Управление по делам религий города Алматы

«Әкемнің қайда кеткенін білмейміз...» - оқырман хатынан

Бүгінгі кейіпкеріміз – Әйгерімнің тағдыры оңай емес. Әкесі, отбасы жайлы жылап отырып айтқанда, сай-сүйегің сырқырайды. Әйгерім қазір Алматы қаласындағы университеттердің бірінде экономист мамандығы бойынша білім алуда. Оның бізге өзі жайлы қысқаша айтып берген әңгімесін мұқият тыңдап, сіздерге болған жайтты Әйгерімнің өз аузымен баяндағанды жөн көрдік. Ескерте кетейік, кейіпкердің аты-жөні өзгертілді.

– Үйде екі баламыз. Артымнан ерген інім бар, жасы 15 толды. Анам – мұғалім. Музыкалық үйірмеде сабақ берген. Бала кезімізде інім екеуміз анамның жұмысына бірге барып жүріп, әр түрлі аспаптарда ойнауды үйреніп алдық. Музыка біздің хоббиіміз болатын. Тіпті, мектепте өтетін түрлі шараға қатысып, біраз жетістіктермен мақтау қағаздарын алғанбыз. Ал әкем бизнеспен айналысатын. Ашық-жарқын, ешкімді бөтенсінбейтін, танысқан адамын үйге ертіп келетін қонақжай, туысшыл, досшыл адам болатын.

Әлі есімде, бір күні әкем үйге сақалын ұзартып өсірген, шалбарының балағы қысқа кісіні ертіп келді. Ол кезде біздің үйге келетін адамдардан мұндай өзгешелік көрмеген маған ол кісінің түрі біртүрлі көрінді. Аз уақыттан кейін сол досын әкем күнде үйге ертіп келетін болды. Біз де үйреніп қалдық. Басында біз бала болғандықтан байқамаған сияқтымыз, әкемнің де сақал қойып, балағын қысқартып алғанын анам аздап жақтырмай, екеуінің осы тақырыпта сөйлесіп отырып, ренжісіп қалғанын естіп жүрдім. Әкемнің үйге ертіп келетін достары бұрынғыдай емес, өзгере бастады. Көбісінің сақалы ұзын, бәрі шалбарларының балағын қысқартып алған. Шәй үстінде бұрын біз естімеген сөздерді айтып, бір-біріне ахи дейтінін естіп жүрдім. Әкемнің мінезі бұрынғыдай емес, өзгере бастағанын анам да, балалары да байқадық. Жиі ашуланатын болды, «кәпір», «харам» және «тозақ» дейтін сөздерді ести бастадық. Сол сақалы ұзын достарымен жиі араласып жүріп, әкем бизнеспен де айналыспайтын болды.

Бір күні інім екеуімізге барып жүрген жерлерің «харам» деп үйірмеге баруымызға тыйым салды. Анамды жұмысынан шығарып алды. Музыкалық аспапта ойнамайсыңдар, «харам», музыканың дыбысы шыққан жерге «кәпірлер» ғана барады деген сөзді жиі еститін болдық. Үйде де музыканың дыбысын шығартпайтын болды. Інім екеумізге әр түрлі уағыздарды тыңдатып, қабір азабы жайында кітаптарды оқытып қоятын.

Анам екеуінің жиі сөзге келіп қалатынын бала болсақ та біліп, естіп жүрдік. Содан бір күні анам қара түсті көйлек киіп, көшеге шығарда бетін жауып шығып жүрді. Ол бізге қорқынышты көрінетін. Осы киімдерді кимесең, ажырасамын деп әкемнің анама ұрысқанынан қорқып, інім екеуміз өз бөлмемізде жылаймыз. Анам болса бізге «уайымдаңдар, бәрі дұрыс болады» деп жұбатқан болады, бірақ сол киімдерді киіп жүретін болды. Үйде бұрынғыдай емес, радио тыңдап, теледидар қарауға, намаз оқымайтын достармен араласуға болмайтын болды. «Намаз оқымайтындар біздің жауымыз, олар кәпірлер, ішкен астары харам, адам емес» деген сөзді күнде естиміз. Өзімізді бақытсыз болып кеткендей сезініп, мұның бәрі қорқынышты түс секілді көрінетін.

Бір күні әкемнің анама «басқа әйел аламын» деген сөзін естіп, анам да, біз де жыладық. Бірақ әкемнің бізге жаны ашымайтын болды. Мүлде басқа адам болып, өзгеріп кетті. Үйде маған да қара түсті киім кигізіп қойды. Оны шешсем болды, мені ұрып, «кәпір болайын деп жүрсің ба» деп сабайтын. Әкемнен қатты қорыққандықтан киетін едім. Інім екеуміздің сабағымыз нашарлап кетті. Үйде – күнде айқай. Содан бір күні әкем мен анам ажырасып кетті. Содан кейін әкемізді әлі көрген емеспіз.

Содан бері мен мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түстім. Әкем бізді іздеген емес. Ес білген соң анамнан сұраймын ғой, сөйтсем әкеміз анама талақ беріп ажырасқан екен. Ал әкемнің бір кездері сыйласып, төрге отырғызып, қонақ қылып жүрген достарының бәрі салафиттік ағымның адамдары болып шыққан.
Анам екеуі ажырасқан соң әкем із-түссіз жоғалды. Қайда кеткенін ешкім білмейді. Анам болса уақыт өте жақсы бір адамды жолықтырып, тұрмыс құрды.

Менің өзім университетте оқып жатырмын. Бауырым мектепте оқып жүр. Жағдайымыз жаман емес, бірақ әкеммен бірге болған балалық шағымыз, оның салафит достарымен танысқанға дейінгі бақытты күндеріміз бен әкемнің басқа адам болып, өзгеріп кеткеннен кейінгі кездер есімнен кетпейді. Бұл – үлкен трагедия. Оны ұмыту мүмкін емес. Біздің балалық шағымыз бен отбасымызды быт-шыт қылып, ойрандаған сол бір адамдардың жауыздығы мен қатыгездігін ешкімнің басына бермесін деп тілеймін...

14.08.2020

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры