Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан мен басқа да бірқатар елдерде экстремисттік деп танылған Талибан (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) қозғалысы Ауғанстан астанасы Кабулды басып алып, елде өз тәртібін орнатты. Билік басына келген тәліптер әлем халықтарымен бейбіт байланысы орнатып, тұрғындар құқығының сақталуын қамтамасыз етеміз деп уәде берген болатын. Бірақ іс жүзінде айтылғандардың ешқайсысы жүзеге аспады.
Шектеулер көбіне әйелдерге қатысты болды. Мәселен, бір жыл бұрын билік тізгінін алған кезде тәліптер қыздарға оқуын жалғастыруға рұқсат етіледі деп мәлімдеген еді. Алайда түптеп келгенде оларға тек бастауыш сыныпқа баруға рұқсат етіледі. Оның өзінде мектеп бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, қыздар Ислам дінінің негіздеріне басымдық беруге міндеттелді.
БҰҰ мәліметі бойынша, қазіргі таңда Ауғанстандағы 1,1 миллион қыз оқуын жалғастыру құқығынан айырылған. Өз кезегінде “Талибан” жетекшілері мұның себебін әйел мұғалімдердің жоқтығы және қыздарға арналған жеке кабинеттер ашу қажеттігімен байланыстыруда.
13 тамызда Ауғанстандағы әйелдер өз құқықтарының сақталуын, елде емін-еркін жүріп-тұруы мен оқып, жұмыс істеуге рұқсат беруді талап етіп, бейбіт шеруге шыққан болатын. Алайда билік басындағы тәліптер 40-қа жуық наразы әйелдердің митингін басып, қатал түрде таратып жіберді.
Бұл туралы имамдар қандай ойда?
Қазақстан мұсылмандары діни басқрамасының ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы тәліптердің бұл әрекеті ислами көзқарасқа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Айтуынша, Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде білім алудың маңыздылығы туралы айтып өткен.
“Құранның ең алғашқы аяты "оқы" деп түскен. Алла Тағала құранда мұсылман ер мен әйелге білім алуды парыз етіп қойған. Пайғамбарымыз бір хадисінде: "тал бесіктен – жер бесікке дейін білім алыңдар" деген екен. Сондықтан мұсылман үшін білім алу – міндет. Еліміздегі қолданыстағы заңда да "кез келген ата-ана өзінің ұл-қыздарының білім алуын қамтамасыз етуі керектігі" жазылған. Сондықтан саналы әрбір адам міндетті түрде әуелі өзінің, одан кейін ұрпағының білім алуына көңіл бөлуі тиіс. Ешқандай дәстүрлі дін білім алуды жоққа шығармайды. Исламда құлшылықтың өзін біліммен, ықыласпен жасау міндеттеледі. Сондықтан да тәліптер ұстанатын көзқарас дұрыс емес”, – дейді ол.
Оның сөзінше, қандай да бір діни көзқарасқа сүйеніп, яки бір ықпалды топтардың, діни ағымдардың артынан еріп, баласын мектепке бермей қою – сауатсыздықтың көрінісі.
Аллаға шүкір, өз елімізде білім алуға ешқандай да кедергі жоқ. Өткен жолы министрдің өзі "болашақта орамал таққан қыздардың мәселесін қараймыз" деді. Мұсылмандардың қара шаңырағы саналатын діни басқарманың да балиғатқа толған қыздарымыздың орамал тағуына кедергі болмай, толыққанды білім алуына рұқсат берілсе екен деген тілегі бар. Әрине, бұл мәселеде өрескел әрекеттерге барып, эмоциялық сезімдерге берілмеуіміз керек”, – дейді Ағабек Қонарбайұлы.
Сондай-ақ ол діни көзқарас тек қана құлшылықпен шектеліп қалмайтынын айтады.
"Біз үнемі жас шәкірттерге діни білім алу деген міндетті түрде "молда, иман болу" дегенді білдірмейтінін айтамыз. Алла алдындағы міндетін орындай отырып, өзің оқыған мамандық бойынша халыққа қызмет ету де негізгі парыздардың бірі. Қатарыңыздан қалмай білім алсаңыз ғана толыққанды парасатқа, толыққанды адами құндылықтарға қол жеткізесіз. Ал егер қандай да бір ойдың жетегіне беріліп, өзіңізді де бала-шағыңызды да білім алудан тыйсаңыз, бәрінің болашағына балта шапқанмен бірдей болады", - дейді ҚМДБ өкілі.
Бұнымен қоса Ағабек Қонарбайұлы заманның ағысынан қалыс қалмай техника мен заманауи білімді игеріп, сол арқылы мемлекеттің дамуына үлес қосуға шақырды.
“Дәл қазір біздің қоғамға мықты дәрігерлер, технологтар, IT мамандары, инженерлер қажет. Сол себепті жан-жақты білім алып, игерілмей жатқан білімді игергеніміз дұрыс. Бала шағамызды отанының жанашыры болып, елдің көсегесін көркейтсем деген түсінікті тәрбиелегеніміз жөн. Сонда ғана кешегі Алаш азаматтары, ата-бабаларымыз аңсап кеткен өресі биік білімді ұрпақ болып қалыптасамыз”, – дейді ҚМДБ өкілі.