Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Алматыда жастар зайырлылық принциптерімен танысты

Кез-келген елде зайырлылық принциптерінің салтанат құруы діни тұрғыдан білімді, сауатты жастардың өсуімен сипатталады.

Бұл туралы ойымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Қарлығаш Борбасова Алматы мемлекеттік педагогикалық колледж студенттерімен кездесу барысында бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәрісті колледждің 1-2 курс студенттері тыңдады. Дінтанушы маман жастарды дін саласындағы мемлекеттік саясатпен таныстырып, діни санасын қалыптастыруға тырысты. Кездесу барысында зайырлылық принциптері терең ашылды.

«Зайырлы мемлекеттің принциптерінің бірі - толеранттылық. Зайырлы мемлекет көп конфессиялы, көп дінді болады. Бейбіт өмір сүру үшін Елбасының саясаты, жалпы мемлекеттік саясат, төзімділік мәселелеріне көңіл бөлу керек. Бұл түсініктердің өз шеңбері бар. Біз ұлт ретінде қазақ екенімізді, егемен ел болу үшін ұлттық қауіпсіздікті ұмытпауымыз керек. Сауатты болуымыз керек. Саяси, діни сауатты болу керек. Сол үшін жастар көшеде, кез-келген жерде адамдармен қатынас жасағанда олар сізге діни уағыз айтуы мүмкін. Жастарда рухани ізденіс болады. «Өмірдің мәні неде, адам неге өледі, өлген соң қайда барады?» деген сияқты сауалдарға өмір бойы жауап іздейтіні анық. Көп жастар оны ата-анадан, мұғалімнен сұрамайды, интернетке сүйенеді. Ал бұл қауіпсіз емес», - деді Қарлығаш Борбасова.

Профессор жастарды жат ағымның жетегінен қорғау үшін әкімшілік тарапынан әртүрлі іс шара ұйымдастырылып жатқанын айтты. Дінтанушы маман ел болашағын тәрбиелеуде қыз балалардың рөлі өте жоғары екенін атап өтті.

«Қыз балаға үлкен жауапкершілік берілген. Себебі сіздер тек өз балаларыңызды емес, бүкіл қоғамның болашағын тәрбиелейсіздер. Қазақтың негізгі дәстүрі - үлкенді сыйлау. Мұғалімдер өзінің іс әрекетімен, ісімен үлгі болуы керек. Шашты жаймай, қысқа юбка кимей, анаға қарсы сөйлемеу, енеңізді сыйлау, азаматыңызды сыйлау керек», - деп қорытындылады Қарлығаш Борбасова.

13.09.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер