Управление по делам религий города Алматы

Дәстүр мен діннің дұрыс мәні

Қазан және қараша айларында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «The best center of all levels» қоғамдық қоры елдегі карантиндік шектеулерге байланысты діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша онлайн форматта дәрістер өткізді.

Атап айтқанда, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «инстаграм» әлеуметтік желісіндегі @DIN_ALMATY ресми парақшасы арқылы қаламыздағы беделді дін саласының мамандарымен сұхбаттар жүргізілді. Онда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы Құдайберді Бағашар, Алмасбек Шағырбай секілді белгілі дінтанушылар спикерлік жасады.

Қаламыздағы мұсылман қауымына танымал Ерсін Әміре, Жанболат Сапашов, Ермек Көкірекбаев, Қайрат Құрманбаев және Оралхан Сейдманов секілді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, уағызшыларымен пікір алмаса отырып, спикерлер қоғамдағы дін мен дәсүр тақырыбында өзекті мәселелерді көтерді.

«Ислам дінінің қазақ халқының салт-дәстүрлерімен байланысы» атты тақырып аясында шараны жүргізуші спикер мен имам өзара сұхбат құра отырып, көрермендерге қазақ халқы үшін дін мен дәстүрдің сабақтастығын ашып беруге тырысты.

Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – қазіргі уақытта дінді дәстүрге қарсы қойып жүргендердің әрекетінің қате екенін ашып көрсету, халықты сондай теріс діни көзқарастардан сақтандыру. Бәрімізге белгілі, теріс діни ағым өкілдері, әсіресе неосалафи, неоуаххабилік топтар қазақтың бірқатар дәстүрлерін мойындамай, ширк, бидғат деген түсініктерін қоғамға насихаттауда.

Осы себепті өткен шаралар мазмұнында Қазақстан қоғамы үшін дәстүрлі мәзһабтың ханафилік бағытта екендігі түсіндірілді. Еліміздегі Әбу Ханифа мәзһабының шариғи құқықтық мектеп ретінде кең таралуында оның жергілікті халықтың салт-дәстүріне ерекше мән бергені рөл ойнаған. Нақтырақ айтар болсақ, ханафи мәзһабында үкім шығаруда Құран, сүннет, ижмағ, қияс, сахаба сөздері, истихсан, бұрынғылардың шариғатымен қатар жергілікті ғұрып та негізге алынады.

Дегенмен, жергілікті ғұрып ол іске асып тұрған өміршең, кең көлемді қолданыста әрі ислам негіздеріне қайшы емес болуы тиіс. Ханафи мәзһабында әдет-ғұрыптың орнын айшықтай отырып, қазақ халқының кейбір дәстүр-салттарын терістеушілердің іс-әрекеті сынға алынды.

Дәріс барысында исламның плюрализмге, ұлттық ерекшелікті сақтауға көзқарасы да түсіндірілді. Кездесулер соңында көрермендер өздерінің ризашылықтарын білдіріп, қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

Дереккөз: https://kazislam.kz/dastur-men-dinning-durys-mani/

11.11.2020

Скачайте удобное мобильное приложение

Быстрый и простой поиск религиозных объекта в городе Алматы.

Партнеры