Санасы уланған адамға отбасы, ұлттық құндылық, патриоттық сезім тағы да басқа адами құндылықтар бір тиынға да керегі жоқ. Себебі, оның көксегені – ана өмірдегі «жұмақ».
Жиырма жылдық тәжірибесі бар психолог, бүгінде Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Кеңес беру және оңалту орталығының» (бұдан әрі – Орталық) маманы Бауыржан Ахметовпен болған сұхбат.
Жат ағымның соңынан көбінесе өзіндік жеке пікірі жоқ, өз-өзіне сенімсіз және критикалық ойлауды білмейтін, өмірден өз орнын таппаған адамдар еріп кетеді.
Бүгінде түрлі әлеуметтік мәселелерді былай қойғанда, қоғамда жат ағымдардың отбасы институтына әсері мен жастардың енді қалыптасып келе жатқан дүниетанымына кері ықпалы азаймай тұр. Оған қоса қазіргі карантин жағдайында біраз тіршілік онлайн режимге көшкелі, көпшілік ғаламторда жиі отыратын болды. Осы уақытта деструктивті ағымдардың бұл жағдайды өз ұпайларына пайдаланып жатпағанына кім кепіл?
Ал осы жалған ағымдар соңынан көбінесе жастық максимализммен жастар еріп кетеді. Өйткені, олар интернеттегі шала-жансар мәліметтерді оқып алып, болмаса шағын роликтен көргендері бар, ешқандай дәлелсіз «один брат сказал» деген ұғыммен естігеніне көзсіз сеніп жүретіндері де болады. Кейбір жастар тіпті, жат ағымдағылардың видео дәрістерін нағыз ақиқат осы деп түсінеді.
Қазір жарнаманың өзі адам санасына маркетингтік жолмен кәдімгідей әсер етеді. Ал деструктивті дін өкілдері болса өздеріне ұнамаған нәрселерді діни нанымға қарсы көзқарас қалыптасқан деп оны қаралайды. Онымен қоса өздерінше әділдікті айтқан болып, тек қана біздің көзқарас бойынша әділдік бар дегенге сендіреді. Осындай өтіріктерге иланған жастар олардың дегенінен шыға алмай, бастары айналып қалады.
Маманның айтуынша бұл Орталықта күніне жат ағымның соңынан еріп кеткен 10 адамға дейін психологиялық кеңес көрсетіліп, оңалту жұмыстары жүргізіледі екен. Бірақ оларды райынан қайтару үшін бір ғана сұхбат жүргізу жеткіліксіз. Себебі, жат ағымға кірген адамның санасы қарапайым қоғамнан мүлде басқа бағытқа ауысып, өмірге деген көзқарастары 100 пайыз өзгереді. Осыған орай, бұндай адамның отбасында түрлі проблемалар туындай бастайды. Әлгі адам бұрынғыдай емес, басқаша ойланады. Дүниетанымы, өмірдің мәнін, өмірдің өзін тіпті басқаша қабылдай бастайды. Ең өкініштісі, бұл жерде қиналатын да сол адамның жақын туыстары.
Өзге ағымға басымен кіріп кеткендерді райынан қайтару айтарлықтай күрделі жұмыс. Себебі, бізге келгенге дейін алғашқы діни ақпаратты басқа жақтан алып, миына әбден сіңіріп келеді. Ол алғаш тыңдаған адамына ғана сенеді. Егер алдыңа келген адамда Сізге деген сенімі болмаса, ол үнемі критикалық ойлауды қолданады. Ал адам алдындағы адамнан барлық сұрақтарына жауап алса ғана айтқан сөзіңізге құлақ аса бастайды. Оңалту кезінде біз оған сол тыңдаған не көзсіз сенген адамның қателіктерін көрсетуге тырысамыз. Әрине біздің алдымызға алғаш келгенде мұндай адамдарда «неге мен саған сенуім керек? Неге менің ойлаған нәрсем бұрыс, сенікі дұрыс болу керек?» деген сұрақ болатыны заңдылық. Біздің мақсат ол адамға барлық проблеманы көрсету және де психолог маман ретінде біз оған ешқандай аргумент айтпаймыз. Соңында ол адамда діни фанатизмнің соңынан кетіп қалмадым ба деген ой туып, өзіне-өзі жауап беруі керек. Адам өзінің қате басқанын, теріс кеткенін өзі түсінуі тиіс. Сонда ғана оңалту жұмысы басталады. Адам өзі ұғынып, сезіне бастағанда ол психолог маманды тыңдай бастайды. Ақылына салады. Біздің жұмыс барысы адамға осылай әсер етуді көздейді.
- Осы деструктивті ұйымдардың шырмауына ілініп, солардың құрығына түсіп қалатын көбінесе кімдер?
- Адасып жүрген адамдардың бет-бейнесінде ортақ ұқсастық болады. Олар жас болсын, ересек болсын өз-өзіне сенбейтін адамдар. Олар белгілі бір жат ағымның лидерін көрсе немесе өте шешен сөйлейтін адамды тыңдаса, соның соңынан жеңіл еріп кетеді. Бұл бірінші топтың адамдары. Ал екінші топ бойынша тұлға ретінде қалыптасқан, бірақ кейбір сұрақтарына біздің қоғамнан жауап таппаған адамдар. Жат ағымның өкілдері оның сол сауалына әдемі жауап бергендіктен, ол сол адамның айтқандарына иланады. Үшінші топтағы адамдар – өмірден өз орнын таппағандар. Адам баласы үнемі өзін қоршаған ортаға, қоғамға тәуелді. Мысал ретінде кез келген адамның түрлі проблемасы болады, бала кезінен келе жатқан түрлі комплекстері бар, ал оны қоғам қабылдамайды. Сондай кездері әр түрлі комплексі, күйзелісі себебімен жат ағымға кіріп кететіндері бар. Ал күйзелісте жүргендерді мұндай ұйымның өкілдері бірден таниды да, оған жанашырлықпен мен сен үшін уайымдаймын, сен маған бөтен адам емессің, маған туған бауырым сияқтысың, басқалар сені түсінбесе, мен сені түсінемін – деп неше түрлі жылы сөздермен оның іші-бауырына кіріп, оның проблемалары мен барлық сұрақтарына жауап тауып береді. Осыдан кейін бұндай адам өзіне көмектескен адамға еріксіз тәуелді болып қалады. Тіпті, мен осы топқа керек екенмін, мені осы топтың адамдары түсінеді екен, мен олармен бірге болуым керек – деген ой қалыптасады. Барлық деструктивті ағымдар дәл осындай әдістерді қолданады.
Жат ағымға еріп кететіндердің көбі тыңдап отырған адамның сөздерін тура солай қабылдайды. Оларда критикалық ойлау бола бермейді. Мұндай адамдар үшін сол ұстаз не көсемдерінің айтқаны ақиқат. Сол адамның айтқанымен жүру, басқаларға құлақ түрмеу бұл өзінің жеке пікірі жоқ адамдарға тән ортақ қасиет. Ең бастысы, осы жат ағымның мүшелері адам психологиясын жақсы меңгерген, сондықтан олар басында қиындығы бар адамдармен сөйлесудің, оларға әсер етудің түрлі жолдарын біледі.
- Психолог маман ретінде ажырасамын деген отбасыға кеңес берген оңай ма, әлде адасып кеткен адамды райынан қайтару жеңіл ме?
Өзге ағымға кіріп кеткен адам үшін бұл өмірлік фундамент. Өйткені, оның осыдан кейінгі барлық ғұмыры, өмірге деген көзқарасы осы діни ұстанымына байланысты. Ажырасам деген ерлі-зайыптыларда бір-біріне байланысты түрлі себептері, реніштері болады. Яғни екі адамның арасындағы мәселе. Ал жат ағымға кіріп кеткен адамда бұл оның өмірлік позициясы. Ол сол идеямен, бір виртуальный сеніммен өмір сүреді. Міне, сіз қойған сұрақтың айырмашылығы. Екі адамды татуластырып, олардың бірге бастаған өмірлерін одан ары жалғастырып жіберу оңайлау десек те болатын секілді. Санасы уланған адамға отбасы, ұлттық құндылық, патриоттық сезім тағы да басқа адами құндылықтар бір тиынға да керегі жоқ. Себебі, оның көксегені – ана өмірдегі «жұмақ». Яғни алғашқы кездескендегі деструктивті дін өкілдерінің сепкен дәндері оның миында күннен күнге жеміс бере бастайды.
- Сөз соңында жат ағымнан сақтану жолдарымен бөліссеңіз!
Жастарға беретін кеңесім, егер бір топтың не ағымның адамдары оған сол топтың идеологиясын мақтап, осы көзқарас дұрыс, қалғандарының барлығы адасқан, дұрыс емес, тек біздің ұстанымды ұстансаң жұмаққа кіресің дегендей айтар болса, бірден критикалық ойлау жүйесін іске қосу керек. Екіншіден, өздерінен басқаның барлығын жамандайтын топтар қоғамның кемшілігін айтады да, олардың барлығының жауабы тек бізде дегенге келтіреді. Осындай үгіт-насихаттарға өте мұқият болған жөн. Критикалық ойлау жүйесін қосу дегеніміз ол логиканы қосу деген сөз. Көп нәрселерге күмәнмен қарау, мүмкін басқа да жолы болу керек дегенді ойлау – деді Бауыржан Ахметов.