Управление по делам религий города Алматы

Неліктен көшедегі бейтаныс адамды тыңдауға болмайды?

Осыдан 4-5 жыл бұрын Алматыда Абылай хан мен Гоголь көшелерінің қиылысында алдымыздан шыққан екі әйелдің сұрақ қойғандары бар. Орта жастан асқан орыс ұлтының өкілдері қолында үлкен планшеті бар жол ортада тоқтатып, «сіз бақыттысыз ба?» дейді. Елдің бәрі бақытты болғысы келеді. Бірақ оған қалай қолжеткізуге болатынын білмейді. Қажет десеңіз біз сізге көмектесеміз, біздің орталыққа келіңіз» деп әйтеуір бір христиандық бағытта жұмыс істейтін діни орталықтың сайтын көрсеткен еді. 

Тағы бірде Абай мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында қазақ әйел аялдамада сөзге тартқысы келіп, өзін толғандырған сұраққа жауап тапқанын айтып, қазір есімізде қалмапты, әйтеуір бір діни орталықты айтқаны бар. 

Бірақ соңғы кездері осылай көше кезіп, қандай да бір діни ұйым жайлы не дін жайлы уағыз айтуға мүлде рұқсат жоқ. Заңнаманың қатаңдатылуымен мұндай әрекеттер жазаланады. Себебі, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңында уағыз заңмен белгіленген арнайы орындарда ғана рұқсат етіледі.

Егер сіз Діни қызмет саласындағы заңнаманың бұзылғанын байқасаңыз, онда құқық қорғау органдары не Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасына жүгінуіңізге болады.

Дегенмен, жоғарыда аталған тыйымдарға қарамастан, көшеде уағыз айту не діни бірлестікке шақыру секілді заңсыз әрекеттер болмайды емес, арасында кезігіп қалады. Ондай адамдар сырт көзге күдік тудырмауы мүмкін. Жәй ғана подъездің алдында не саябақта демалып отырған адамдардың жанына таяп, сіз әдетте көп ойлана бермейтін не бейтаныс адамнан күтпеген сауал естуіңіз мүмкін. Немесе сөзін ұсақ-түйек әңгіме айтып бастайды. Кейде олар мектеп оқушылары немесе студенттерді таңдайды. Ересектер олардан күдіктенбей, жәй сағат сұрап не бірдеңені қызықтаған шығар деп ойлауы мүмкін. 

Мұндай адамдар Құдай, бақытты өмір, өмірде жетістікке жету, бақытсыздық, күнәдан арылу не тазару, неліктен адамдар есірткі не арақ ішу секілді теріс жолға түседі, сенің жолың неге болмай жүр, адамдармен қалай дұрыс тіл табысуға болады деген секілді тақырыптарды қозғайды. Егер жастардың ортасына барса тегін тіл үйрету курстарына шақырамыз немесе бізден тегін тамақ ішуге болады, жатын орының да бар деген секілді ыңғайлы жағдайлар ұсынады. 

Мұндайда қазақтарға тән бір қасиет бейтаныс адамның сұрақтары не әңгімесі қызықтырмаса да, ұялғанынан не мәдениет сақтап оның шақырған жерінен бас тарта алмауы мүмкін. Ондай сәтті жібермейтін әлгі  «әңгімеге тартқыштар» бірден мекен-жайды айтып не телефонын жазып алады. Болмай бара жатса, «сізді күтеміз» деп жылы сөздерімен қоштасады. 

Кейбіреуі сөмкесін ашып, кітап ұсынып жатады. «Осыны оқып көрсеңіз, біраз сұрағыңызға жауап аласыз. Егер оқып болған соң жәй ғана ой бөліскіңіз келсе, сізді тыңдауға дайынмын» дейді. Сіздің асты-үстіңізге түсіп, өзінің діни ұйымының интернеттегі адресін көрсетеді. «Сайтты жәй бір ашып көріңізші, онсыз да қазір бәріміз интернетте отырамыз, өте көп мағлұмат ала аласыз» деуі ғажап емес. 

Есіңізде болсын! Қазақстан Республикасының жоғарыда аталған заңына сәйкес, уағыз айту не діни бірлестікке шақыру немесе қандай да бір діни ұйымның кітабын тарату тек қана заңмен арнайы белгіленген діни ғимараттарда ғана рұқсат етілген. Ал миссионерлікпен айналысу тек елімізде ресми түрде тіркелген ұйымдардың атынан ғана және миссионер ретінде тіркелген адамға ғана рұқсат. Бұлай болмаған жағдайда көшедегі әрекеттердің бәрі заңға қайшы және оның бәрі әкімшілік құқықбұзушылыққа алып келеді. 
Ал діни кітаптар не әдебиеттерді таратудың өзі тек қана арнайы дінтанулық экспертизадан өткеннен кейін мүмкін болмақ. Яғни кітап құқық пен заңға қайшы болмауы тиіс және экстремистік пиғылдан ада болуы керек. 

Егер сіз қала көшелерінен не саябақ, болмаса өзге де адам аяғы көп жүретін жердерде сондай «уағызшыларды» не үгіт-насихат жүргізіп жүрген «әңгімеге тартқыштарды» көрсеңіз, мынаны есіңізде ұстаңыз:

1.    Бейтаныс адаммен сөйлеспейтін едім деп кесіп айтыңыз. Егер әңгіменің төркіні қайда бара жатқанын түсіне қойсаңыз, ұзақ тұрмаңыз. Бірден бұрылып кетіңіз. Егер өзіңізге сенімсіздік танытып не ол адамды ұйып тыңдайтын болсаңыз, олар сізді әбігерге салатынын біліңіз.

2.    Олардың бұл әрекетінің заңсыз екенін бірден өзіне айтыңыз.

3.    Олардың ұсынған кез келген нәрсесін алудан бас тартыңыз. 

4.    Мұндай адамдармен қызуқандылықпен сөз таластырып, олардың дұрыс емес екенін дәлелдеуге тырыспай-ақ қойыңыз. Өйткені, олар өздерінің 100% «дұрыс» екендіктеріне сенімді. Ол жәй ғана «сіздікі дұрыс», келесі жолы әңгімемізді басқа жақта жалғастырайық деп сізден айласын асырып жіберуі мүмкін. 

Ұмытпаңыз! Басыңызда қиын жағдай не жұмыссыздық секілді мәселеңіз болса, көшедегі адамдардан жақсылық пен мейірім күтпеңіз. Олар ешқашан сіздің проблемаңызды шешпейді және олар оған мүдделі емес. Жұмыс іздеп жүрсеңіз қалада ресми жұмыспен қамту орталықтары бар. Соған жүгініңіз. Ал басыңызда қиын жағдай болса, оны бейтаныс адамдармен бөліспеңіз. Сізге жақындарыңыздан басқа ешкімнің жаны ашымайды.

13.08.2020

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры