Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Сириядан оралған павлодарлық әйелдер қандай қорлық көргендерін айтып берді

Мәшһүр Жүсіп мешітінде «Жусан» операциясы арқылы Сириядан елге оралған әйелдермен ашық сұхбат өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 

 

Олардың бірі Екібастұз қаласының тұрғыны, 28 жастағы Толғанай есімді келіншек Қарағанды қаласында университеттің төртінші курсында оқып жүрген кезінде тұрмысқа шыққан. Күйеуінің достары Сирияға кеткеннен кейін әртүрлі видеоларды көре бастаған. Көз ұзамай екі ер адам келіп, күйеуін сол жаққа алып кеткен. Ата-анасы теріс жолда жүргендерін айтып, райынан қаншама рет қайтарғысы келгенімен, жолдасының соңынан аттанған.

- Бастапқыда соғыстың соңы жеңіспен аяқталып, артынан ақша көп түсті, авиациялық және мұнай жерлерін ала бастады, - дейді келіншек. - Дегенмен, 2017 жылы жеңіліс тауып, жағдай күрделене түсті. Сонда ғана шынайы жағдайға көз жеткізе бастадық. Желтоқсан айында жолдасым қонақта отырған кезде үстінен бомба түсіп, қайтыс болды. Сол кезден бері үйлерді бомбалай бастаған. Көшуден-көшу, аштық басталды. Араб адамдары бай тұрды, алайда басқа елден келгендерге дұрыс қарамайтын. «Өз елдеріңді тастап, несіне келдіңдер?» деп айтатын. Қазақстанда бес уақыт намаз оқып, дұрыс бағытта діни білім алуға еш кедергі жоқ. Біз теріс ағымның жетегінде кетіп, ислам дінін теріс жағынан көрсетіп алдық. Сол үшін қатты өкінеміз.

Жолдасы қайтыс болғаннан кейін мүмкіндігі шектеулі адамға екінші рет тұрмысқа шығуға мәжбүр болған. Балаларының бірі ер азаматтармен жүргенде үстінен бомба түсіп қайтыс болған.

Әсем болса, 2010 жылы ислам дінін қабылдап, тұрмысқа шыққан және намазға жығылған. Үш айдан кейін Түркияға білім аламын деп кетуге бел буған жолдасымен бірге Сирияға бет алған.

- Ол жақта түрлі дәрістер оқып, өзін-өзі жаруға үгіттейтін, - дейді ол. - Жолдасым бас тарта бастады. Бірақ та 2014 жылы жарақаттанып қайтыс болды. Екіқабат болған едім. Көбінесе ауылдарда тұрдық. Қалада бомба көп жарылатын. Қазақтар бір-бірін жақын тартуға тырысатын.

2017 жылы екінші рет тұрмысқа шыққан Әсемнің айтуынша, алты жыл небір сұмдықты басынан өткерген олар балаларын асырап қалу үшін ауыр жұмыстар жасауға мәжбүр болып, түрлі қорлық көрген, қайыр сұрап кетіп, аштықтан шөп жеген күндері де болған.

- Өзін-өзі жарып жібергендер болды, - дейді Толғанай. - Көп азаматтар осы қадамға барды. Соңғы кездері әйелдерді де соғысуға шақырды. Жанымыздан оқтар ұшып, оттар болды. 2019 жылы күрттердің лагеріне шықтық. Ол жерде көп аяқ-қолдары жоқ мұсылмандар құрттап, шіріп, сасып жатты. Лагерьде үш ай болдық. Ата-аналары оқытса оқытады. Жалпы балаларда оқу болмады. 12 жастан лагерьлерден соғысқа дайындайтын. Автомат пен пистолеттен атудан үйретеді. Он төрт жастан үлкендермен бірге соғысқа шығатын.

Өздерінің адам төзгісіз жағдайға тап болуына білімсіздік себеп болғанын айтатын әйелдер бүгінде ата-аналарының ақылына құлақ аспағанына қатты өкінетіндерін және ол жақтан бақыт таппайтынын айтады.

- Ресейден адамдар көп болды, - дейді олар. - Түн ішінде алып кетуі мүмкін. Әйел адамдарға өте қиын. Ұрып-соғады. Бізді алып кетуге келген кезде сондағылар қызғанышпен және қызыға қарайтын. Сол кезде қазақ болғаным үшін қатты қуандым. Сириядан келген соң Ақтауда арнайы тексерістен өткізіп, психолог және теолог мамандармен жұмыс істедік.

 Толғанай үш баламен, Әсем екі баламен оралған. Алдағы уақытта екеуі де жұмысқа тұрып, балаларын дұрыс тәрбиелеп жеткізуге мақсат қойған.

15.07.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер