Управление по делам религий города Алматы

Сириядан оралған әйелдің әңгімесі

Елімізде халқымыздың діни сауатты болуы, қоғамда діни алауыздық болмауы өте маңызды болып тұрған жағдайда «Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Осы бағдарлама аясында Республикамызда ақпараттық-түсіндіру тобы мемлекетте діни экстремизмді болдырмауға және халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында халықпен жұмыс жасап жатыр.

Мен Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі ретінде, халықпен жұмыс жасау барысында байқағаным соңғы 2-3 жылда деструктивті діни ағымдардың жетегіне кеткен азаматтарымыздың саны азайған. Алайда, қақтығыс аймағынан оралған жерлестерімізбен оңалту жұмысын міндетті түрде жүргізу қажет. Олар ол жақта сұмдық көріністердің куәсі болды. Бұл кез келген адамның психологиясына әсер ететіні анық. Әсіресе, қыз-келіншектер мамандардың көмегіне зәру. Сириядан қайтып келген әйелдердің тағдыры әртүрлі. Алматылық 24 жастағы дүнген қызы 2-3 жасында ата-анасы ажырасып, ол анасының тәрбиесінде өскен, өте білімді. Анасы еуропалық мұсылман азаматына тұрмысқа шығып, ол жоғары сыныпты Еуропаның дамыған елдеріндегі колледждерде жалғастыруына тура келген. Бірнеше тіл меңгеріп те үлгереді. Алайда еуропалық өмір салтынан ол қоғамға етене араласа алмай, ғаламторға жиі телмірген. Жастар жиі отыратын әлеуметтік желілерден бір діни топқа кіріп, аят-хадистер оқып, сол топта дағыстандық шешен жігітімен танысып, жақын сөйлесе бастайды. Жергілікті мешітке барып, намаз үйреніп, хиджап киіп, бас-аяғы 2 айда «виртуалды ғашығы» оған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Жылы сөзді үйіп-төккен шешен жігітіне ес-түссіз ғашық болған талдырмаш келген дүнген қыз ешкімге айтпастан ұшаққа билет алып, Сириядан бірақ шығады. Некелесіп, «бақытты» отбасылық ғұмыр сүре бастаған ол Шам өлкесіндегі жойқын соғысқа, еш нәрсеге аса мән де бермеген. Ол күйеуінің жанында болғанын қалағаны сонша, «ғашығының» кезекті жарылыста аяғынан айрылғанына қуанғанын жасырмады. «Қанша рет «елге оралайық» десем де, ол жай фантастикалық әңгіме болып қала берді. Себебі күйеуім Ресей азаматы болғандықтан, оның алдында не күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты еді. Сондықтан халифат берген азын-аулақ ақшамен күн көре бердік» деген ол, осы жыл басында кезекті жарылыс кезінде көз жұмған күйеуін есіне алып егіле берді. «Қазақстан азаматтарын алып кетеді» дегенді естігенде үш баламды жетектеп, ойланбастан алға ұмтылдым» дейді ол көз жасын сүртіп. Егер сол 5 жыл бұрынғы ғұмырыңызды қайта сүруге мүмкіндік болса, сіз Сирияға барар ма едіңіз? - деген сауалыма дүнген қызы тосылып, жауап бере алмай қалды. Себебі ол 5 жыл отасқан ресейлік шешен азаматының адамгершілігін жиі ауызға алып, бірақ оның діни сауатсыздықтан арандап қалғанын айта берді. Жалпы, бүгінде еліміздегі діни ахуал тұрақты екенін және азаматтардың діни саладағы құқықтарын іске асыруы үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлардың жасалып жатқанын айтуымыз керек. Бүгін бізге ата дінімізді, ұлттық қасиетімізді, әдет-ғұрыпымыз бен салт-дәстүрімізді қайта түлетіп, бәрін толық қалпына келтіруге тамаша мүмкіндік беріліп отыр. Қазақстанның өмірінде діннің алатын орны мен рөлі маңызды әрі ерекше.

Айша Кеңесбай, дінтанушы-журналист



24.09.2019

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры