ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Youtube арнасында жарияланған «Шырмаудағы гүлдер» деректі фильмінде ДАИШ мүшелеріне алданып қалған алматылық әйелдің өмірі баян етіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматылық Еркежан Ермекбайқызы 2016 жылы екі жасар баласын жетектеп, Түркия арқылы, Сирияға ұшып кеткен. Ол ДАИШ құрамында Идлиб қаласында болған.
«ДАИШ адамдарының бірі маған әлеуметтік желі арқылы шығып, шынайы мұсылман екеніне сендірді. Құраннан, шариғаттан хабары бар екенін айтып, өзін таныстырады. Сол таныстық әрі қарай жалғасып, олар маған «Сіз қандай ақида ұстанасыз?» деп сұрады. Содан кейін мұсылман міндетін атқаруым керектігін айтып, «діни біліміңіз бар ма?» деп сұрады. Ең алдымен отбасылық қарым-қатынасымды білгісі келді», - дейді ол.
Қазақстаннан барған әйелдің айтуынша, ДАИШ мүшелері ақыры оны Сирияға келуге көндірген.
«ДАИШ мүшелері діни білімімнің жоқтығын пайдаланып, тез алданып қалатынымды байқаған болуы керек. Ол жаққа барсам, кәдімгі үлкен соғыс жүріп жатыр екен. Ислам дінінде адамды өлтірмейді, мұсылман адамдар бір-біріне көмектесуі керек. Соғыстың ошағына, ортасына қалай барғаныма сене алмай қалдым. Біріншіден, олар жер-жерден мұсылмандарды әлеуметтік желі арқылы жинап алады. Басты қаруы – мұсылманның атын жамылуында. Оларды біз жиһадқа дайындаймыз деп үгіттейді. Мен сияқты қарапайым мұсылмандар оларды көрмей-ақ сеніп қалады. Сирияға келген кезде қайда келгенін білмей қалады», - дейді ол.
26 жастағы әйел Сириядағы жағдай тым ауыр екенін, адамдар тамақ пен киім таппай, аш-жалаңаш далада қалып жатқанын айтады.
«Баламмен барғанда суық үйде тұрдым. Төрт қабырға ғана. Баламды немен асыраймын деп уайым жедім. Қатты өкінемін. Түсінген жоқпын. Өзімнің қалай құрсауға түсіп қалғанымды байқамай қалдым. Бәрі кеш болды. Артқа қайтатын жол жоқ деп ойладым. Мен өлімнен қатты қорықтым. Қандай ана болсын, баласын ойлайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мен сияқты адасып, алданып қалған азаматтарды елге қайтарғаны үшін рахмет айтамын. Мен Қазақстан Республикасының халқынан кешірім сұраймын. Қылмысымды мойындаймын. Адасып, алданғанымды түсіндім», - дейді ол.