Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Алматыда жасөспірім қыздарға діни сауат жөнінде түсіндіру жұмысы өтіп жатыр

Алматының Қоғамдық даму басқармасы дін және мемлекет қатынасындағы зайырлылық ұстанымын қоғамда қалыптастыру  мақсатында іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алып жатыр. Әкімдік негізгі жұмыстың да кімге бағытталуын және қандай мәселеге баса назар аудару керегін нақтылап берді.

Шаралар  дәріс, сұрақ-жауап, әңгімелесу түрінде қала мектептері мен колледждердің білім алушыларының арасында жүргізу ұйғарылды. Бұндағы ерекшелік – негізгі аудитория жоғары сынып және колледждерде оқитын жасөспірім қыздар болып отыр. Қазір оларға түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Басты мақсат – қыз балалардың діни ұстамына сай мектеп формасынан бас тартпауын және оларға зайырлылық принциптерінің мәнін түсіндіру.

Соның аясында 19 қыркүйекте “Сымбат” дизайн және технология академиясының колледжінде, 20 қыркүйекте Алматы технология және флористика колледжінде дәріс өткіздім.

Дәрістің мазмұнына сай слайд көрсетіліп отырды. Дәріс, әрине, “зайырлылық” ұғымын талдаудан басталды. Еліміздегі діннің мемлекеттен бөлек екені, барлық қоғам мүшелерінің  ар-ождан бостандығының қамтамасыз етілгені, мемлекет дін ұстанымының демократиялық сипатта екеніне басты назар аударылды.

Дін тақырыбының қоғамымызда күрделі мәселелердің біріне айналып отырғаны және дін арқылы елді біріктіруге де, бұзуға да болатыны туралы мәселе көтеріліп, елімізде деструктив идеологияны таратушы діни бағыттардың да кездесетіні және оларды қалай ажыратуға болатыны туралы кеңес берілді.

Ұрпақ тәрбиесіндегі діни тәрбиенің орнына, діни сауатсыздықтың нәтижесі болашақ ұрпақтың рухани құлдырауына, ұлттық қасиетінен айрылуына апару қауіпі – барлығы туралы ой бөлістік.

Дін мен дәстүрдің үйлесімді бірлігін берік қалыптастыра білген ұлттың ғана ғұмыры ұзақ болады. Ол ұлтты тәрбиелейтін – әйел адам. Сондықтан қыз балаларға үлкен жауапкершілік жүктеледі деген тұжырым жасалды.

Дәріс соңында қыздарға дінге қатысты қысқаша ақпарат беретін арнайы жасалған парақшалар таратылды. Онда қосымша дәстүрлі діндердің сайттары, сенім телефоны, оңалдыру орталықтары туралы ақпарат берілген.

Қарлығаш Борбасова 

философия ғылымдарының докторы

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры

16.10.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер