Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Қазақстан Республикасының дін саласындағы саясаты

Бүгінгі әлемнің жаһандық үндеулері бірқатар маңызды мәселелерді шешуді күн тәртібіне қойып отыр. Соның ішінде дінге қатысты мәселе аса өзекті. Елдің тыныштығына, бейбіт қатар өмір сүру мүмкіндіктеріне қауіп төну ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. 

Дінсіз қоғам құруға тырысқан атеистік идеологиядан соң тәуелсіз мемлекеттерде дінге деген асқан сұраныс пайда болды. Діни ізденістің орнын көп жағдайда қажетті емес бағыттағы діни бағыттардың ілімі басты. Алғашқы кезде мемлекеттердің саясаты бейтараптылық позицияда қалыптасты және діни бірлестіктерді тіркеумен ғана айналысты. Дін саласында мемлекеттің шет тұруы бұл елдерге дәстүрлі емес діни ұйымдардың, деструктивті діни идеологияның кең тарауына алып келді.

Кеңестік Одақ кезінде атеизм идеологиясы барлық жерде дәріптелді. Ал Одақ тараған соң әр мемлекет діни жағдайды қолға алып, руханилық мәселесін өз бетінше қарастыра бастады. Мемлекеттік деңгейде дін мәселесін қарастыратын Заң қабылдау қажеттігі туындады. Осы бағытта да әр мемлекеттің өз қолтаңбасы белгіленді. Біздің елімізде дін туралы Заң 1992 жылы 15 қаңтарда қабылданды, «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» Заңы 2011 жылға дейін қызмет етіп келді. Жаңа заманның үндеулері аясында заң өзгерістерге мұқтаж болды және жаһандық әлемнің әсерлерімен қатар дін саласындағы босаңдыққа байланысты туындаған кейбір мәселелерді шешу мақсатында 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер заңы» қабылданды. Уақыт өте келе қазақстандық шындық басқа да өзекті мәселелерді күн тәртібіне қойды. Заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі тағы да туындап, қазіргі кезде аталмыш Заң талқылану үстінде.

Қазақстан Республикасының 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституциясына сәйкес «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» және Конституцияда анық көрсетілгендей, Қазақстан – поликонфессионалды, полиэтносты мемлекет. Ол өзінің көптүрлі мәдениетті тоғыстыратын табиғатына қарамастан, бейбітқатар өмір сүру жолынан ауытқыған жоқ. Дінаралық келісім мен ұлысаралық келісімді сақтай отырып, бірқатар халықаралық ұйымдардың тарапынан оң баға алып, әлемдік деңгейдегі сенімді ақтады (ЕҚЫҰ төрағалығы, ИКҰ төрағалығы). Әрбір Қазақстан азаматы өзінің ұлтына, сеніміне, тіліне байланысты қысымшылық көрмей, ел мүддесі үшін қызмет ететініне сенімді. Қазақстан дін саласындағы саясатында зайырлылық принциптерін негізге ала отырып, конфессияаралық келісім құндылықтарын тұжырымдайды. 

Мемлекеттің дін саласындағы саясатының дұрыс бағытта дамуы уәкілетті органдардың құрылуы мен олардың қызметтеріне тікелей байланысты деуге болады. Қазақстан Республикасында 2017 жылы 13 қыркүйекте Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, дін саласында мемлекеттің саясатын іске асыруда Ғылыми-зерттеу және сараптамалық орталық пен Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы белсенді жұмыс жүргізуде.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы саясаты қабылданған мемлекеттік бағдарламаларда толық көрініс тапты, атап айтсақ, «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» бойынша жұмыстар жасалды және «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды және тұжырымдама негізінде Заңға өзгерістер, дінтанулық білімнің өзектіленуі, мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізу бағытында жұмыстар жүзеге асырылуда.

Мемлекеттің дін саласындағы саясатын баянды ету үшін білім беру ошақтары маңызды. Діни білім беру мен дінтанулық білімдердің, мамандардың атқаратын қызметі зор. Діни біліммен қатар дінтанулық білімнің өз ерекшеліктері бар. Қазақстандағы діни  және дінтанулық білім туралы айтқанда ең бастапқы негізделетін құжат бұл Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы. Заңда діни білім беру туралы төмендегідей делінген:

рухани (діни) білім беру ұйымдары - дін қызметшілерін даярлаудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орындары (1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар) және рухани (діни) білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау орта білімі бар адамдар арасынан құрылтайшы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады (26-бап. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді білім беру ұйымдарына қабылдауға қойылатын жалпы талаптар). Бұл жалпы діни білімнің заңдағы көрінісі. Ал дінтанулық білім деген жеке түсініктеме жоқ, себебі дінтанулық білім зайырлы білім болып табылғандықтан, оған ерекше анықтама беріліп тұрған жоқ.

 Қазақстан Республикасында діни білім Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында имамдардың біліктілігін жетілдіру институты, 9 медресе және Құран қариларды дайындайтын 2 орталық бар. 9 медресенің біртіндеп колледж статусына көшіріле бастауы, бір жағынан зайырлы пәндердің беріле бастауымен және екінші жағынан медресе-колледжді бітірген түлектердің тек діни емес, сонымен қатар зайырлы оқу орындарына да оқуын жалғастыру мүмкіндігін беретіндігімен қоғам үшін тиімді. Дінтанулық білім беру орта білім мекемелері мен жоғары оқу орындарында беріледі. Мектепте алғашқы кезде «Дінтану негіздері» деген атпен, кейіннен «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп беріліп жүр. Жоғары оқу орындарында дінтанулық пәндер таңдау пәні ретінде енгізілген және 6 жоғарғы орындарында: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ.А. Ясауи Халықаралық қазақ-түрік университеті, Нұр-Мұбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Іскерлік карьера және шет тілдер академиясында дінтанушы мамандар дайындалады.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы саясаты мемлекеттік-конфессионалдық қатынастарда белгілі бір дінге басымдық бергені болмаса, бейтараптық саясатын ұстанатындығымен ерекшеленеді. Осы ретте зайырлы мемлекеттердің ерекшеліктерін, мемлекеттегі дін саласындағы саясат мәселесін, мемлекеттік-діни қатынастарды реттестірудің заңнамалық жолдарын терең зерттеу аса қажет және бұл мәселелердің өз алдына қиындықтары да бар. Кез келген мемлекеттегі мемлекеттік-діни қатынастарды бақылау, реттестіру тәжірибесін жан-жақты талдау арқылы поликонфессиялы, полиэтносты мемлекетіміздегі қалыптасқан дінаралық диалог мәдениетін дамыту, діни жағдайды сақтап тұру үшін қажеттілік болып табылады.

 

А.Д. Курманалиева

 философия ғылымдарының докторы, профессор

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі

06.09.2018

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер