Саясаттанушы Расул Жұмалы экстремистік діни ағымдардың гүлдеуіне ықпал ететін алғышарттарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дін – адамның жүрегінің түбінен орын алатын ілім. Әр адам дінді өзінше түсінеді, өзінше қабылдайды. Адам қай дінді қабылдайды, қалай табынады, ол – өз еркі. Бұл біздің Ата заңымызда кепілдендірілген. Кез-келген адамның сенім бостандығы бар.
Қазақстанда болсын, әлемде болсын адамға, қоғамның тұтастығына қауіп төндірмейтін діни ағымдар көп. Олардың барлығын бірдей қарастыруға болмайды. Ағымдардың ішінде ішінара тұйықталған, өз түсінігі бар ағым болуы мүмкін. Олар саяси ұран көтермейді, мемлекет ісіне араласпайды. Олардан айтарлықтай қауіп жоқ.
Қай кезден бастап діни ағымдар қоғамға, қоғамға, заңға қайшы келе бастайды. Менменшілдікке салынып «тек менікі дұрыс, басқаныкі бұрыс» деген көзқарасқа келгенде, айдап салу, арандату, Конституцияны мойындамай, күш қолдану қысым көрсету белгілері байқалғанда қауіп басталады.
Саясаттанушы Расул Жұмалы экстремистік діни ағымдардың гүлдеуіне ықпал ететін алғышарттарын айтты.
«Сөз уахабшылар жайында болса олар заңды мойындамайды. Бізден басқаның барлығы кәпір деп санайды. Бұл ағымдар әлбетте қауіп төндіреді. Олармен арнайы құзырлы органдар айналысуы керек. Бұл ағымдар руханияты тапшы, орталық идеологиясы қауқарсыз түрлі дағдарысқа ұшыраған елдерде гүлденеді. Неліктен бұл ағымдар артына соншама жастарды іліп алып кетіп жатыр? Неге олар ереді? Ең алдымен осы сұраққа жауап іздеуіміз керек. Жастар еріккеннен келмейді. Оның мың түрлі себебі болады. Өмірдегі түрлі қиыншылықтарға ұшыраған, зайырлы қоғамда әділдік таппаған, қарызға батқан, мемлекет тарапынан қолдау таппаған, Ханафи мәзһабының имамдарынан қамқорлық таппаған жастардың арасынан шығып жатыр. Экстремизм немесе радикализмді Норвегияға апарып таратып көріңіз, түк шықпайды. Өйткені, халық сауатты, бақуатты, діни түсінігі бар», - деді Расул Жұмалы.
Сарапшының айтуынша, бұл тығырықтан шығу үшін алдымен салдарымен емес, себебімен күресу абзал.
Репрессиялық тәсілмен мәселені шешу мүмкін емес.
«Қысыммен, жауапқа тартумен ештеме шешілмейді. Мұның барлығы - репрсессиялық амалдар. Ол үшін ашық пікірлер майданында Ханафи мәзһабының молдалары бәсекеге қабілетті болуы керек. Жастарға тәлім тәрбие беру, сауатын ашу арқылы бұл мәселені шешуге болады. Әлеуметтік-экономикалық ахуалын да ескеру керек. Ханафи мәзһабының философиялары, құндылықтары, бүкіл мұсылман әлеміне қосқан үлесі ұшан теңіз. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Абай мен Шәкәрім осы тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттай алмаған соң кесірін көріп отырмыз», - деді ол.