Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Дін мен дәстүр үндестікте болуы тиіс

 Қазақтың ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары ислам дінімен тығыз байланысты. Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған.

Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы қазақ елінің өзіндік қолтаңбасын, қоғамдық келісімнің мызғымас моделін көрсетсе керек. Салт-дәстүрді де, ислам дінін де ұлтты ұйыстырушы, тыныштық пен бірліктің факторы ретінде қарастыруға әбден болады.

Мемлекет жүргізіп отырған діни саясат аясында дін мен дәстүрдің бірлігі мәселесі де қарастырылған.

Осы орайда Алматыда 12 қыркүйекте «Байсат» сауда орталығының намазханасында қалалық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Дін мен дәстүр» жобасы аясында базар жамағатымен кездесу өтті. Шараға 70-80 адам қатысты.

Базар сатушыларымен әңгімені дінтанушы, теолог, «Нұр-Мүбарак» Мысыр Ислам мәдениеті университетінің докторанты Асылтай Тасболат жүргізді.

Кездесу кезінде дәстүрлі ислам, терроризмге қарсы іс әрекет, діни экстремизм мен жат ағымдарға қарсы күрес пен олардың уағызына алданбау мәселелері айтылды.

«Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі мұндай шараларды тамыз айынан бері өткізіп келеді.

Кездесулер Алматыдағы сауда орталықтарының намазханаларында, мешіттерде, ЖОО-лар мен колледждерде өткізіледі.

«Біз «Дін мен дәстүр» жобасы аясында тарих ғылымдарының докторларымен, ғалымдармен, этнографтармен, теологтармен кездесу өткіземіз. Негізгі мақсатымыз - діни экстремизмнің алдын алу, жастардың, қала тұрғындарының жат ағымдарға қарсы иммунитетін көтеру. Бұл адамдардың ұлттық болмысына, түп-тамырына, салт дәстүріне, әдет-ғұрпына, тарихына деген құрметті оятуға бағытталған. Осы бағытта алдын алу шараларын өткізіп тұрамыз», - деді «Адырна» ұлттық этнограф бірлестігінің төрағасы Арман Әубәкір.

Айта кету керек, тамыз айынан бері «Адырна» бірлестігі 8 кездесу өткізген. Олардың барысында тарихшы, теолог ғалымдар мен жамағат арасында маңызды диалог, ашық әңгіме өрбиді.

Жиналғандар кейбір дәстүрлердің шариғат қағидаларына қаншалықты сәйкестігін сұрап жатады.

Оның ішінде халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа, пітір таратып, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды.

Қалалық Қоғамдық даму басқармасының атқарып жатқан түсіндіру жұмыстары осы биік мақсат мүддесінен шығып отыр. Сайып келгенде, Отан деген сөздің астары белгілі бір адамдар тобының ортақ дәстүрмен, салтпен, құндылықтармен өмір сүретін адамдар тобын білдірсе керек.

«Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр», - деген еді белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістер мен қақтығыстарды еңсерудің жаңа сенімді механизмдерін жасауымыз керек. Дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс әрекетін қатаң түрде тыйып отыру қажет. Қоғамда, әсіресе жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек», – деген болатын.

 

13.09.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер