Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Журналистердің діни экстремизм саласындағы сауатын көтерудің маңызы қандай

Алматыда дін, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған ақпараттық және оқыту семинары басталды. Бұл семинарға қалалық және республикалық БАҚ өкілдері қатысып, білім көкжиегін кеңейтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішсі. Журналистердің сауатын ашуға бағытталған шара мемлекеттік тапсырыс аясында Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік мекемесінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Сабақ барысында сарапшылар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу тақырыбында қалам тербейтін журналистердің жіберетін қателіктерін тілге тиек еттті.  «Сәлафиттер, сақалдылар, шолақ балақтылар - бұл журналистердің жиі  қолданатын сөздері. Заң тұрғысынан алғанда бұл дұрыс емес. Олар - ең алдымен тең құқылы Қазақстан азаматтары, қарапайым тұрғындар. Сондықтан, сыртқы келбетіне қарап оған күйе жағуға болмайды. Ақпарат жазғанда «сәлафиттер» деген сөзді жазбас бұрын соған көз жеткізген абзал. БАҚ өкілдеріне арналған семинардың мақсаты - тілшілерге діни экстремизм мен терроризмнің не екенін түсіндіру. Журналистер дін саласының мамандары емес, сондықтан оларға бағыт-бағдар беру керек», - деді «Қазақстан Республикасындағы Терроризм және экстремизм мәселелерін зерттеу бойынша» ҚҚ президенті Кәкімжан Мұратжанұлы. Мамандардың айтуынша, дін, діни экстремизм мен терроризм тақырыбында мақала жазу өте қиын. Себебі, бұл ұғымдардың астарында үлкен мән бар. Тіпті, қауіпті десек те болады. Сондықтан, қате жібермеуге тырысу керек. Әлеуметтік желіні, телеарнаны, сайттарды миллиондаған адам оқиды, көреді, тыңдайды. Журналистің білместіктен жіберген қатесі үлкен саяси дау тудыруы да мүмкін. «Кей журналистер ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей өз тарапынан түрлі мақалалар жазады. Сөйтіп, адамдарды шатастырады, өз мамандығына, яғни журналистикаға нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан БАҚ өкілдерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз», - дейді Кәкімжан Мұратжанұлы. Айта кететін жай, ақпараттық оқыту семинары 5 күнге созылады. Бұл шараға қатысқан БАҚ өкілдері мен блогерлерге 5 күндік оқыту курсы аяқталысымен арнайы сертификат беріледі. Берілген сертификат экстремизм мен терроризмді алдын алу тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистердің бұл тақырыпта қате жібермеуіне үлкен үлес қосады деп сенім артуда ұйымдастырушылар.

Дереккөз https://www.inform.kz/kz/zhurnalisterdin-dini-ekstremizm-salasyndagy-sauatyn-koterudin-manyzy-kanday_a3545233?fbclid=IwAR2m06iLiaFLSK0OURl_hElrU7NYbj_gaTZeQFdVX1se0M6WoXoaDZPPGt0

05.07.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер