Управление по делам религий города Алматы

Зайырлы қоғам – атеистік қоғам емес

Тәуелсіздік алған 28 жылдың ішіндегі ең ірі жетістіктеріміздің бірі – ол елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық орнауы десек артық болмас.

Қазақстанның дінаралық келісім мен диалогтағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз. Кең-байтақ Қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ұясы екендігін паш етіп отыр.

Нұр-Сұлтан қаласында жүйелі түрде өтіп тұратын «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының» съездері - соның жарқын көрінісі. Бір емес, бірнеше конфессияны татулық ұстап отырған зайырлы қоғамның құндылықтары жайлы ҚазАқпарат тілшісіне Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің дінтану кафедрасының профессоры Қайрат Затов айтып берді.

Зайырлы қоғам деген қандай қоғам? Конституцияда Қазақстан зайырлы ел деп айтылғаны белгілі. Бірақ көптеген адамдар, мамандар осы терминді жете түсініп жатыр ма?

- Діни құндылықтардан өзгеше құндылықтарға негізделетін қоғам зайырлы қоғам болып саналады. Зайырлы қоғамда дін қоғамдық құндылықтарды айқындаушы рөл атқармайды. Зайырлы қоғамда адамның, жалпы адамзаттың құқықтарына маңыз беріледі. Кез келген адамның туа біткен құқықтары мен бостандықтары бар. Зайырлы қоғамда осылар қамтамасыз етіледі. Діннің құндылықтарына басымдық бермейді. Зайырлы қоғамда әртүрлі дінді ұстанатын адамдардың көзқарасы, діни плюрализм қалыптасқан.

Зайырлы қоғамның құндылығы неде?

- Адамның құқықтары мен бостандықтарын сыйлауға үйретеді. Бізде дінді мойындайтын да, мойындамайтын да адамдар бар. Олар бірдей бейбіт өмір сүруі керек. Олардың татулығы неге негізделеді деген сұрақ туындайды. Әр адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік берумен айқындалады.

Зайырлы қоғам - атеистік қоғам емес. Бұны түсінген маңызды. Адам қандай дүниетанымдық бағдарды басшылыққа алатынын өзі айқындайды. Дінді ұстана ма, ұстанбай ма өз еркінде болады. Адамдарға таңдау еркі берілген. Зайырлы қоғам діни қауым құқықтары мен бостандықтарын мойындайды және кепілдік береді. Ешкім сізді қудаламайды және жазаламайды.

Көп сарапшылардың пайымынша, рухани құндылықтары әлсіз, әлеуметтік жағдайы төмен орта деструктивті ағымдардың нысанасы болып табылады. Сіз қалай ойлайсыз, осы зайырлылық идеясы бос идеологиялық кеңістікті толтыра ала ма?

- Бұл жерде зайырлы қоғамды ұлттық идеологияға қарсы қоя алмаймыз. Олар белгілі бір деңгейде өзара бірін-бірі толықтырып отыруы мүмкін. Зайырлылық идеясы Еуропадан басталған. Оларда ғасырлар бойы діни мотивте қақтығыстар болып тұрды. Жалпы қоғамды екі конфронтациялық бөлікке бөліп тастау қауіпті.

Әр дінді ұстанған адамдар бір қоғамда өмір сүруі керек кой. Олардың бірге бейбіт өмір сүруінің принциптерін қалыптастыру қажет болды. Сол принциптер зайырлы қоғамнан көрініс табады. Совет Одағындағы атеизм сияқты ешкім жаншымайды. Деструктивті ағымдардың салтанат құруы, өзіңіз айтқандай, қоғамдағы рухани құндылықтардың шайқалуына байланысты. Біз өзіміздің рухани құндылықтарымызды берік ұстансақ, ешбір деструктивті ағымдар қауіп төндірмейтін еді. Қоғамда әртүрлі діни, либералдық, ұлттық деген сияқты идеологиялар болуы мүмкін. Осылардың барлығы бірлікте болуын қамтамасыз етудің негізгі тетігі ретінде зайырлы мемлекет өмір сүреді. Бұл идеологияларды қарсы қоюға болмайды. Зайырлы қоғам идеологиялардың біреуіне басымдық бермейді. Былайша айтқанда, идеологиялық бейтараптылықты ұстануы мүмкін. Қоғамда әртүрлі идеологиялық тартыстар жүріп жатады. Соның барлығы құқықтық шеңберде жүруі қажет.

Зайырлы демократиялық мемлекет болдық деп діни ахуалға араласпай отыруға болмайтынын тәжірибе көрсетіп отыр. Осы жерде мемлекет өзінің реттеуші күшін қай кезде қолдануы керек болады?

- Егер дін осы құқықтық принциптерді аяққа басатын болса, құқықбұзушылықтарға жол ашатын болса, азаматтарды бір-біріне қарсы қоятын болса онда мемлекет өзінің реттеуші қызметін атқарады. Бұл Конституциямызда жазылған. Адамдардың құқығы мен бостандығына қауіп төнгенде мемлекет деструктивті ағымдардың қызметін шектей алады. Қазір Қазақстан қажет кезде өзінің реттеуші күшін іске қосады. Мемлекет - реттеуші күш. Соған дәлел ретінде соңғы ресми ақпараттарға сенсек, қоғамның тұрақтылығына қауіп төндірген 23 діни ұйымның қызметіне тыйым салынған.

Әңгімеңізге рахмет!

11.11.2019

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры