Дін саласындағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстардың өзекті бағыттарының бірі – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту. Біздің қазақстандық қоғамның жағдайында қазір дін және дәстүр сұхбаты маңызды орын алады. Дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Біздің рухани құндылықтарымыз – дін мен дәстүрдің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы.
Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап өту қажет. Өйткені кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.
Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреп, рухани жұтаңданудың күшеюі, діни сауаттың төмендігі радикалды идеологияның таралуына түрткі болатын басты факторға айналып отыр. Рухани тамырынан, дәстүрлі құндылықтарынан қол үзіп қалған бүгінгі буынның бірқатар өкілдері осындай шетін идеологияға алданып, өз ұлтының салт-санасына, дәстүрлі құндылықтарына қарсы шығуда. Ал өз ұлтына қарсы шығу – өз отанына, мемлекетіне қарсы шығу деген сөз. Еліміздің тарихымен, мәдениетімен, рухани құндылықтарымен қабыспайтын жат діни көзқарасты насихаттап жүрген кез келген ағым қазақстандық қоғамның дәстүрлі ұстанымдарына, ішкі тұрақтылығына нұқсан келтіреді.
Дәстүрлі рухани құндылықтар тарихи дәуірлерде халқымыздың бойындағы шығармашылық қабілет, өнерпаздық, ізденгіштік қасиеттермен, ұлт дүниетанымында орныққан рухани құндылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің жоғары руханиятымызды құрады.
Дәстүрлі дініміз ата-бабамыздың көпғасырлық даналығына негізделген. Әл-Фараби, Яссауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ұстанған дәстүрлі қазақ мұсылмандығына басты негіз ретінде соқыр сенім емес, ақыл-парасат алынған. Аталған ойшылдардың мұралары заманауи Қазақстан қоғамында туындап отырған дін төңірегіндегі мәселелерге жауап беруде өз өзектілігін жойған жоқ.
Ержан Малғажыұлы
исламтанушы, магистр