Управление по делам религий города Алматы

Діни радикализмнің емі – құқықтық сауаттылық

Соңғы уақыттағы зерттеулер бойынша әлемдегі діни ахуал күрделі сипатқа ие болып отыр. Бұл үдеріс Қазақстанға жанама түрде әсер етіп жатқаны ақиқат.

Атап айтқанда, әлемдегі экстремистік және террористік қозғалыстардың күшеюі мен Қазақстан қоғамы үшін дәстүрлі емес, тарихи тамыры жоқ түрлі бағыттағы, дін атын жамылған ағымдардың насихаты салдарынан дінге сенуші жекелеген азаматтар радикалистер қатарына қосылып кету ықтималы бар. Бұл үрдістің жастар арасында белең алуы өте қауіпті болып отыр. Діни радикалдық көзқарастың пайда болуының басты екі себебі бар. Біріншісі, діни сананың қалыптасып үлгермеуі деп айта аламыз. Екіншісі, Орталық Азия аумағына сырттан енген діни радикализм идеологиялары радикалды көзқарастың пайда болуына әкеп соқты. Діни радикалды көзқарасты жақтаушылар әу бастан өздерінің агрессияшыл іс-әрекеттерімен көзге түседі. Алдымен олар дінге сенуші басқа азаматтардан ұлттық салт-дәстүрге сай келмейтін киім кию үлгісі, жүріс-тұрысы сияқты сыртқы келбетінің өзгешелігімен ерекшеленеді. Радикалданған адам дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтарды, қалыптасқан жергілікті діни тәжірибені жоққа шығарып, мойындамайды. Оның бәрін «дінге жаңашылдық енгізу» деп қабылдайды. Соның салдарынан радикалданған азаматтар қоғамдағы әлеуметтік-рухани, экономикалық-саяси өмірден баз кешіп, жат идеологияның қолшоқпарына айналып жатады. Олардың мұндай әрекеттері дәстүрлі дінді ұстанушы азаматтарға кері әсерін тигізетіні түсінікті. Осыған орай, азаматтардың радикалдануына жетелейтін факторларды анықтап, олардың алдын алу жолдарын қарастыру қажеттілігі туындап отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Елбасымен бірге – жаңа жетістіктерге!» атты 2015 жылы өткен жастар форумында радикализм қауіптері мен оның зардаптары туралы сөзінде: «Радикализм тіршіліктің бірде-бір саласында пайда әкелмейді. Ол тек прогресті тежейді, кері итереді», – деп атап өтті. Соңғы кездері әлемде орын алған түрлi терактiлердi сараптап қарасақ, олардың дайындығы мен iске асырылу деңгейi, идеологиялық және психологиялық негiздемелерi артында діни радикализм мәселесі тұрғандығын байқаймыз. Сондықтан, қазiргi таңда діни радикализмнің қауiп-қатері мемлекетті, қоғамды және әрбір азаматты алаңдатпай қоймайды. Діни радикализмге шалдығатындар – қоғамнан өз орнын таппаған, әлеуметтік ортадан шеттелген адамдар. Дінге сенушілердің радикалдануына ықпал етуші күштердің негізгісі – діни радикалды идеологияны насихаттайтындар. Діни радикалды уағыздардың ықпалына тез ілінетіндердің қатарында қылмыс әлемінің өкілдері де бар. Өйткені радикалды уағызшылар мемлекет билігі мен жүйесіне сын тағып, оған балама ретінде «әлеуметтік әділдік орнаған қоғам» жайлы уағыз жүргізеді. Ал қылмыстық әлем өкілдері, әсіресе темір торға қамалғандар мұндай тақырыпқа көбірек қызығатыны белгілі. Сондай тығырықтан шығар жол іздеген жекелеген жастар өзін толғандырған мәселенің шешімін діннен табамын деп жүріп, дін атын жамылған радикалды ағымдардың жетегіне еріп кеткенін байқамай қалады. Мұның себебі жастар айналасындағыларға еліктегіш келеді, белгілі бір топтың мүшесі не көшбасшысы болуға талпынады. Олардың мұндай әрекеттері соқыр сенімге негізделген діншілдікке, яғни фанатизмге әкеліп соғады. Ал соқыр сенім дінге сенушіні радикалдануға жетелейтінін теолог және психолог мамандар айтуда. Өйткені, ондай адам өзінің діни ұстанымын ғана шынайы дін ақиқат деп танып, қалғандарын бәрін адасуда деп ойлайды. Соған орай, оның бойында өзге діндерге және дінге сенушілерге деген төзімсіз көзқарас пайда болады. Елбасымыз дәстүрлі дін туралы айта келе, бүгінде біздің халқымыз үшін радикализм сынды мәселенің және жалған діни ағымдардың қоғамымызда кері ықпал ететініне назар аударды. Ол өз сөзінде «Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» екендігін айтты. Осыған орай, қазіргі кезде Қазақстан жастары арасында әртүрлі ақпараттық шаралар өткізу қолға алынып келеді. Діни радикализм қауіпі туралы түсіндіріп, таза діннен алдамыш бағыттарды айыра білуге, жастардың дін туралы сауаттылықтарын жоғарлатуға бағытталған жастарға арналған әртүрлі іс-шаралар іске асырылуда. Діни радикализм қоғам арасында қазақ халқының дүниетанымына жат идеологияны таратып, алауыздық тудырса, оларды топ-топқа бөліп, қоғамның берекесін қашырса, еліміздің ішкі діни ахуалының тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне үлкен қатер төнуі мүмкін. Халық арасында «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» деген сөз бар. Діни радикализмнің емі – діни және зайырлы құқықтық сауаттылық. Осыған орай, дерадикализациялау іс-шарасы қазіргі азаматтық қоғамда өзекті тақырыпқа айналып отыр. Айтылған мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табу үшін мемлекет пен азаматтар дәстүрлі рухани құндылықтарды, төл мәдениетті, салт-дәстүрді, ұлттық дүниетанымды жаңғырта отырып, радикализмнің кез келген түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құру – уақыт талабы. Қоғамның қозғаушы күштерінің бірі болып есептелетін діннің адам мен адам, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынаста өзіндік орны бар. Жақсы қасиетімізді ұштап, ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімге, мемлекеттің тұтастығына кері әсер ететін, елдігіміздің шырқын бұзатын діни радикализм сияқты қасіреттен сақ болу – әрбір азаматтың абыройлы борышы.

Берікбол Жанақов, ҚР МСМ ДІК ҒЗТО Исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әлжан ана» мешітінің наиб имамы


Дереккөз https://www.inform.kz/kz/dini-radikalizmnin-emi-kukyktyk-sauattylyk_a3584758

13.11.2019

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры