Управление по делам религий города Алматы

Телефондағы артық ақпарат үшін түрмеге тоғытылғандар бар - дінтанушы

Бүгінгі жаһандану заманында радикалды ағымдардың ықпалынан қорғану мәселесі халықаралық мінберлерден де көтеріле бастағаны мәлім.

Халықаралық терроризм, сепаратизм, экстремизм, оның ішінде діни экстремизм халықаралық қауымдастыққа және жалпы адамзатқа қауіп төндіріп отырған келеңсіз құбылыстар болып табылады. Лаңкестіктің бұл түрі неге сан ғасырлар бойы адамгершіліктің асыл қазығы болып келген дінді арқау етіп отыр? Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, дінтану магистрі, қалалық ақпараттық түсіндіру тобының сарапшысы Елнар Берікбаев айтып берді.

«Діни терроризм» терминіне қандай анықтама беруге болады?

- «Терроризмнің» латынша атауы – «қорқыныш», «адамдарға үрей ұялату» дегенді білдіреді. Қылмыстық жолмен өзінің билігін жүргізу, биліктің қауқарсыздығын көрсету, белгілі бір саяси шешімдерге қол жеткізу. Діни терроризмнің екі қарама-қайшы сипаты бар. Бір шетінен терроризмнің дінге еш қатысы жоқ деп айтуға болмайды. Екінші жағынан дүниедегі ешбір дін адам өлтіруге рұқсат бермейді. Оны күнә деп қарайды.

Бұл тіркес қалай пайда болды?

- Қылмыскерлер діни құндылықтарды бүркене отырып, адамдарды өз қатарына тартады. Діни догмаларды негізге ала отырып, оны өз түсінігінше тәпсірлейді. Өзінің ұйымына тиімді етіп бұрмалайды. Осыдан барып діни экстремизм мен терроризм шығады.

Жақындарымызды радикалдардың ықпалынан қалай қорғап қала аламыз?

- Ең басты фактор ретінде айтарым – діни сауатсыздық. Ең бастысы қандай діни нанымдағы адам болмасын мемлекеттен рұқсат берілген діни ұйымдарға, мешітке, шіркеулерге ғана барып сол жерден кеңес, білім алуы тиіс. Сосын экстремизмді таратудың алдын алудың басты жолы – интернетті дұрыс қолдану.

Жат ағымға ілескендердің 80 пайызының бірінші ойын алғаш дән сепкен - интернет. Бұл зерттеулер барысында дәлелін тапқан ақпарат. Интернет – адамды жат ағымға тартудың ең арзан әрі тиімді құралы. ҚМДБ сайтында интернет ресурстар қатары көрсетілген. Тек сол рұқсат берілген ақпараттық ресурстардан ғана ақпарат іздеген жөн. Сол арқылы сіз адаспайтыныңызды білесіз. Адам телефонына қандай ақпарат келетінін мұқият қарауы тиіс. Телефонға келген видеоларды таныстарымызға жаман ойсыз лақтыра береміз. Ол ақпараттарда, видеороликтерде жиһад насихатталуы мүмкін. Сіз оны білмей, басқаларға таратсаңыз, бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл видеоны түсірген адам қандай жауапкершілік арқаласа, таратушы ретінде сіз де сондай жауапкершілік арқалауыңыз мүмкін. Телефонның жадысында медиа файлдарды қабылдамау функциясын енгізіп қойған дұрыс. Олай болмаса сіз телефоныңызда не сақталып жатқанын білмейсіз. Тексеру кезінде құқыққорғаушылар сіздің телефоныңыздан жиһад туралы ақпаратты тауып алса, сіз тіпті оны ашпағаныңызды да дәлелдей алмауыңыз мүмкін. Сенімсіз, күдікті адамдарға телефон көрсетпеңіз. Теракт туралы жалған қоңырау жасағандар да жазаланады.

Қазір науқас балаларды пайдаланып, отаға қаржы жинаушылар көбейіп кетті. Экстремистік ұйымдар науқас балалардың суретін, видеосын жиі қолданып, елден көмекке қаржы жинайды. Шын мәнінде, көрсетілген киви- әмияндардың артында экстремистік ұйымдар да тұруы мүмкін. Егер адам көмектескісі келсе, алдымен көрсетілген шоттарда баланың ата-анасының нөмері көрсетілгеніне көз жеткізуі керек. Бұл ақпаратты да таратуға болмайды. Өйткені, сіздің әрекетіңіз үшін экстремистік ұйымды қаржыландырды деген айып тағылуы мүмкін. Экстремистік ұйымға жіберіп жатқаныңызды білмегеніңізді еш дәлелдеу мүмкін емес. Бұл баптар рақымшылық процедурасына ешқашан жатпайды. Қандай мерзім берілсе, сол мерзім толық өтелуі керек.

Жат ағымдардың арбауына қандай жастағы азаматтар жиі түседі?

- Негізі, 18-29 жас аралығы. Тіпті Қазақстанда 17 жастағы жасөспірім бала әлеуметтік желіде аккаунт ашып, дінаралық араздық тудыратын материалдар таратқанын білеміз. Бұл әрекеті үшін ол 4 жылға бас бостандығынан айрылды. Ең егде сотталған адамның жасы 49-да. Себеп әртүрлі болуы мүмкін. Бірінші кезекте, баланың тәрбиесінде кеткен ағаттық ықпал етеді. Баланың ата-анасы имандылықтың басты қасиеттері – өзгенің затын алмау, адам өлтірмеу деген сияқты адамгершілік қағидаттарын баласының құлағына сіңірмеуі мүмкін. Жастар қай кезде де прогрестің қозғаушысы екені рас. Олар көбінесе өздеріне көшбасшы іздейді.

Радикалдануда әйел адамдардың рөлі қандай?

- Көбінесе Сирияға, Иракқа аттанған әйелдер ерлерінің артынан кеткен. Бірақ, олардың арасында басқа оймен кеткендер де бар. Менің есіме мынадай жағдай түсіп отыр. Қарағанды облысының 28 жастағы тұрғыны, әйел адам күйеуі екеуі Сирияға аттанбақ болған. Кетер алдында құқық қорғаушылар оның күйеуін ұстап алады.

Күйеуі ұзақ мерзімге отырған соң бостандықтағы әйелі басқа террористпен танысып алып, Сирияға аттанудың жоспарын құрады. Telegram желісі арқылы біреулер «800 доллар тапсаң болды, ары қарай көмектесемін», деп уәде еткен. Әйел бір өзі барудан жүрексініп, таныс құрбысына Сирияға бірге кетуге өтініш жасаған. Ол көнбеген соң, 17 жастағы қайынінісін алып кетпек болады. Бірақ ол да бас тартады. Кейін өзі несие рәсімдеп, жаңағы танысқан террористпен тілдесе отырып, қаладан шығып бара жатқанда ұсталды. Оған бірнеше айып тағылды. Әйел діни экстремизм мен терроризм иедологиясын таратқаны үшін, әрі діни экстермистік ұйымға қаржы аударғаны үшін 9 жыл бас бостандығынан айрылды.

Сонымен қатар, әйелдердің экстремизмнің алдын алудағы рөлін де айтып өткім келеді. Алматы облысында бір оқиға болды. Әйелі күйеуінің мінезінің өзгере бастағанын байқаған. Әдетте ашық-жарқын жүретін жолдасы тұйықталып, ешкіммен сөйлеспейтін мінез тапқан. Бөтен адамдармен жиі сөйлеседі. Күйеуінің адалдығына күдіктене бастаған әйелі аңдып жүріп, оның жат ағымдағы адамдармен сөйлесіп жүргенін түсініп қояды. Келіншек бірден құқыққорғау органдарына хабарласқан. Соның арқасында ол өзінің отбасын сақтап қалды. Осындай әйелдер де бар. Діни радикализмнің алдын алуда әйелдердің рөлі өте жоғары. Ол ана ретінде балаларымен сыр бөлісіп, олардың ойын біліп тұруы керек.

Әңгімеңізге рахмет!

14.11.2019

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры