Дін атын жамылған сан түрлі деструктивті діни ағымдардың қоғамға және мемлекеттің тұтастығына зиянын тигізіп жатқандығы белгілі. Олар жұрт санасын улаумен айналысады. Ал, санасы уланған адамда отбасы, отан деген ұғым болмайды. Арқандаулы ат сияқты белгіленген шеңберден шыға алмай, таным көкжиегі тарылып, өзін байлап алған саяси ұйымдардың мүддесіне жұмыс жасай бастайды. Тарихқа үңілсек әр түрлі ағымдар Пайғамбарымыз (с.а.с) дүние салысымен пайда бола бастаған. Көзінің тірісінде дін атын жамылған ағымдардың болатынын ескерткен.
Қазіргі қоғамда жұртты қасақана адастырып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер бар. Солардың бірі «псевдосәләфи» бағытындағылар. Бұлардың арасында өзара келіспеушіліктері болғанымен, кітаптары мен ғалымдары ортақ. Қазіргі таңда бұл топ аттарын қалай өзгертті дейсіздер ғой. Өздерін ханафи мәзһабынанмын деп, діттеген мақсаттарына жеткенше қоғамның формасында болу.
Бүгінгі бұл сенімдегілер қоғамның өздеріне араздығын, қолдамайтынын білген соң, ақырын айлаға көшті. Яғни, саясатты қолдау, билікті ашық қолдау, пікірталасқа түспеу, сыртқы қалыпты өзгерту, халықтың сеніміне кіру арқылы жасырын өз жұмыстарын жүргізу.
Олардың тарапынан мұндай құбылыс байқалғасын қоғам да ашық үрейді баяулатты. Бұл жердегі айтпағымыз – әдіс-айлада болып отыр. Себебі, соғыс тек қолмен ғана емес, ақпараттық тұрғыда да жүріп жатқаны белгілі. Біз псевдосәләфилердің осы шегінісін пайдаланып, ұлттық тарихи санамен ұштасқан дәстүрлі түсінікке қыруар ақша бөліп, қазақ қоғамын идеялық көркем тартымдылықпен баурап алуымыз қажет. Әрі өзімізге де рухани жаңғырып, ақылды қозғап, халыққа жағымды болатын әдіс тәсілдерге көшуіміз маңызды. Өкінішке орай, біздің көп жұмыстарымыз халықты сақтандырғанымен, оларға тартымдылық жағын ұсына алмай жатқанымыз.
Белгілі бір көзқарасты ұстанған адам аят пен хадистің мағынасын дұрыс түсінбей үстірт қарағандықтан, астарына мәніне мазмұнына үңіле алмағандықтан жалпы алғанда білімсіздіктен соқыр сенімнің залалынан Исламдағы деструктивті топ деген сөздің ішіне кіреді. Қоғамға келтіретін зияны сан алуан. Қоғамның ауыз біршілігін жоғалту, қоғамды бөлшектеу бір саяси идеология. Ал қоғам дегеніміз отбасынан басталатын ұғым. Кейбір отбасыларда баласы кеше ғана 9 ай құрсағында көтерген анасын кәпірге санап отбасынан ажырап жатқанына куә болып отырмыз.
Қасиетті Құранда ата-анаға құрмет көрсетудің ерекше маңыздылығы мен орнын көрсеткен. Кейбір деструктивті ағым өкілдері өздерінің басшылыққа алып жүрген кітаптардың ішінде нақты не жазылғанында білмейді. Ал бұл деструктивті идеологияны тарататын қазіргі негізгі құралдары интернет болды.
Ол жақта неше түрлі сыртқы келбеті алдамшы шет елдік азаматтар өздерінің уағыздарын еркін таратуда. Оған діни тұрғыдан білімсіз жастарымыз құлақ асып жат ағымның жетегінде кетуде.
Жоғарыда айтқанымыздай өзінікін ғана дұрыс санап өзгенікі қате деп пікірлеспейтін жастарымыз Мәшһүр Жүсіп атамыздың қателескен екі топтың жайлы келесі айтқанынан ұқсастық табуға болады: «Бір топ адамдар бар дейді бәрін біліп қойдым, білемін деп сөйлейді бұл қате дейді. Тағы бір топ бар біліп қайтесің, білетіндер айтадығой деп соқыр сенімді нұсқайды. Бұл да қате дейді».
Хәкім Абай «баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын шен алсын деп бермедім» демекші жастардың қай мамандық иесі болса да, діни сауатының болуына көп мән бергеніміз жөн. Себебі кері тартпа ағымдардың қатарына қосылып жатқандардың көбі жастар. Қазақтың қай зиялысын алсаңыз да, ең алғашқы білімді медреседен немесе ауыл молдасынан алғандығын байқаймыз.
Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің аты да жиһад. Ислам бізге ілім алуды, яғни дұрыс білім алуды бұйырады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің зардабы шаш етектен екендігін ұмытпайық.
Автор: Аяпова Баян Құралбайқызы
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту» орталығының маманы