Управление по делам религий города Алматы

Психологиялық, физикалық қысым сезінсеңіз, ол – қауіпті діни ағым

 

Жат ағым, секта, діни бірлестік дегеніміз не? Дәстүрлі дін дегенді қалай түсінуге болады? Ғаламтор арқылы экранның арғы бетінде отырып, кеңес не «көмек» бергісі келетін адамдардың қауіпті діни ағымнан екенін қалай ажыратамыз?  

Аталған сұрақтардың бәріне дінтану Phd докторы Альбина Дүйсенбаева жауап берген еді. 

Дін тақырыбының өзектілігі мен санқырлылығына байланысты бүгінде қоғам тарапынан түсінбеушілік, адасушылық құбылыстардың орын алуы аталмыш тақырыпқа түсінік беруді қажет етеді.     

Сондықтан алысқа бармай-ақ өз еліміздегі діндердің түрлері, заңдастырылуы және қоғамның дінге қатынасы, яғни діни жағдайға талдау жасауға тырысайық. 

Ең алдымен діннің түрлеріне (дін дегеніміз не деген сауал емес, діннің категориялары мен түрлерін, сипаттарын айтамыз) теологиялық (бір діннің ілімі тарапынан), дінтану ғылымы тарапынан және құқықтық, заңдық тұрғыдан берілетін анықтамаларға тоқталайық. Тағы бір анықтаушы тарап бар, ол – қоғам. Яғни белгілі бір территория тұрғындарының қоғамдағы әрекет етуші діндерге деген көзқарасы, менталитет пен дәстүрдің және т.б. салалардың әсері.  
Мәселен, қоғамда діндерді дәстүрлі немесе дәстүрден тыс діндер деп бөлу қалыптасқан. Сонымен қатар, адасқан ағымдар деген сөз тіркестері де кездеседі. Салдарынан «неге жат ағымдар біздің елде қызмет етуде» дегендей түсінбестіктер болып жатады. Осы жерде бірден бұл ұғымдар шартты түрде немесе ауызекі тілде қолданылатын анықтамалар екенін ескертеміз. 

Қазақстан Республикасы халқының басым көпшілігі ғасырлар бойы ислам дінінің ханафи мазхабын, тағы бір бөлігі христиан дінінің православия бағытын ұстанатынын статистикалық көрсеткіштер дәлелдеп отыр және оған тарихымыз да куә. Осыған орай аталмыш діндер Қазақстан Республикасы аумағы үшін дәстүрлі діндер ретінде танылады. 

Енді тақырыбымыздың негізгі сауалы – діндердің түрлеріне келсек, заңдық тұрғыдан «дәстүрден тыс», «жат ағым» т.б. сынды анықтамалар ешқандай рөл ойнамайды. Заң бойынша ҚР азаматтары белгілі бір дінді ұстанғысы келетіндігін жариялап, заң бойынша барлық құжаттарын тіркеп, адам саны 50-ге толған болса және осы діни ілім ешқандай заңдарға қайшы келмесе, онда бұл дін тіркеледі. Ал егер заңға қайшы болса, онда тіркеуден өтпейді. 

Біз айтып жүрген «дәстүрден тыс», «жат ағым» т.б. анықтамалар ол шартты түрде бір территория төңірегінде айтылуы мүмкін. Мәселен, біздің елге индуизм діні жат, дәстүрден тыс дін болып есептеледі. Алайда Үндістан территориясында бұл – ұлттық, дәстүрлі дін. Енді осы дін біздің елде әрекет ете алады ма, жоқ па деген сауалды заң шешеді. Заң өз еркіне салып шешпейді, осы дінді ұстанғысы келетін ҚР-ның 50 азаматы сұраса және құжаттарын тексерген соң дінтанулық сараптама оң нәтиже шығарса ғана рұқсат етеді. 

Ал енді секта ұғымына тоқталсақ, ҚР аумағында заңды тіркелген кез келген діни бірлестікті біз «секта», «жат ағым» деп айыптай алмаймыз. Заңдық тұрғыдан болсын айта алмаймыз. Секта – топ мүшелерін физикалық және психологиялық тәуелділікке түсіруді мақсат ететін ұйым. «Секта» (лат. secta – өмір сүру бейнесі, ілім, бағыт, мектеп) сөзінің екі этимологиясы бар: sectare – қию, бөлу немесе sequi – біреудің соңынан еру, мойынсұну, біреуге қызмет ету. 

Ал қазіргі таңда соңғы үш жүз жылдықта пайда болған діни сенімдерді жаңа діни қозғалыстар деп атаймыз. Яғни бұл оның жақсы немесе жаман екеніне назар аудармастан, тек уақыт тұрғысынан жаңадан пайда болған дін екенін көрсетеді. Тек осыдан кейін ғана арнайы дінтанулық сараптамалар арқылы аталмыш діннің діни ілімін т.б. ақпараттарын сараптай келе осы діннің сипатында авторитарлы, тоталитарлы не деструктивті т.б. сипаттардың бар немесе жоқ екенін анықтайды. Аталған сипаттар анықталған жағдайда діни ілім қауіпті деп есептеледі. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай әр мемлекеттің заңына байланысты діндерге деген көзқараста әртүрлі (мәселен, бір елде қауіпті деп тыйым салынып отырған дін басқа бір мемлекетте қауіпті деп танылмауы мүмкін).

Біздің елде тіркелген кез келген дін – діни бірлестік деген заңды категорияға ие. Және бұл тіркелген діни бірлестіктердің құқығы заң алдында тең.  

Әрине, заң бірінші кезекте – қауіпсіздік пен тәртіп сақтаудың кепілі. Алайда ұлттық құндылықтар мен тарихымыз, дәстүріміз бен елдігіміз жайлы сөз болғанда сіз бен біздің мүддемізді есіңізде болсын басқа елде, басқа мемлекетте ешкім қорғамайды. Сондықтан ең алдымен еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтай отырып, біз дін құбылысының алпауыт мүмкіндіктері мен қауіптері туралы да ұмытпауымыз керек. 

Сондай қауіптің бірі – түрлі мүддені көздеп, дін атын жамылған ағымдардың ғаламтор беттері мен әлеуметтік желілер арқылы адамдарды түрлі адасушылыққа итермелеп, шақыруы. Бұл қызмет қазір сондай көз ілеспес жылдамдықпен дамуда және белсенді таралуда. Себебі, ғаламтор арқылы миссионерлер үшін («интернет миссионер») сол қызметінің жемісті жүруіне қазір барлық жағдай бар. Өйткені, мектеп жасындағы баладан зейнеттегі қарияға дейін ғаламтор қолжетімді. Және түрлі желеумен сайттарына «құрбандық» іздеп отырған миссионерлерге адамдар өздері барып құрыққа түседі. Мұндай дін таратушылардың территориялық ауқымы шексіз, уақыт тұрғысынан өз еркі өзінде және маскировка үшін өте тиімді. Сондай-ақ бетпе-бет кездесуде қойылатын күрделі немесе қиын сұрақтарға экранның арғы бетінен жауап беру тиімді. Миссионердің сенімге кіруі қолайлы. Себебі, өзі тіркеліп отырған адамның қызығушылығын білу қиын емес. Оның үстіне адам бейтаныс миссионерге психологиялық тұрғыдан сеніп (түрін, атын-жөнін білмегендіктен, қауіпсіз, мені бәрібір танымайды деп есептеуі мүмкін) жеке басындағы мәселелері мен қиындықтарын жайып салу мүмкіндігі де өте жоғары. Мұндай кезде оларды заңдық тұрғыдан жауапкершілікке тарту немесе ілік табу қиын. 

Осы орайда жат ағымның қауіпті екенін қалай ажыратамыз деген заңды сұрақ туындайды.  
Кез келген ресми діни ғибадат орындарынан өзге жерде дін туралы сізге өз көзқарасын таңғысы келген пікір иесі – күдікті. 

Егер сіздің пікіріңізбен, еркіңізбен санаспаса, күш немесе агрессия танытса бұл – қауіпті. 

Сайттарда не әлеуметтік желілерде сізге тегін қызметтер ұсынылса, арнайы оқуға шақырып, сіздің қалыптасқан дүниетанымыңызды өзгертуге тырысып, орнына өзге жаңа құндылықтарды таңып және оны дінмен байланыстырып, логикадан тыс, қалыптасқан дәстүрлі діндердің ілімдерін бұрмалап, сіздің жан-дүниеңізге қайшы әрекеттерге шақырып және психологиялық немесе физикалық қысым сезінсеңіз, онда бұл – қауіпті діни ағым. Мұндай жағдайда байланысты үзген дұрыс, мүмкін болмаған жағдайда байланысты барынша азайтыңыз. Арнайы мамандар көмегіне не мемлекеттік органдарға, яғни Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының 263-06-14 сенім телефонына немесе 114 «Қауырт желісіне» хабарласқан жөн. Сізді қызықтырған барлық сауалға мұндағы сауатты дінтанушылар мен заңгерлер жауап береді. Артық сауал қойып, сізді мазалаған мәселе жайлы неғұрлым көбірек білуге әуес болыңыз. Өйткені, біздің қоғамның діни сауатты болғанына елдегі барлық тарап мүдделі. Жаныңыздағы жанашыр адамдардың көмегіне жүгінуге қашанда қорықпаған абзал. Алынған ақпаратты барынша талдап, объективті тұрғыда сүзгіден өткізуге, қорытуға тырысыңыз. Негізгі дерек көздерінен, арнайы теолог-мамандардан кеңес алуға тырысыңыз. 
Шешім қабылдау әр адамның жеке құқығы. Сіздің осы құқығыңызға қол сұқса, онда сізге деген қамқорлықтың шынайылығы аса күмәнді деп біліңіз.

17.08.2020

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры