Управление по делам религий города Алматы

Қазақстанның діни толеранттық моделі – әлемге үлгі

Қазақстан қоғамында қалыптасқан бүгінгі жағдай әлеуметтік, рухани құндылықтардың басын қосып, бір игі мақсаттың, елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мүдденің кәдесіне жарату қажеттілігін алға тартып отыр.


Шарасынан шыққан жаһандық дүрбелеңдердің салқыны тәуелсіз Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік келбетін шарпып тұрғаны жасырын емес. Оның негізгі ағысы дінаралық қақтығыстар, лаңкестік және экстремистік пиғылдағы арнайы топтардың қимыл-әрекетінен байқалып отыр. Осы орайда, бөгде пиғылды, жат пікірлі субьективтік күштердің елдің қауіпсіздігі мен бейбітшілігіне нұқсан келтіруге бағытталған шараларына тойтарыс беріп, әлемдік тыныштықты тұрақтандыруға арналған іргелі жобаларды жүзеге асыру кезек күттірмес мәселеге айналды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақ топырағындағы ынтымақтастық пен татулық қағидаларының әлеуетіне аса үлкен маңыз бере отырып, толеранттылықтың қазақстандық үлгісін жария еткені де XXI ғасырдың бергі кенерінде жүзеге асты. Осы аталған ұғымдар төңірегіне шоғырланатын құндылықтардың болашақта Қазақстанды дүние жүзіне бірегей бейбітшілік отанына айналдырудағы ролі үлкен болмақ. Бұл ұстанымдардың ішінде, әсіресе, толеранттық тұғырнамасының орны айрықша. Себебі бағзы дәуірден бастап, дін адамдардың сенім, моральдық құндылықтар бастауы ретінде тұрмыс-тіршілігі, рухани және заттық мәдениетіне өшпестей ізін қалдырды. Адамға материалдық игіліктер, тұрмыс қажеттіліктері қандай қажет болса, сенім де соншалықты қымбат. Әлем халқы бірнеше ғасыр бойы зардабын тартқан діни төзімсіздік факторларының Қазақстанның тәуелсіздігіне де тигізетін зардабы мол. Қазақ халқының мұсылмандығы жоғарыдағы себептермен исламның сыртқы құлшылық формалары мен амалдарына байланып қалмай, діннің ішкі маңызын терең игерген, бейбіт һәм демократияшыл мұсылмандық болды. Соның арқасында қазақтың қонақжай мінезі, адамзатты жатырқамайтын ашық-жарқындығы қалыптасты. Қожа Ахмет Ясауи құдайды танудың және оған жетудің құлшылық үлгісімен қатар, адамдардың өз нәпсісімен күресе отырып, жоғары тазалық арқылы бару жолдарын да көрсетті. Сондықтан ислам көшпелі тұрмыс кешетін қазақтың өмір салтына айнала білді. Қазіргі қоғамда да діни төзімділік қағидаттарының қоғамда кең таралуы үшін кешенді зерттеулер мен жалпыхалықтық қолдау қажет. Қазақстан тәуелсіздік алғалы құқықтық, зайырлы мемлекет ретінде демократиялық құндылықтарды барынша дамытып келеді. Осы бір сын сағатта, тәуелсіздігіміздің туы желбіреп азат елге айналған шағымызда, тарихи сүрлеу негізінде және жалпыадамзаттық құндылықтар қорымен саяси модельді барынша дамытып, халқымыздың арасында төзімділікке бастайтын рухани ағартушылық, құқықтық сауаттылық пен азаматтық қоғам сұраныстарына сай мәдени өлшемдерді дамыту – өте өзекті міндет. Осы бағытта Елбасымыз маңызды бастамаларды тек еліміздің шеңберінде ғана емес, әлемдік деңгейде көтеріп келеді. Сонымен қатар, әлемдік қауымдастықтар мен мемлекеттер Қазақстанның бірлікке, татулыққа негізделген мемлекеттік моделін, саяси бағдарын оң бағалауда. Мәселен, Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезі, Қазақстан халқы ассамблеясы, ЕҚЫҰ-на төрағалық етуімен, Ислам конференциясы ұйымының жетекшілігін қолға алуы және осы жұмыстар барысында діни экстремизм, терроризм, исламофобия, есірткі саудасы, адам құқығы, ядролық қарусыздану, діндер мен мәдениеттер арасындағы диалог секілді ғаламдық мәні бар проблемаларды талқыға салуы мен олардың шешімінің табылуына ұсыныстар айта білуі дер едік. Қазақстан қашанда толеранттық қағидаттарын ұстануға ұмтылған. Мысал ретінде алғаш рет 2003 жылдан бері Тұңғыш Президенттің бастамасымен өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін атап көрсеткен жөн. Қазақстан халқының тарихи тәжірибесіне, сандаған ғасырлар бойы бейбіт қатар өмір сүру тәжірибесіне қайырылудан артық ақылды шешім бола қоймас. Діни білім беру мәселесін жолға қоюды біз ханафи бағытындағы Ислам жолымен, Ясауи бабамыздың хәл ілімімен астастырғанда ғана қоғамдық тұрақты дамуды қамтамасыз ете аламыз. Мәдени тұтастық пен діндер аралық келісім қазақ топырағында жерсінген дәстүрлі құндылықтар негізінде өріліп, құқықтық, саяси тұрғыдан мемлекет қолдауына ие болғанда ғана «толеранттылық» мәселесі феноменологиялық ақиқатқа айналары сөзсіз.

Даурен Дариябек, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, Phd докторы


Дереккөз https://www.inform.kz/kz/kazakstannyn-dini-toleranttyk-modeli-alemge-ulgi_a3584761

13.11.2019

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры