жұма күндері жұрт бір-бірін құттықтап жатады. Құттықтау мәтінінде арабша сөздер болуы мүмкін. Ойында ештеңе жоқ, құттықтау жолдадым деп ойлайды, бірақ арабша мәтінде немесе видеоның фонында ойнап тұрған арабша әуенде экстремизмге шақыратын мәтін болуы мүмкін. Заңды білмеу ешкімді жазадан құтқармайды, сондықтан біз барлығын ескертуге міндеттіміз. Дұрыс ақпаратты қай жерден алу керек, дұрыс ақпаратты кім бере алады, соны халыққа жеткіземіз. - Кімге жолығу керек, дұрыс ақпаратты кімнен алу керек? - Қоғамдық даму басқармасында ақ-қарасы ажыратылған діни ағымдар туралы ақпараттар бар. Басқармадан бөлек, әр аудандық әкімдікте өкілдер бар. Діни сұрақтар болса, тікелей мешіт имамдарына хабарласу керек, христиан дініне қатысты сұрақтар болса, ресми шіркеуге барып сұрауы керек. Ол жердегі мамандар кез-келген уақытта сұрақтарға жауап бере алады, телефондар көрсетілген. Қандай уағызшыларды тыңдау керек, кімдерді тыңдамау керек барлығы да бар. Қазір ақпараттық технологияның дамыған уақыты лекцияларды адамдар интернеттен тыңдағысы келеді. Бұл да – адамды адасуға жетелейтін фактордың бірі. Интернеттегі видео түсірілімде сөйлеп тұрған диктордың сөйлеу мәнері, уағызы ұнауы мүмкін, оның теріс жат ағым өкілі екенін анықтау қиын, арнайы мамандарға жүгінген дұрыс. - Дәріс оқушы мамандардың барлығы теология саласының ғалымдары ма, дінтанушылар ма? - Біз барлық сала мамандарын қамтуға тырыстық. Дінтанушы, философия саласында сабақ беріп жүрген білікті мамандар бар. Заңгерлерді де шақырамыз. Психологиялық дәрістер де қажет болады. Жат ағымдармен жұмыс жасайтын құқық қорғау органдыры мамандарына кеңестер береміз. Саясаттанушылардың да кеңесі керек болады. Ұжым басшыларына шығып, қандай маманға, қай тілдегі маманға зәру екенін анықтап, соған қарай ұйымдастырамыз. - Аудиториямен жұмыс жүргізіп келесіздер, қандай әлеуметтік топ дінге әуес немесе діни кеңестерге зәру? - Ой тоқтатқан егде адамдарға қарағанда жастар жағына кеңес көбірек керек. Жастар өте әсершіл, еліктеп те кейде жат ағымдардың жетегінде кетеді. Уағызшылар да бірден бет пердесін ашып көрсетпейді. Жастар интернет арқылы шырмалып қалып жатады. Мысалы, Құрбан айт туралы ақпарат іздеп отырып-ақ, қауіпті сайттардан мәлімет алуы мүмкін. - Сұхбатыңызға рахмет.