Управление по делам религий города Алматы

Кез келген дін мейірімділікті көздейді

Жуырда Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен сенбілік өтті. Сенбілікке Алматы қаласындағы бірқатар әртүрлі діни  конфессияның жетекшілері мен өкілдері қатысып, Ақбұлақ ықшамауданындағы саябаққа ағаш отырғызды.  

Бұл шараны өткізудегі мақсат әртүрлі діни конфессиялардың басын қосып, бірлесе іс атқару арқылы сыйластық, түсіністік жағдайын туғызу,  бір-біріне деген құрметін арттыру. Бір шаңырақ астында өмір сүріп отырған көп диаспоралы Қазақстан мемлекеті  саясатының негізі татулық пен бірліктен, түсіністік пен ынтымақтан бастау алатынын көрсету деп ұққан жөн. 

Экологиялық сенбілік барысында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов қатысушыларға алғыс айта отырып, әлемді әбігерге салып отырған пандемияны бір сәтке де естен шығармауды, қауіпсіздік шараларын қатаң ұстану керек екенін еске салды. Әрбір адамның өмір құндылығына тоқталып, әсіресе, балаларға сақ болуды, оларды өз бетімен жіберуге болмайтынын айтты және бүгінгі шараға арнайы тоқталды: «Өздеріңіз білетіндей бұл шара бірінші немесе ақырғы да емес. Бұған дейін бірнеше рет бәріңіздің бастарыңызды қосып,  Қазақстанның тарихи жерлеріне саяхат жасадық. Еліміздің тарихымен, дәстүрімен танысытырып жатырмыз. Осыларды өзек етіп, зайырлылықтың құндылығына деген көзқарасты қалыптастырып, түсіністікті нығайтып келеміз. Бүгінгі шара бейресми, еркін түрде өтіп отыр. Ағаш егіп, ортақ іс атқарып, әңгімелесіп, түсінісіп, адами сыйластық қалыптасса деген ойдамыз. Әрине, сіздер мұның барлығын өте жақсы білесіздер, өйткені кез келген дін мейірімге, махаббатқа, сабырға, жақсылыққа жетелейді», - деді.  

Ал Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Дулат Ибрагимовтың айтқаны қысқа болғанмен, ойы тереңге тартты: «Алматы қаласында 17 діни конфессия бар. Бүгін осылардың барлығы дерлік жиналды. Христян протестанттар, баптистер, кришна өкілдері, православтар, католиктер, т.б және өзіміздің ҚМДБ-дан келді. Мәселен, бұл азаматтар әртүрлі діннің өкілдері болғанмен, біреуі жерді қазып, екіншісі күрек ұстап, үшіншісі ағашты отырғызып, төртіншісі топырақпен көміп, бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Ағаш отырғызу дегеніміз – табиғатты көркейту, кішкентай ғана талға өмір сыйлау. Бәрі табиғаттың көркейіп, саябақтың әдемі болуына, қаламыздың көркеюіне үлес қосуда. Талдар ертең-ақ зәулім ағашқа айналып, тұрғындар осы жерде қыдырады, демалады. Біле білген адамға бұл үлкен ой салады». 

Барлық дін Құдайдың жалғыз екенін айтады. Ал Құдай шаңның тозаңындай да қиянат жасауға болмайтынын адамзатқа құдіретімен сездіріп келеді. Қандай дін болмасын ол жақсылықты көздейді. 

Аталған экологиялық акцияға қатысқан әртүрлі дін өкілдері өз ойларымен бөлісіп, бейбіт елде өмір сүрудің шын бақыт екенін, сондай-ақ, Алматы қаласындағы діни конфессиялар бір-бірімен татулықта және бірлікте өмір сүретінін атап өтті. 

Иә, шын мәнінде адамзат баласы  қай дінді ұстанса да табиғатты қорғау, сақтау,  көркейту міндет. Адамның татулығын ойлау, мейірімді, кешірімді болу парыз. Ешқандай дінде зиянкестік жасау жоқ. Мемлекеттің заңына қарсы шықпайды, салт-дәстүрді мансұқтамайды. Қарапайым тілде айтқанда,  дін – әркімнің Құдаймен қарым-қатынасының жолы деуге болады. Ол жолда адал болып, ешкімге қиянат жасалмауға тиіс. 

                                                                         Еділ  АНЫҚБАЙ

 

https://sn.kz/sn-aleumet/74788-kez-kelgen-din-meiirimdilikti-kozdeidi

06.11.2020

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры