Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Дінтанушы: Ислам дінінің тек сыртқы формасын қабылдағандар - адасқандар

Ислам дінінің тек сыртқы формасын қабылдаған адамдар адасып жүр. Мұндай пікірімен Алмалы аудандық әкімдігі аппаратында болған кездесуде ҚР ҰҒА ҒК философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, PHD докторы Алмасбек Шағырбай бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда дін мәселесі өте өзекті мәселелердің бірі. Қоғамда әртүрлі діни ағымдар бой көрсете бастады. Соған байланысты біздің Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасы ақпараттық түсіндіру тобын құрды. Бұл - қашан жарылыс болады деп күтіп отырмай, адамдар дұрыс ақпарат жеткізу мақсатында қолға алынған шара. Елімізде қазір 1000-ға жуық азамат экстремизм мен терроризм бабы бойынша түрмеде отыр. Жылына 50-60 адам қосылып отырады», - деді Алмасбек Шағырбай.

Оның айтуынша, көптеген азаматтар діннің сыртқы атрибутикасын ғана қабылдап, тура жолда жүр екенмін деп адасады.

«Осы отырған азаматтарымыздың ішінде қай-қайсыңыз да салафизм діни ағымымен танысқан боларсыздар. Өйткені, оларды сыртқы киім атрибутикасынан тануға болады. Бұл азаматтар өзге елдің дәстүрі мен мәдениетін дін деп қабылдаған адамдар. Сондықтан, олар өзге елдің құндылықтарын бізге таңғысы келеді. Бұл адасушылық. Мәселен, кейбірі намаз оқымайтын ата-анасына қарсылық білдіреді. Біздің салт дәстүрді жоққа шығарады. Жеті шелпек, тұсау кесу, шашу шашу сияқты ғұрыптарға да қарсылық білдіреді», - деді Алмасбек Шағырбай.

Дінтанушының ортаға салған тақырыбы көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Отырғандардың арасында бір қызметкер өз пікірін де білдірді.

«Мен қоғамдық көлікте осындай, сіз айтқандай, киім киетін азаматтарды көргенмін. Олардың бірінің аяғын басып кеткенде маған сондай ашуланып, дөрекілік көрсетіп, тіпті ұруға дейін барған еді. Шынымызды айтсақ, біз мұндай адамдардан қорқамыз. Қоғамда үрей бар. Біз олардан қалайша сақтана аламыз?» - деді әйел.

Оның сауалына дінтанушы төмендегідей жауап берді.

«Сіздер ондай ахуал туындағанда ең алдымен құзырлы органдарға хабарлаңыздар. Айналаңызда, туыстарыңыздың арасында, күдікті жиналыстар туралы естісеңіздер, бірден 102 нөміріне хабарласқандарыңыз жөн», - деді Алмасбек Шағырбай.

Дәрістен соң тыңдармандарға деструктивті діни ағымдардың қаупі туралы арнайы видеофильм көрсетілді.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының мониторинг және талдау орталығы жыл аяғына дейін осы сияқты 600-ден астам іс-шара ұйымдастырмақ. Жалпы саны 100 мыңнан аса адам қамту жоспарда бар. Бұл іс-шаралар қаламыздың барлық әлеуметтік топтарын қамтиды. Жалпы білім беру мекемелері оқушыларына, орта арнайы, жоғары оқу орындары студенттеріне және де деструктивтік ағым өкілдері көп шоғырланған сауда кешендерінде басым көпшілік шаралар жүргізіледі.

26.09.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер