Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Алматыда жастарға діни экстремизм тудыратын қауіп-қатер түсіндірілді

Алматыда политехникалық колледж студенттерінің діни экстремизм мен терроризм тақырыбындағы сауатын ашуға бағытталған жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай түсіндіру жұмыстарын Қоғамдық даму басқармасының тапсырыс аясында «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.

Сарапшы мамандар студенттерге діни қатынастар және діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру саласындағы заңнамалық нормалар туралы түсіндірді.

Шараға жиналған студенттер Дін және мәдениет істері бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Кәкімжан Бишмановтан діни сауаттылығын арттырып, заң тұрғысында міндеттері мен құқықтарын нақтылады.

«Терроризм, экстремизм, варваризм жайлы естіген боларсыздар. Террористің діні, ұлты жоқ. Террорист өмірін өзін-өзі өлтірумен аяқтайды. Террористің өз-өзіне қол жұмсауы мен қарапайым адамның өзін өлтіруі екі түрлі жағдай. Дегенмен, екі жағдайда да адам өзін өлтіреді. Қай дінде де өзіне қол салу ауыр күнә болып есептеледі. Өзін өлтіргенмен қоймай, террористер жазықсыз адамның да өміріне балта шабады. Бір адамды жазықсыз өлтірген бүкіл адамзатты өлтірумен тең», - дейді Кәкімжан Бишманов.

Профессор студенттерге Қазақстанда ресми түрде тіркелген 17 ірі дін конфессиясы аясында әңгіме қозғап, дін мен биліктің бір-бірінің ісіне не себепті араласпайтынын түсіндірді.

«Біздің бүкіл өміріміз заңмен тығыз байланысты. Радикализм деп аталатын жол бойынша жүретін болсақ, бұл қоғамдық пікірге қосылмайтын көзқарас екенін түсінеміз. Олар заңға бағынбайды. Радикализм - кабель сияқты. Оның бағыттарының бірі – экстремизм. Ол тәртіпсіздікке, шабуылға шақырып, мемлекет ішінде хаус жасауды мақсат тұтады. Экстремизмнің өзі діни, саяси, ұлттық болып бөлінеді. Осы қасиеттің барлығы бір адамның бойында болады. Өйткені экстремизмнің қай түрі боса да бір-бірімен байланысты. Бұл жүретін бомба», - деді профессор.

Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі студенттері мен професордың арасында әңгіме өрбіп, жастар маманға көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.

Айта кету керек, мұндай кездесулер қалалық Қоғамдық даму басқармасының Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында атқарылып отыр.

 

13.09.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер