Управление по делам религий города Алматы

ДАИШ идеологтары дінді ұлттық мүддеден жоғары қояды

Бүгінде дінтану ғылымына қызығушылық артып келеді. Себебі әлемнің барлық саласында экономикалық, саяси, әскери салада діннің атын жамылу артып барады.

Бұл ғасыр проблемасы десе болады. Өркениетті қоғам бұл мәселенің шешімін қалай табады? Мұның артында кімдердің мүддесі тұр?

Осы мәселеге келгенде дінтанушылардың өзі бірнеше жікке бөлінді. Біреуі әскери күшпен басу керек десе, екіншісі олармен келісімге келу маңызды дейді.

ҚР ҰҒА ҒК философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, PHD докторы Алмасбек Шағырбай осы тақырыпқа өз пікірін білдірді.

«Олармен сөйлесуге болады, бірақ келісімге келу мүмкін емес. Олардың мақсаты бір. Адамдарды «жарқын болашаққа» сендіріп, ислам мемлекеті үшін күресті бастау. Бірақ, көптеген исламтанушы мамандар Ислам мемлекеті деген терминді онша жақтыра қоймайды. Себебі, бұл бүкіл ислам әлеміне көлеңке түсіретіні рас. Сондықтан, мен Еуропада қабылданған ортақ термин - ДАИШ деп қолданамын. Олардың басты мақсаты - Алланың жолында өз көзқарасына сәйкеспегендерді ату, қыру. Сол арқылы бүкіл қоғамға қорқыныш пен үрей туғызу. Қазақ боп туған әр бала Алдар көсе мен Қожанасыр туралы ертегіні естіп өсті. Абай, Мұқағали, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты классиктерінің туындыларын санасына сіңіріп өсті. Бұл біздің ұлттық бірегейлігімізді білдіреді. Ал Таяу шығыста барлық діліңнен – қымбат рухани тамырыңнан бас тартуға тура келеді. Туған тіліңнен, тарихыңнан, ұлттық кодыңнан баст тартасың. ДАИШ идеологтары «дін ұлттық идентификациядан да жоғары» деп санайды. Өкініше қарай, бұл сөзге сенетіндердің қатары көп. Бұл соқыр идеяға сенген адамдар өздерінің әрекетіне сыни көзқараспен қарай алмайды», - деді Алмасбек Шағырбай.

Бүгінгі агрессия мен зұлымдық жиі кездесетін қоғамда адам жүрегінің кілтін табу – психологтардың ғана міндеті емес. Кез келген адам басқаларды адасудан құтқарып қалуы мүмкін. Оны өзі білмеуі де ықтимал.

«Бүгінгінің дерті – немқұрайдылық. Әлемде қазір агрессия мен зұлымдық көп. Адам мойнына түскен ауыр жүкпен өзі жеке дара қалмауы керек. Біз сияқты жас ғалымдардың алдында үлкен жауапкершілік, міндет тұр. Біз – Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасының жанынан құрылған ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі ретінде үнемі жастармен, еңбек ұжымдарымен осы тақырыпта талқылап тұрамыз», - деді маман.

Ғалымдардың көпшілігінің айтуынша, діни таным-білімді кеңейтудің өзектілігі дәл қазір бірнеше есе артып отыр.

Қоғам ғылыми тұрғыдан ағымдардың бәрін білуі керек. Қандай болмасын жұқпалы ауру тараса, халық дереу ақпарат іздеуге тырысады. Мысалы, шошқа тұмауы таралған кезде ауруды жұқтырмауды түрлі парақшалары таратылады. Әуежайларда тепловизор құралдары орнатылады. Тура сол сияқты діни радикализмнің алдын алу үшін ақпараттық жұмыс жүргізу керек. Қоғамды отарлап жатқан діни ағымдар, радикалдар туралы ақпарат болуы керек. Олардың саяси, діни мақсатын көрсету маңызды.

«Дінтану – қазіргі таңда үлкен қажеттілік туып отырған сала. Біздің институттың 2012 жылы Философия, саясаттану, дінтану институты болып өзгеруінің өзі соған айқын дәлел. Дәл бүгінгі таңда осы саланы түпкілікті зерттейтін уақыт туындап отыр. Дәстүрлі діндердің ғасырлар бойы сақтаған жолын бұзбау керек. Сенімсіз ақиқат жоқ. Ақиқатсыз да шынайы сенім жоқ. Жас ғалымдарға осы жұмыстың бәрі үлкен міндет артады», - деді Алмасбек Шағырбай.

07.11.2019

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры