Управление по делам религий города Алматы

Дін атын жамылған теріс ағымдар туралы

Өкінішпен мойындайтын жәйт – бүгінде Қазақстанда дін әу бастағы міндеті – біріктіруші фактор болудың орнына керісінше жік-жікке бөлінуге, тіпті, араздыққа жол берді. Әрине, Исламның бұған еш қатысы жоқ. Мәселе асыл дінімізді өздігінше бұрмалап уағыздайтын жекелеген топтар мен тұлғаларға, олардың көздеген түпкі мақсаттарына қатысты.

1991 жылы өктем Кеңес Одағы ыдырап, онымен бірге дін атаулыны жоққа шығарушы атеизмнің заманы келмеске кетті. Жаңа дәуірде тәуелсіздігін алған алғаш күндерден бастап Қазақ мемлекеті ұлттық болмысты жаңғырту ісіне кірісті. Тіл, дәстүр, мәдениет секілді рухани құрауыштардың қатарында Исламға да ерекше көңіл бөлінді.

Алайда, "Дін – апиын" деген ұранмен дүйім елдің сенім-нанымын аяусыз жаныштаған 70 жылдан астам сұрапыл атеизм ізсіз қалмады. Тарихтың сындарлы сәтінде дініміздің қоғамда өрлеуіне мұрындық боларлық отандық молда-имамдар, ең болмаса жеткілікті діни сауаты бар ойшылдар жоқтың қасы еді. Ол кезде елімізде бірде-бір діни университет тұрмақ, қарапайым медресе де болған емес.

Осындай киын сәтте бірқатар бауырлас мұсылман мемлекеттері бізге көмек қолын созды. Сауд Арабиясы, Түркия, Египет, Иордания, Ливия, басқаларынан Құран Кәрімнің, діни кітаптардың нұсқалары әкелініп таратылды. Жаңа мешіттердің құрылысы қолға алына бастады.

Бұл сарынмен 1990 жылдардың басынан-ақ қазақ жастары діни сауатын ашу үшін араб елдеріне беттеді. Олардың оқу шығындарын да жергілікті ауқатты қорлар көтерді. Әлбетте, өз мүмкіндігіміз шектеулі шақта ағайын елдердің қолғабысына айтар алғысымыз шексіз.

Алайда істің қолайсыздау екінші тұсын айтпай кетпеске болмас. Сөз болып отырғаны сыртта тағылым алған шәкірттер қазақтың ата-бабадан мирас боп қалған дәстүрлі түсінігіндегі емес, көбіне араб ұғымындағы діни түсінікпен бері оралғаны. Оның ішінде салафшыл-уахабшыл сынды асыра сілтеуші бағытты ұстанғандар да тыбылды. Екі арада жастарымыздың беталды діни сауат алуымен шаруасы шамалы лауазымды орындар қол қусырумен отырды.

Рас, дін атаулыны, оның қыр-сырын, ғибадат амалдарын әркім өзінше қабылдап атқаруы – бұл оның жеке ықтияры. Алайда өз ұстанымын ғана хақ санап оны басқаға мәжбүрлеп, келіспегенді кәпір деп сөгіп қыспаққа алу, басқаның пікіріне деген асқан төзімсіздік таныту діншілдікке жатпайды.

Осындай керағар ұғымдағы шолақ белсенділер қазақтың арасында іріткі салды. Арабтарға еліктесе, оларша сақал қойып киінсе, бетті бүркемелесе, қазақтың сөзін арабша баламаға алмастырса, бітті – таза мұсылман боласың деген тұрпайы пікір етек жайды. Есесіне Ислам дегеніміз сырт пішін емес, ең алдымен ыждахат, иманға келу, адалдыққа ұмтылып, сабырлық таныту, мұқтаж жандарға көмек беру, ашу-ызаны ақылға жеңгізу, кешірімшіл болуды меңзейтін ілім екені ескерілмей қалды.

 

Жүре-бара салафшылар ұлтымыздың сан ғасырлық әдет-ғұрпын, құндылықтарын жоққа шығарды. Оның арасында ата-бабаның аруағын қастер тұтуды, зират басында құран бағыштауды иә болмаса келіннің сәлем бергенін Аллаға серік қосқанмен теңеп болдырмауға тырысып-бақты. Онысы адал, көкірегі ояу азаматтардың намысына тиді.

Мұхаммед пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) хадистердің бірінде сахабаларына айтқаны бар: "Ислам жолында сендер ертеңгі күні түрлі елдерге барып, Алланың хикметін жеткізесіздер. Сонда Шариғатқа қайшы келмесе, сол елдердің әдет-ғұрпына, сенім-нанымына құрметпен қарап ардақтаңдар".

Дәл осы ұстаныммен Қазақ жерінде орныққан Ханафи мазхабы Исламды жергілікті құндылықтарға қарсы қоймай, қайта өзара үйлесіп, байи түсуіне қолайлы жағдай туғызды. Бұның арты Қазақ даласының, жалпы Түркі әлемінің Ислам өркениетінен ойып өз орнын алуына жол ашты. Аталған ретте әлі күнге шейін күллі мұсылман үмбеті қастерлеп, бас иетін әл-Фараби, әл-Бұхари, Бейбарыс, Яссауи сынды жауһарлардың есімдерін атаса жеткілікті.

Ендігі хадисінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Ертеректе сендерге қабірдің басына барып тағзым етпеуге үндеп едім, бірақ бұдан былай зиярат етуге рұқсат" деген.

Уақытша тыйым салудың себебі Исламды енді ғана қабылдаған жамағатты молаға табынудан сақтандыру еді. Пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) серіктеріне моланың басында қандай сөздер айтылу керегін үйретіп кеткен.

Жалпы, экстремизм біткеннің бәрі шектен шыққандық дегенді білдіреді. Соның ішінде діни экстремизмге иә радикализмге тоқталсақ, оның артында жамағаттың сенім-нанымын саясиландыруды көздеген арам пиғылдың, сырт күштердің арандатуы жатқанын көреміз. Ал бұған мойын ұсынар болса, арты неге ұласатынын кезінде экстремизмнің жетегінде кетіп, бүгінде быт-шыты шыққан Сирияның, Ливияның, Йеменнің, Египеттің, Алжирдің тағдыры куә.

Екінші жағынан назар аударарлығы – шаш ал десе, бас алғыш дінпаздар пір тұтқан Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейт бүгінде ғаламдық модернизация үдерісіне қарқынды ену үстінде. Соның бір көрінісі сипатында аталған елдердің жастары бетті бүркемелеу, ұзын сақал қою секілді ескіліктің рәміздерінен алшақтап бастады. Әлбетте, мұнысы діни ұстанымынан қол үзуді білдірмейді, қайта оны уақыт талабына сай жаңғыртуға, керек болса, икемдеуге келіп саяды. Тек осы мақтаулы арабтарының жаңағы ісіне жергілікті жанкүйерлері не уәж айтар екен?

Қалай болғанда да, дін ескілікті дәріптеу ғана емес, қайта алдыңғы буындардың рухани ғибратын заман талабына сай қорытып, кәдеге жарата білуді алға тартады. Керек десеңіз осындай бірегей қабілетіне бола дін ғасырлар бойындағы өміршеңдігін сақтап, өрісін кеңейтумен келеді. Демек, өркениеттің бірізді дамуын тоқыратуға әуез, бүгін мен ертеңді өткенге ғана бағынышты етпек күштер кәдімгі өмір философиясына қарсы шығып отырғаны айтпаса да түсінікті.

Діннің жасампаз әлеуетінен гөрі оның атын жамылған қауіпті идеологияның етек жаюы, әлбетте, жекелеген мемлекеттің әлсіздігін білдіреді. Әсіресе, аталған жағдай материалдық құндылықтарды бірінші орынға шығарып, руханиятқа немқұрайлық танытқан елдерге тән. Керісінше жауапкершілігін жіті ұғынған билік дер кезінде әрекеттеніп, зор пәленің алдын алады.

Айтылғанға дәлел ретінде бүгінгі Өзбекстандағы ахуалға зер салайық. Ауғанстан мен Тәжікстандағы соғыстың жақындығына, іштегі алуан түрлі діншіл радикалдардың сесіне қарамастан, неліктен көршімізде уахабшы атаулылар тойтарыс алды? Себеп оларды қатқыл түрде басып-жаншуда ғана жатқан жоқ. Мәселе діннің құдіретін дұрыс бағалап, Өзбек билігі 1990-жылдардың өзінде-ақ дәстүрлі бағыттағы имам-молдаларына барынша қолдау көрсетіп жеткілікті түрде еркіндік бере алғанында. Жастарының діни тағылымыды шетте емес, өз елінде алуын кешенді түрде қамтамасыз еткенінде. Осының негізінде олар елдің сана-сезімі үшін күресте бүгінгі заман тілімен айтқанда бәсекелестікке қабілетті болды.

Сонымен қатар, ел ағалары ұлттық болмысты жаңғырту, қоғамды өзбектендіру тұрғысынан жалаң ұрандарға салынбай, жүйелі шаруаларды тындыра алды. Яғни, сенім мен наным сияқты өте сезімтал салада тек тыйым салумен шектеліп қалмай, балама идеология ұсыну арқылы қатерлі дерттің жолын кесті.

Ендеше, кеш те болса, осындай игі тәжірибені Қазақстан да қолға алғаны жөн. Айналып келгенде Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті оқып-білген, қазақ тілі мен мәдениетінен сусындаған, ішкі жан-бітімі мығым боп өскен ұрпақ ешқашан келімсек ағымдардың арбауына түспейді.

Тиісінше кері ағымдардың бой көтеруіне белгілі дәрежеде егемендік алған жылдары қазақ тілін тежеп, ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына мейлінше қарсыласып, елге жөн сілтей алатын зялыларды қыспаққа алып келген ресми орталар кінәлі. ХХІ ғасырда аңқау елге арамза молда болғандығы, рухани тұрғыдан халықтың қорғансыз қалғандығы осының кесірі болар.

Мәселенің келесі тұсы қоғамдағы әділдік пен теңдік секілді құндылықтардың құлдырауымен тікелей байланысты. Әдетте экстремизмге бірінші кезекте буыны қатпаған, ақыл-есі толыспаған жастармен қатар, күнделікті өмірде әділдік таппай ашынған, әлеуметтік жағдайының ауыртпалығын көтере алмай күйзелген жандар бейім тұрады.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жекелеген елдерде экстремистік қозғалыстардың таралуына анағұрлым икем жерлер, негізінен алғанда – әлеуметтік-экономикалық ахуалы мүшкіл аудандар мен елді мекендер, мәдениет пен білім ошақтарына кемтар моноқалашықтар, түрмелер, тағы басқалар.

Демек мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтардың өмірлік қажеттіліктерін өтеу, жұмыспен, тұрғын үймен, әлеуметтік баспалдақтармен қамту, әркімнің заң алдындағы теңдігін баянды ету, азаматтық құқықтар мен бостандықтарды шектемеу, имандылыққа бет бұру сияқты шаралар қажет. Әрине, аталған мақсатқа жету бір-екі жылдың ісі емес, әсіресе, онысы жылдар, тіпті, онжылдықтар бойында ескерілмей келгенін назарға алған жөн. Десе де, ұзақ мерзімде өркендеуді қамтамасыз ету үшін басқа жол жоқ.

Дереккөз: https://informburo.kz/pikir/rasul-jumaly/dn-atyn-zhamylan-ters-aymdar-turaly-101837.html

27.03.2020

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры