Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Байсалды жат ағым өкілдері

Елімізде жер дауы, жесір дауы ежелден бар даулардан, ал қазіргі уақыттағы бір дін ішіндегі діни көзқарас пен діни көшбасшылардың жеке позициялары себепті бөлінуді тарих беттерінен кездестірмейміз.

90 жылдардың басындағы қоғамдағы діни білімдегі вакуумның болуын әр түрлі миссионерлер өздерінің жат пиғылдарына оңтайлы пайдаланғаны мәлім. Бұл жағдай  жастарда тіпті ағабуын өкілдерінде діни миссонерлердің көптеген жат, теріс көзқарастарына қарсы діни дұрыс иммунитеттің жоқтығын көрсетті.

Енді қазіргі қоғамға оралып, ислам дініне қатысты топтардың ішіндегі  ең агрессивтілеріне тоқталсақ. Жалпы ислам дініндегі бүкіл үмметке атақты, пайдасы тиген ғалымдар ауызбіршіліктің намаз секілді парыз екендігіне бірауыздан келіскен. Олай болса қазір жиі көрініс тауып жатқан біздің кішкене амалдарымыз ешқашан үлкен мақсатымызды әлсіретпеу керек. Мысалы сақал немесе сырттай оқылатын намаздарда «Фатиха» сүресінен кейін оқылатын «әмин» дұғасы секілді сыртқы сүннет амалдар ішкі, ең негізгі болып саналатын басты діни мақсаттарға зиян тигізбеу керек.                  

Қоғамнан көріп отырғанымыздай жат ағым өкілдері  қарапайым халық арасында да беделге, абыройға ие жандар арасында да баршылық. Біз оларды байсалды және радикалды деп бөлсек те олардың негізгі сүйенер ғалымдары, діни көшбасшылары, бастары мен көздеріне қоятын кітаптары бір. Радикалды жат ағым өкілі позициясын ашық, анық білдіруімен қауіпті, ал байсалды жат ағым өкілі өзінің позициясын жасырып, барлық қауіпті көзқарастарын бүркемелеуімен одан да қауіпті. Неге десеңіз жүректегіні бір ғана Құдай біледі, ал біздер тек іштегі құпия сыртқа жарылғанда ғана оған көз жеткіземіз, әлсіз жеріміз де осы. Ал әлсіздігім осы деп қол қусырып отыра беруіміз біздің тіпті әлсіздігімізді көрсетеді.

Байсалды жат ағым өкілдері өздерін сипаттағандай олар «мемлекетке, конститутцияға бағынады, іріткіні жек көреді, басшыға бізден жақсы бағынады». Міне, осы ұстанымдарына біз де нық сеніп: «қалғанын бір Аллаға тапсырдық, жабулы қазан жабулы күйінде қалсын дей салайын»- десек, жоғарыда тілге тие кеткендей барлық жат ағым өкілдерінің оқитын, сүйенетін кітаптары мен ғалымдары бір. Сол ғалымдарының конститутциялық мемлекеттік құрылымды «күпірлікпен», мемлекет басшысын халықтан дауыс жинау арқылы сайлауды ширкпен нақты, кесіп айыптаған сөздері кітаптарында жазулы. Ал сол кітаптардың қате санағаны жайлы жергілікті уағызшы жігіттердің аузынан ол ғалымдарына қарсы еш сыни көзқарас естімедік. Бұл айтылған қысқа ғана жайттардың өзі бізге байсалды жат ағым өкілдері жайында да ойлану керектігін ұғындырып тұр. 

«Олар басшыға бағынады, ешқашан іріткі салмайды немесе лаңкестікке бармайды, олай айыптайтындай олардың жүрегіне кіріп шықтың ба»- деп айтылатын сынға да қысқаша жауап бере кетсек. Иә, біз олардың жүректеріне кіріп шықпадық, байсалды жат ағым өкілдері ашық айтпаса немесе қылмыс істемесе біз оны айыптауға ақымыз жоқ. Дей тұрғанмен басшыға бағынатын кісі басшының бекіткен заңнамаларын, халыққа айтқан үндеулерін, басшы қойған басшыларға бағынуын ісімен көрсетуі керек.

Қарапайым ғана мысал, біздің конститутциямыздың кіріспесінде Елбасы біздің түбіміз түркі, ханафи мазхабын ұстанатын мұсылмандар екендігімізді тілге тие кеткен. Әшейін де қорамдағы малымды басшым айдап кетсе де ризамын дейтін байсалдыдар мешітте ханафи мазхабы бойынша «әмин» дұғасын іштей айтуға қасарысып, имаммен жаға ұстасуға дейін дайын. Олай болса ұстаным түріндегі Елбасының жай бір мақала да емес, конститутция кіріспесінде келген сөзінің бір бөлігіне бойұсынбайтын байсалдыларды патриот, басшының жанашырлары деп санауымызға әлі ертерек.

Иә жат ағым өкілдері саясаттан алшақтау, партия құрудан аулақ, өйткені саны аз, әрекеттен нәтиже аз екенін біледі. Ал көбейсе, елдің 30 пайызын құраса іс өзгеруі әбден мүмкін. Оған дәлел Египетте тікелей осы байсалдылардың белсенділігімен құрылған «хизбун-нур» партиясы.

Кейде біреу өзін жаман жағынан ашық көрсетсе оны әр түрлі айыптаумен айыптаймыз, ал біреу негізгі ұстанымын жасырып, өзін тек жақсы жағын көрсетсе оны мақтаймыз. Шынтуайтында екіншінің қауіпті, әрі айыптауға лайықтырақ екендігі баршамызға мәлім. Ауруды асқынбай тұрып емдеген жақсырақ екендігі баршамызға аян, ал енді ауру орта жолға кеп қалған болса оны басқаға жұқтыртпай, оқшаулау ұстау да жеңіс екендігін білеміз. Олай болса көршімізді ұры тұтпас үшін өзіміз сақ болып, кейбір бетпердесін жасырған жат ағым өкілдерінің негізгі проблеманы басқа жаққа бұратын сөздеріне алданбай, ұлттық мүддеміз бен қоғамымыздың ауызбіршілігін кетіретіндерден, дәстүрді аяққа таптап, өздерін халықтан, елден үстем санайтындардан  сақтанайық.

 

Қайыргелді Руслан

Қоғамдық даму басқармасының

жанындағы Кеңес беру және оңалту

орталығының басшысы

14.08.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер