Тіпті әлем елдері бүгінде қазақ елінің ДАИШ-тың қол астында болғандарға рахымшылықпен қарап, Абайдың тілімен айтқанда «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деп, арнайы «Жусан» операциясымен адасқан тағдырларды туған елмен табыстырған қадамына демін ішіне тартып, әліптің артын бағып отырғаны рас. Қақтығыс аймағына кеткендердің барлығы бірдей әсіре діншілдер ме? Осы ретте Оларға деген қоғамның ұстанымы қандай болуы қажет? деген заңды сауалдар туындайды. Осы орайда дінтанушы-журналист ретінде «Жусанмен» елге оралғандармен тілдесу барысында «тарихыңды құрметте, дәстүрлі жолдан адаспа» деген сөз көкейге оралды. Себебі Сириядағы соғысты аймаққа арнайы аттанғандармен бірге аңдамай адасқандар, тағдырдың сүрлеуімен тап болғандар да бар. Солардың біріне қысқаша шолу жасайын. Бір келіншек отбасымен Сирияда өткен 6 жыл – «тозақ», жарты ғұмырым босқа кеткендей деп көздеріне жас алды. Іргелі институтта есепші мамандығын меңгерген келіншекті күйеуінің теріс әдеттедерден (ішімдік, темекі, т.б.) алыстығы оның әрбір сөзіне илануға себеп болған. Себебі «Отбасымда әкем анамызды жиі сабайтын. Аптасына 2-3 рет айқай-шу, ұрыс-керіс болатын, кейін ақыры ата-анам ажырасты. Бірақ анам ешкімге тұрмысқа шықпады. Ал күйеуім ішпейтін, бала кезде көріп өскендей ұрыс-керіс болған жоқ» деп өзінің күйеуіне деген илануының негізгі себебін түсіндіргендей болды. Ал олардың Сирияға сергелдеңі «түнгі телефон қоңырауларынан» басталған. -Шырт ұйқыда жатқанда күйеуіме Дархан деген танысы шетелден телефон шалып бір нәрселерді айтады. Сол қоңыраудан кейін ұйқылы-ояу күйеуім өзінен-өзі дірілдеп, үрейленуді шығарды. Түн ортасында жиі шалынған телефонның жетегімен «Қазақстанда қала берсек, бала-шағамыз дінсіз болып, намазын да оқи алмай, хиджабын да кимей адасып кетеді деген қорқынышпен «Ислам мемлекетінің кереметін көру үшін 2-3 айға саяхаттап қайтуға» отбасымызбен бірге шықтық. Бірақ Түркияға барғанда ғана бағытымызды білдік. Бізге «Мекке Мәдинаға білім алуға бара жатырмыз»,- деп айтуды талап етіп, анамды өтірік алдауыма тура келді. Бірақ кейін телефон шалып кешірім сұрадым. Біз барған соң «жанашыр шақыртушының» арбауына түскенімізді түсініп, бармақ тістеп, барынша тыныш жүріп елге қайтудың жолын қарастырып-ақ бақтық. Қанша ойласақ та, жолын таппадық. Осы 2019 жылы қаңтар айында үлкен қызым бомбаның астында қалды,- деп көздері жасқы толған шерлі келіншек балаларының «бейшара» хәліне өзін кінәлай бастады. Сириядан оралған әйелдерге елімізде барлық жағдай жасалуда. Мамандар барынша жұмыс істеп жатыр. Ең бастысы олар туған еліне, туыстарына аман-есен оралды. Бауыр еті баласынан айырлғаны әрине өкіншті. Бірақ сол қайғы оларды жат діннің жетегінде жүргендерін көрсеті. Бір ғана әйелдің басыңдағы қасіреті басқа қыз-келіншектерге сабақ болуы тиіс.
Айша КЕҢЕСБАЙ дінтанушы-журналист