Управление по делам религий города Алматы

Зайырлылық – тәртіптің тетігі

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мемлекет діни қағидаларға сүйенбейді немесе діни қағидаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік саясат қолданылмайды және азаматтардың діни наным-сенімдерін шектемейді, құқықтық бостандығына қол сұқпайды. Кез келген дін ұстанушысы зайырлы мемлекеттің заңына  бағынуы тиіс, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Теріс ағымның әсеріне бой алдырған  кейбір азаматтар мемлекеттік нормаларға, заңдарға қайшы әрекеттерге барып жатады. Алған бетінен қайтпай, өз дегеніне жеткісі келіп, ашу шақырады. Оларға  мемлекеттік қағидаттарға сай келмейтін әрекет екенін қанша айтқанмен, қасарысып алады. Діни ұстанымыма, азаматтық құқығыма қол сұғып жатырсыңдар дегендей уәж айтады. Мұндай қарсылық пен уәж зайырлылықты түсінбегеннен туындып жатқандай...

Мысалы үшін, білім саласында ата-аналар мен білім ұйымдары арасында келіспеушіліктер аракідік көрініп қалады. Ата-аналар оқушы формасын емес, басынан аяғына дейін тұмшалап, қыздарын хиджабпен мектепке жібергісі келген ата-аналар дауын көпшілік жақсы біледі. Осындай  даудың барысында қоғам екіге жарылғанын да көрдік. Дінге аса қатысы жоқтардың өзі мектепке    хиджабпен барғанда тұрған не бар? Қайта жартылай жалаңаш жүргеннен гөрі осы жақсы емес пе? Ашық-шашық жүргеннен дұрыс қой, жастайынан жабық жүрсе иманды қыз болып өседі деген сияқты әңгіме айтылғанда көпшілікке осы пікір дұрыс көрініп қалуы мүмкін. Мәселенің тереңіне үңілмегеннен кейін, әрине, осындай түсінбестік болады. Шын мәнінде мектеп формасын кигізбеймін, хиджабпен барады деу қате. Бұл дегеніңіз Қазақстан Конституциясына қайшы.  

Қазақстан – зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет. Мектеп формасын талап ету – зайырлылықтан шығып отырған талап. Мектеп формасын талап ету ешқандай діни ұстанымға қайшы келмейді, құқығына қол сұққандық емес. Зайырлылық,  бұл –  жай ғана сөз де  емес. Бұл мемлекет принциптерінің ерекшелігі. Ең бірінші зайырлылық дегенді толық түсініп алған жөн. Яғни, зайырлылық – мемлекеттік басқару жүйесі діни қағидалардан емес, құқықтық қағидалардан тұрады деген сөз. Зайырлылық -  дін мен саясат ажыратылғандығын білдіретін принцип. Кез келген мемлекеттік басқару туралы нормативтік құқықтық актілер дін нормаларын басшылыққа алмайды, керісінше, Конституцияда жазылған нормалар мен қағидалар бойынша реттеліп отырады.  

Сөзіміз дәлелді де түсінікті болу үшін «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті «Дінтану» кафедрасының профессоры, философия ғылымының докторы Қайрат Айтбекұлы Затовтың пікірін келтірейік:  «ХІХ ғасырдан бастап зайырлылық принципі Батыс елдерінің құқықтық тәжірибелерінде кең таралды. 1905 жылдан Францияда түпкілікті көрініс таба бастады. Зайырлылық принципінің қоғамдық-құқықтық практикаға енуінің себебі неде? Бұл бірінші кезекте адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету міндеттерімен тікелей байланысты болды. Барлық елдерде әртүрлі діни конфессиялардың өкілдері өмір сүреді. Міне, осылардың қарым-қатынасы қандай болу керек? Қандай принциптерге негізделуі тиіс деген сұрақ сол заман үшін де, бүгінгі қоғам үшін де өзекті болып отыр. Діни қарым-қатынастар әлеуметтік қарым-қатынастар ретінде мемлекет тарапынан реттелуді талап етеді. Әртүрлі діндер арасындағы қайшылықтарды, шиеленістерді, қақтығыстарды шешудің тиімді және ұтымды мүмкіндігі – зайырлылық принциптерін енгізу.

Сол замандарда Еуропада протестанттар мен католиктердің және басқа да діни ағымдардың арасындағы шиеленістер, қақтығысқан соғыстар талай адамның өмірін қиды, қоғамға қасірет алып келді,  жағдай ушықты, күрделі проблемаға айналды. Сондықтан мемлекет өз аумағында әртүрлі діни конфессия өкілдерінің бейбіт өмір сүруі үшін құқықтық негіздерін қалыптастыру керек болды. Зайырлылық принцип осы кездерден бастап, қолданыла бастады». 

Міне, профессор келтіріп отырғандай, зайырлылық принциптер қоғамдағы ынтымақ мен бірлікті қалыптастыруға негіз бола алатын жол екен. Мемлекеттік заң талаптарын орындау – біртұтастыққа алып келеді. Ал егер әр діннің қағидасымен, конфессиялардың ұстанымымен кетсе, не болады? Онда мемлекетте бөлшек-бөлшек, тарам-тарам болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан әрбір азамат зайырлылық принципті толық түсінуі керек. 

Жоғарыда айтқан білім саласына байланысты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің оқытушысы, заңгер-маман Серікхан Әділғазының зайырлылық туралы тұжырымды  ойларына назар салайық: «Зайырлылық тұрғысынан білім саласын айтатын болсақ, ата-аналар мен мектеп ұйымдарының арасындағы даулар сотқа дейін барған. Маған әлі де не үшін діни киімдермен мектепке баруға болмайтындығы туралы сұрақ қойылады. Дін тұрғысынан айтсақ, діннің мемлекеттік басқару жүйесінің барлық салаларына араласуға тиым салынады. Кез-келген білім алушы мемлекеттік заңдарға сәйкес, мемлекет бекіткен мектептегі арнайы формамен баруға, сол талапты сақтауға, орындауға міндетті. Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылданған «Діни қызметтер және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бап 5-тармақшасында «Ешкім де (бұған Қазақстанда тұрып жатқан барлық азаматтар кіреді) өзінің діни ұстанымын мемлекеттік билікке міндетсінуге немесе діни ұстанымын негізге ала отырып, мемлекет бекіткен құқықтық қағидаларды жасамауға, бойсынбауға құқы жоқ. Демек, білім саласында болсын, басқа салаларда болсын әрбір азамат мемлекет бекіткен қағидаларды орындауы міндетті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі шығарылған заңдар мен өзгерістерді жинақтап, 2016 жылы 15 қарашада №26 бұйрығын шығарды. Осы бұйрыққа сәйкес ата-аналар өзінің балаларын мектепке жіберуге және білім беру ұйымы бекіткен арнайы форманы сақтауға, ондағы талаптарды орындауға міндетті.

Мұндай міндет, яғни, мектеп формасын кию тек қана Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде бар. Мектеп формасының пайдасы, балалар арасында дүниелік бәсекелестік тудырмайды, яғни, киіммен жарыспайды. Оқытушылардың алдында да барлық баланың бірдей екендігінен сипат береді. Сондай-ақ, сабақ кезінде оқушы көшеде жүрсе, компьютерлік клубтарға кіріп кетсе, сырт бақылаушылар оларды бірден байқайды. Осы сияқты мектеп формасының көптеген ыңғайлы, тиімді, пайдалы жақтары бар. Кез-келген ата-ана діни ұстанымын себеп етіп, мемлекет бекіткен құқықтық нормаларды сақтамауға құқы жоқ. Егер сақтамағн жағдайда белгілі бір мөлшерде құқық бұзушылыққа, заңды жауапкершілікке әкеп соғады»  
     Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда діни ұстанымды алға тартатын жайттар кездеседі. Бұл теріс ағымның көрінісі деуге толық негіз бар. Өйткені, ислам дінінде мемлекетке қарсы шығу Отанына қарсы шыққанмен бірдей болып есептеледі. Отанды сүю иманнан деген тәмсіл бар. Демек, игіліктердің ішіндегі ең ұлы нығыметтің  бірі де бірегейі – бастың амандығы мен қоғамның тыныштығы. Тыныштықты сақтау әрбір азаматтың парызы. Ал әрбір саналы азамат мемлекеттің заңына бағынуы тиіс.  
                                                                                               

 Еділ  АНЫҚБАЙ

27.10.2020

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры