Экстремизм, терроризм деген сөздерді естігенде белгілі бір деңгейде үрей туғызатыны рас. Соңғы кездері бұл термин діннің жанына да ілесіп жүр. Осы екеуінің аражігін ажыратып, ненің ақ, ненің қара екенін білу үшін дінтану Phd докторы Альбина Дүйсенбаевамен сұхбат оқыңыз.
- Альбина Құрақбайқызы, экстремизм мен терроризм соңғы кездері дінмен астасып бара жатқандай көрінеді. Шын мәнісінде, бұлардың көздегені не?
- Экстремизм мен терроризмнің анықтамасын бермес бұрын аталмыш терминдердің кең қолданысты ұғым екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, оның түрлері және типтері де біршама. Біз бен сіздің тоқталатын терминіміз діни экстремизм және діни терроризм ұғымдарына қатысты болып отыр. Бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты түсініктер. Екеуі де өз мақсатына жету жолдарында зорлық-зомбылық, психологиялық және физикалық күш көрсету, мәжбүрлеу, тіпті қан төгу сынды әдістерді қолданады. Жалпы ғалымдардың берген анықтамалары бойынша экстремизм деп жекелеген тұлғалардың не топтардың шектен шыққан радикалды көзқарастағы идеяларды қолдауларын немесе таратуларын айтатын болса, ал терроризм осы экстремизмнің орын алуының анағұрлым жаһандық және әбден асқынған формасы деп айтуға болады.
Экстремистің бет-бейнесі десек қоғамда исламофобиялық фильмдердің не идеологияның арқасында түрінен қорқыныш ұялайтын, сақал-мұрты өскен немесе тұмшаланған «ислам» дінінің өкілін елестету заңдылық сияқты болып кеткен. Осы терминнің анықтамасына назар аударсаңыз экстремист немесе террористердің міндетті түрде ислам өкілі болмайтындығын, сондай-ақ, ешқандай дәстүрлі танымдағы дін түсінігіне қатысы жоқ екенін байқайсыз. Кез келген әлемдік не ұлттық діндерді алып қарасаңыз адамды мәжбүрлеуге, қорлауға, жазықсыз қан төгуге жол жоқ.
Алайда өкінішке қарай, қазір әлемнің жаһандануына, дін еркіндігінің дамуына байланысты, діни экстремистік не діни террористік топтар осы діндердегі құндылықтарды өз мүдделері үшін трансформацияға түсіріп, өзгелерді өз мақсаттарына пайдалану үшін трансляциялайды. Діни экстремистік немесе діни террористік топ өкілдері қарапайым тілмен айтқанда кез келген күйге ене береді, қажет болса «мұсылман» да, «отансүйгіш» те бола салады. Бұл «күйге ену» процесі қоғамдағы «құрбанының» сұранысына тікелей байланысты. Қоғамның қай деңгейіне қандай өнім өтімді, көбіне сол ақпаратты «құрбанының» жанына жақын етіп ұсынады. Мәселен, біздің қоғам үшін ислам дінінің мәселелері өзекті болып отыр, ал қоғамды түгелдей сапалы, кәсіби теолог мамандармен қамтамасыз ету қолға алынып жатқанымен, әлі де кемшін тұстары жоқ емес, демек адастырушылар осы әлсіз тұсты өз кәделеріне жаратады. Ал артынан ерушілер үшін мақсатын кәпірлермен күресу деп атай салуы мүмкін.
Шын мәнінде олар белгілі бір елдің тыныштығын, бүтіндігін бұзу арқылы мемлекетті шайқалту немесе саяси құзіреттерге қол жеткізуді ғана көздейді. Жәй ғана бір адамның адасуы немесе бір топтың дінді қате түсінуі секілді қарапайым мәселе болып көрінетін дүниенің артында пандемиялық жағдайға жеткізуі мүмкін үлкен қауіп тұр. Себебі, мұндай тараптар зайырлылыққа дінді қарсы қойып діншілдердің шашбауын көтергенімен, шын мәнінде сол діннің мүддесін де, шынайы құндылығын да құрметтемейді. Ал шырмауыққа түскен адасушылар қазандықты жағуға кететін отын есебінде ғана қолданылады. Мүдделі тараптар адасушылардың энергиясын, уақытын, өмірін пайдаланып кетуді ғана көздейді. Негізгі мақсат сол.
- Демек, мұндай экстремистік топтар арбауына түсіп қалған адамды өздерінің арам пиғылын іске асыру үшін ғана пайдаланады дейсіз ғой?
- Әрине, ол мәселен экстремистік не террористік топ болса да, олар өз құрамына адам тартқан кезде оларды байытайын, әлеуметтік жағдайын жасайын не белгілі бір мүддесін көздейін деп шақырмайды. Керісінше өздеріне адасып келген адамдардың энергиясын, күш-қуатын пайдаланып өз мақсаттарына жетуді ғана көздейді. Адастырушы топтың әу бастағы идеясы сізге ұнамды боп көрінетін тақырып болуы мүмкін. Мәселен дәстүрлі қазақи тәрбиені кез келген ұлтжанды азамат сөзсіз қолдайды, ал адастырушылар үшін ол жалған ұран, сол арқылы өздеріне «құрбандарды» жинауды ғана ойлайды.
Адасушылар үшін бұл жердегі қауіп – қоғамның өзге өкілдерімен санаспауы, заңдық құқықтарын ескермей, тобырға айналуы. Авторитарлы көшбасшының айтқан әрбір сөзі адасушылар үшін сызылып қойған шеңбер не шығуға болмайтын рамка тәрізді, олардың пікіріне қосылмай, қолдамайтындар, одан ерекшеленетіндер бұл тобыр үшін қауіп немесе жау болып есептеледі. Енді діни экстремизмнің ерекшелігі – олар өздерінен өзге топпен толерантты түрде қарым-қатынас жасамай, агрессивті әрекеттерді іске асыруында және өз әрекеттерін дұрыс, пікірлері мен идеологиясын абсолютті ақиқат деп есептейді. Соның нәтижесінде қоғам екіге бөлініп, тұтастық, ынтымақтастық шайқалады. Отбасында авторитаризм немесе тоталитаризм орын алғанда, қоғам өзгеріске ұшырамай қоймайды, қоғамның ең әлсіз тұсы – қорғансыздар бірінші сол конфликттердің құрсауына түседі. Көрдіңіз бе, бір ғана идеология бүкіл қоғамның, тіпті, мемлекеттің шайқалуына себеп бола алады.
Бұл жерде адасушы адамға дін ғана себеп болмауы мүмкін. Мысалға, елдегі экономикалық, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы да әсер етеді. Мұндай кездері жастар жиі адасады деп жатамыз. Оған бірден бір себеп – олардың тұлғалық санасының әлі толық қалыптаспауы. Яғни оларда сол қалыптасу процесі жүріп жатқан кезде, мәселен елін, жерін сүйетін патриот жастарды пайдалануды көздейтін топтар оларға сол идеологияны ұсынып, «неге қазақты қорғамайсыңдар, неге дәстүрді насихаттамайсыңдар, мұның бәрін мемлекет құртуда» деп жастарды мемлекетке немесе «біз заңға бағынбауымыз керек» деп қоғамның белгілі бір институттарына қарсы қоюы мүмкін. Не дәстүрлі дінді кінәлі етіп көрсетіп, оның орнына өз идеологияларын айтады. Өздерінің қармағына түсіретін адамның «сұранысына» сай мұндай топтар қажет материал ұсына қояды.
- Сонда экстремизм мен терроризм дегенде көз алдымызда қандай картина болуы керек?
- Мен бұл екі терминді маман ретінде қарастырғандықтан кең ауқымды картинаны елестетуім мүмкін. Алайда кез келген экстремистік не террористік әрекеттердің нақты картинасы біреу – ол заңға қайшылық. Оның ұлты, түсі, жасы немесе діні болмайды, ол бір ұлтқа немесе атаулы бір дінге тән емес, керісінше діни экстремизм, діни терроризм жүйелері негізгі құндылықтарды жоққа шығаратын, адам өмірін құнсыздандырып, өз мақсаттарына жетуде дін атын жамылып, шектен шығатын зомбылықтарды, агрессияны пайдаланатын топ.
Заманауи экстремизм тақырыбын зерттеуші, философия ғылымының кандидаты В.А. Дильдің айтуынша «экстремизм кез келген наразы адамға тек идеология ретінде ғана қолжетімді емес, сондай-ақ сол наразылығын көрсететін әрекет ретінде іске асып отыр» дейді. Яғни діни экстремистік идеология дін арқылы келгенімен, оны іске асырудың себебі қоғамдағы көптеген салалармен астасып жатыр. Мысал ретінде айтсақ, ешнәрсеге көңілі толмайтын, құқығы тапталған, қоғамға наразы адамдар үшін экстремистік идея қазір өте қолжетімді. Осы идея олар сол наразылығын көрсету үшін пайдалана алатын, әрекет ете алатын бір құрал болып тұр. Ең қауіптісі де осы.
Ондай наразы адамдар «Хизбут тахрир» не «такфириттердің» идеологиясын қолдамауы мүмкін. Бірақ өзінің наразылығын көрсету үшін және қоғамнан ашуын алу мақсатымен солардың қатарына қосылып, олардың қолшоқпарына айналады. Осы нәрсе қоғам үшін өте қорқынышты. Сондықтан қоғамға наразы адамдардың наразылығына құлақ аспай, дәстүрлі дінді айта берудің нәтижесі болмайды дейді мамандар. Яғни, адамның жат көзқарастардың соңынан еруіне білімсіздік, соқыр сенім, адасушы адамның психологиялық жай-күйі, оның әлеуметтік жағдайы, қоғамдағы экономикалық және саяси ахуалдар да белгілі деңгейде әсер етеді.
- Ал біздің елге бұл қауіп қайдан келеді?
- Қазіргі таңда әлемнің күнделікті құбылмалы және өзгермелі екеніне байланысты (пандемия, карантин, жаңа талаптар) барлық ақпараттар ғаламтор арқылы іске асуда. Сондықтан қоғам үшін үлкен қауіп болып табылатын экстремизм және терроризмнің алдын-алу жолындағы ақпаратты тарату – біздің, ал оны білу кез-келген қоғам мүшесінің міндеті. Бүгінде кері ықпалды ақпараттың басым бөлігі ғаламтор арқылы таралады. Ғалымдардың айтуынша қазір экстремистік және террористік топтардың құрылымдары да өзгерген. Бұрын өздерін белгілі бір экстремистік, террористік деп атаған топтардың жүйесі бойынша басшысы мынау, құрылымы былай басқарылады, қалғандары жандайшап, нөкерлері дегендей классикалық түсінік болатын. Қазір осы түсінік келмеске кетіп барады. Өйткені, олар енді бір жерде отырып, белгілі бір орган ретінде басқарылмайды.
Олар әлемнің түкпір түкпірінде отырып, ғаламтор арқылы адам тартып, өздерінің командасын орындатуда. Ал сол команданы жүзеге асыратын адам басшысын білмеуі, танымауы мүмкін. Не өзіне басқа бір команда құрып, жұмыс жасай береді. Және бұл өзгерістер сол топтарды әшкерелеуді қиындатуда. Яғни бір ғана орталықтандырылған басшы емес, әрбір белсенді экстремист өзіндік топты құра алады және тізбек жалғаса береді. Себебі, ақпараттың таралу жылдамдығы мен таратушылар саны өте ауқымды болып отыр. Қазір бәріміз ғаламторды белсенді пайдаланып отырғанымызды ескерсек, үйде отырып-ақ экстремистік идеологиялардың шырмауына түсу қаупіне ұшырау мүмкіндігі барын айтуымыз керек.
Бұлар қазір вирус секілді тарап, тамырлары да бөлшектеніп, көп жерден ұяшық жасап, жұмыс істеп жатыр. Сондықтан олардың соңынан түсіп, әшкерелеу жұмыстары да күрделене түсуде. Әрине, бұл мысалдан басқа, елге шеттен келген діни экстремистік идеологияны таратушы миссионерлердің де, тіпті, шетелден діни ілім алған (арнайы дін оқып келмесе де өзіне экстремистік идеологияны сіңіріп келген) тұлғалардың да үлесі бар.
- Осы тұста экстремизм, терроризмнен төнетін қауіп деңгейін бағалай аламыз ба?
- Мен оны нақты айта алмаймын. Бұл арнайы зерттеуді, тіпті, белгілі бір институттың зерттеуін талап ететін мәселе. Бірақ қазіргі таңда әлемнің кез келген түкпірінде аталмыш мәселеден қауіпсіз орын таба алмайсыз. Ешбір мемлекет немесе ешбір қала мұндай мәлімдеме жасай алмайды. Себебі, бұл вирус сияқты індет. Коронавирустан қалай гигиеналық тазалық сақтасаңыз, бұл мәселеде де сананы солай таза ұстау қажет, жан-жақты көзі ашық болу, білімін көтеру, алдын алу шараларын үздіксіз жүргізу керек. Себебі, оның салдары өте масштабты, оны жеңудің бірден бір жолы – алдын алу шаралары.
- Алдын алу жұмыстары қалай жүргізілгенде нәтижелі болмақ?
-Алдын алу жұмыстары тікелей салалы немесе қосымша жалпы қоғамда жаппай жүргізілуі мүмкін. Салалы дегеніміз арнайы органдарда не арнайы мамандардың осы мәселелерді ашып түсіндіруі арқылы дәрістер, видеоролик секілді т.б. шараларды жүргізуі. Қосымша жалпы қоғамды руханилыққа тәрбиелейтін, қоғамдық наразылықтардың алдын алатын, отан сүйгіштікке, білімге, дамуға, заңдық сауаттылығын көтеруге бет бұратын бағдарламаларды іске қосу. Себебі, әлемдік тәжірибеге сүйенсек қорғанысты қамтамасыз етудің деңгейі – сол елдің қарулы қорғанысымен емес, қаншалықты қауіптің алдын ала алатындығымен байланысты болып отыр.