Бүгін Алматыдағы «Ақсай нан» ЖШС қызметкерлері мен жұмысшылары арасында «діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолындағы» ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шараны Алматы байланыс және энергетика университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, Алматы қаласының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Зарема Абдуллина жүргізді. Сарапшы маман жиналған ұжымға террористік қауіптің алдын алу, отбасылық қатынасты түзеу туралы айтып берді. Зарема Абдуллина террористердің тұзағына көбінесе кімдер түсіп қалатынын атады. Террористік ұйымдар өз жағына адамдарды қалай тартады? «Бүгінде ең қауіптенетін тенденциялардың бірі – жастардың арасында діншілдердің көп болуы. Әсіресе жасөспірімдер жат ағымға жеңіл ілеседі. Жасөспірімдер кейде отбасында ата-анасымен түсінікке келе алмаған балалар осыған ұшырайды. Мұндай жастардың қатары статистикалық деректерге қарағанда, Атырау, ОҚО, Қызылорда облыстарында көп орын алуда. 2014 жылы Бас прокуратура қазақстандық террористің жалпылама портретін жасады. Оған сәйкес ең алдымен ол адам 28 жасқа дейінгі жұмыссыз, орта білімді, арнайы діни білімі жоқ, үйленген, бірнеше баласы болуы мүмкін»- деді спикер. Неге бірнеше баласы болуы мүмкін? «Себебі бұл кісілер көп жағдайда жоғары жалақыға үміттене алмайды. Материалдық қиындықтар болуы ықтимал. Сол кезде қолдайтын адамдар табылады. Адамдар осылайша тұзаққа түседі. Болмаса толық емес отбасылар. Баласы немесе ата-анасының біреуі жалғыздықтың зардабын тартып жүрген болса, ол да тартуға ықпал ететін фактор. Сондықтан, балаларыңызбен жиі сөйлесіңіздер. Әйтпесе, олар сыртқа ашылуы мүкін. Сондай-ақ, бұрын алкоголь ішкен, есірткі пайдаланған, қылмыскерлер де осы ортаға тартуға тұратын контингент болып саналады», - деді профессор Абдуллина. Оның айтуынша, тіпті кейде адамның білімі де кедергі бола алмайды. Мәскеуде философия факультетінің үздік түлегі Караулова сириялық лаңкеске ғашық болып, соңынан еріп кеткен. «Демек, ол жалғыз болған. Жүрегі жалғызсырап жүрген», - деді профессор. Сарапшы маман террористердің ықпалына қалай түсіп кетпеудің, олардан қалай қорғанудың амалдарын да жеткізді. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолындағы ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, профессор Зарема Абдуллина жеке бастың проблемасын айтып, әлеуметтік желіде сыр ақтармауға кеңес береді. Арам пиғылды адамдар сіздің осал тұстарыңызды дөп басуы мүмкін. «Егер сіздің парақшаңызда кенеттен біреулер лайк басып, комменттер қалдыратын болса, аса қатты назар аудара бастаса, сізге себепсіз достық ұсынса, абай болыңыз. Басында ол адам сіздің әр айтқан аргументіңізді қолдайды. Сосын әңгіменің төркінін «сізді ешкім түсінбейді, қолдамайды» дегенге аударып, сендіреді. Одан кейін «сізді тек біз жақсы көреміз, бағалаймыз, басқа ешкім емес» деген көзқарасқа әкеледі», - деді ол. Айта кету керек, бұл түсіндіру шарасы Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік мекемесінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Басқарма 2019 жылы жалпы алғанда түрлі еңбек ұжымдарының арасында, оқу орындарында, мектептерде 600-ге жуық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап қойған. Мұндай жұмыстар халық арасында террористік қауіптің алдын алу, адамдардың экстремистік пиғылдағы жат ағымдарға еруіне тосқауыл қою үшін әрі олардың сауатын арттыру үшін ұйымдастырылады.