Пайғамбар (с.ғ.с.) жасамаған нәрсе бидғат па?
«Бидғат» – араб тілінде «жаңалық, жаңа нәрсе» деген мағнаны білдіреді. Бидғатқа байланысты Алла Елшісі былай дейді: «Расында ең жақсы сөз Алланың кітабы және ең жақсы туралық Мухаммедтің туралығы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), істердің ең жаманы – ойлап табылғаны және әрбір (дінде негізі жоқ) жаңалық адасу»
Тағы бір хадисте: «Кім исламда жақсы сүннет бастаса, онда сауабын алады және артынан ілескендердің де сауабын алады, бір-бірінен сауабы кемітілмейді. Ал кім исламда жаман сүннет бастаса, онда күнәсын алады және артынан ілескендердің де күнасын алады, бір-бірінен күнасы кемітілмейді» [3].
Демек, Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) істемеген бір іс кейіннен туындап жатса, оның асылына қаралады. Егер туындаған жаңа нәрсенің негізіне қатысты шариғи дереккөздерінде (Құран, сүннет, ижмағ, қияс), қағидаттарында рұқсат етілген дәлел болса, онда оны орындауға болады.
Мысалы, мәуліт мерекесін атап өту. Себебі мұнда мәуліт шәріп жырынан үзінділер, Құран, салауат және дұғалар оқылады. Мәулітте Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны, ахлақ-әдебі жайында уағыз-насихаттар айтылады. Бұл істердің әрқайсының дінімізде негізі бар. Сондай-ақ тарауық намазын бір имаммен оқу, Құранды кітап күйінде жинау, медреселер ашу, жұма намазының екінші азаны, намаздан кейін жамағатпен зікір тарту т.б.
Қорыта айтқанда, Пайғамбарымыз (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын) істемеген және кейіннен пайда болған нәрселердің барлығы адасушылық емес. Егер де Пайғамбарымыз істемеген нәрсенің бәрі адасушылық болса, онда Осман (Алла ол кісіге риза болсын) өзінің халифалық тұсында жұма намазына екінші азанды айтқызуы адасушылық болып табылар еді. Бірақ бұл шешімді бүкіл сахабалар бірауыздан құптаған.
Дереккөз: Kazislam.kz