Управление по делам религий города Алматы

Дінтану білімінің өзектілігі зор

Дін қоғамдық сананың формасы ретінде қоғам мен адам өмірінде, халықтың мәдениеті мен дәстүрінде елеулі рөл атқарады. Дін – бұл өркениетті адамзат тарихында көне дәуірден орын алған рухани құбылыс. Діни мәдениет пен діни құндылықтар – дәстүрлі діни жүйелердің адамзат баласының рухани жан дүниесін жетілдіруге және адамға өмірлік мәндік мәселелерді шешуді ұсынатын тұғыр.

Діндерді, олардың тарихын, қызметтерін білу дегеніңіз – адамзат тарихымен танысу деген сөз. Осы орайда дінді зерттеудің маңыздылығымен қоса, зерттеушіге туындайтын қиындықтарды да есте ұстаған жөн. Сонымен бірге діннің не екенін танып, оның мағынасын ұғыну әрбір саналы адам үшін керек мәдени құбылыс. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің азаматтары үшін бұл қажеттіліктің өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Елімізде жүзден астам этнос пен діни бірлестіктер бар. Ислам мен православие діндеріне сенетін халық саны тоқсан пайызды құрағанымен, қазіргі заманда елімізге өзге діндер ықпалы айтарлықтай. Осы тұрғыда жоғары оқу орындарында 1990 жылдары «Дінтану» мамандығы ашылып, кеңінен дәрістер беріле бастауы құптарлық жайт ретінде қабылданды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Дінтану» мамандығына биыл 20 жыл толып отыр. Бұған дейін «Дінтанушы» мамандығына грант аз бөлінетін. Мемлекет тәуелсіздік алғалы бері бұл мәселеге бет бұрып, кәсіби деңгейдегі дінтану мамандары дайындала бастады. Біз ең алдымен, дінтанушы мамандарымыз сұраныста болған өзекті мәселелерге дер кезінде жауап берсе дейміз. Мемлекет діни білімді тереңдету жолында бұдан басқа да тетіктерді қолына нықтап алып отыр. Өздеріңіз білесіздер, 2008-2009 жылдан бастап мектептерде «дінтану негіздері» деген факультативті сабақ енгізілді. Бұл сабақ бойынша алғашқы діндер туралы мектеп оқушыларына білім берілді. Бұл болашақта жастар жоғары оқу орнына түскенде білімін тереңдетіп, практикалық жағынан ой салып, бейімдесе деген ойдан туындаған болатын. Жастар үшін сырттан келген дүниенің бәрі таңсық. Дінтану білімінің барлық мақсаты осы бағытта болмақ. Ең алғашқы кездері «Дінтану негіздері» пәнін қандай мамандар оқытуы керек деген сұрақ туғаны жасырын емес. Педагогтардың ішінде ол кезде дінтанушы маман болған жоқ. Сол кезде мемлекеттік саясаттың арқасында «Тарихшы» және «Дінтанушы» деген мамандық ашылып грант бөліне бастады. Бұл, менің ойымша, дұрыс шешім болды. Себебі, бұл миссия ел тарихы туралы мемлекеттік идеологияны алып жүретін, жауапкершілігі мол маманға - тарихшыға жүктелгені болды. Одан бөлек, жергілікті жерлерде қоғамдық даму басқармалары арнайы мониторинг жасап отырады. Одан бөлек, республикалық деңгейдегі орталықтар бар. Осы орайда, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының жұмысын атап өткім келеді. 2017 жылы жақсы жоба болды. Зайырлылық және дінтану пәнін беретін оқытушылардың білім деңгейін, жалпы осы пәннің тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін мониторинг жасалды. Мониторинг барысында Алматы қаласындағы бүкіл мектептерде дінтанушы мұғалімдерінің толық біліктілігін бағалауға өз үлесімізді қостық. Міне, осындай кешенді жұмыстардың атқарылғанының арқасында елімізде діни ахуалдың да бірқалыпты болғаны рас. Жалпы діни деструктивизмнің шығуының түп-тамыры арыда жатыр. Діни деструктивизмді Фром көзқарасына қарай талдасақ, ең бастысы, адамның өмірден күткен нәрсесінің орындалмауынан, үмітінің ақталмауынан, түңілуден пайда болады. Адам өзіне өте жоғары деңгейдегі сұраныстар қоюы мүмкін. Ол орындалмаған жағдайда күйзеліске ұшырайды. Діни деструктивизмнің әлеуметтік, экономикалық, психологиялық жағы бар. Қазір жастарға не керек? Олар өмір жолының әр сатысында орнын табуы керек. Өз орнын таба алмаған жағдайда маргиналды топтар ретінде жатсына бастайды. Кез келген адамның рухани сұранысы болады. Адам табиғатынан ізденіпмаз келеді. Менің ойымша, ең басты себебі әр қоғамдық институттың өз функциясын дұрыс атқармай қалуында болып отыр. Мәселен, отбасында тәрбиеде кеткен ағаттық. Отбасынан қолдау таппаған, жылу көрмеген жастар жиі деструктивті ағымның соңынан ереді. Кейде олардың тарихын дұрыс білмеуінен болуы да мүмкін. Олар қазақтың мәдениетін, тарихын сүймеуі мүмкін. Қазіргі жастар корей фильмдерін тамашалайды, вайнерлердің айтқанына көбірек еліктейді. Біздің ауыз әдебиетіміз де, мәдениетіміз де өте бай. Кішкентай кезінен оқушылар ертегі тыңдап, батырлар жырын жаттап өссе бұлай болмас па еді. Өз мәдениетінің басқадан жоғары екені көретін болса ешбір адам еш жаққа кетпейді. Бұл барлығымызға айтылып отырған сын, жаһандық үндеу десек те болады. Сонда ғана жастар діни білімді сырттан іздемейтін болады. Мысалы, көптеген проблема сол діни білімінің басқа елдерден, Сауд Арабиясы, Катар елдерінен, Мысырдан оқып келуінен шығып отыр. «ҚР Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы заң» 2011 жылы қабылданған болатын. Қазір бұл заңға тағы өзгешеліктер енгізіліп жатыр. Олардың арасында мынадай ұсыныстар бар. Жастар шетелде діни білімді тек келісілген мекемелерден ғана алуы тиіс. Екі елдің оқу орындары арасында келісім-шарт болуы керек. Мемлекет тарапынан тексерілген, бекітілген келісім шарты бар оқу орнына барса ғана дұрыс білім алып келетіні анық. Бізге ең бастысы бірігетін фактор мемлекеттік мүдде, тәуелсіздігіміз, үлкен территориямыз және тіліміз, қазақ деген ұлтымыз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева


Дереккөз https://www.inform.kz/kz/dintanu-biliminin-ozektiligi-zor_a3585305

14.11.2019

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры