Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Дін дегеніміз – сенім, жаратушының болмысына құлшылық арқылы жақындау. Ол пенденің ішкі жан-дүниесімен тікелей байланысты ұғым.

Ал оны сыртқа шығару, ішкі рухани мәселелеріне қарағанда адамның сыртқы киім-киісі, жүріс-тұрысы арқылы ортада ерекшеленуге талпыныс дінді белгілі бір мүдде үшін қолдануға негіз болады.

Табиғаттың тылсым күшін түсіне алмаған адамзат баласы алғашқы кезде табиғат құбылыстарына табынды, діни наным-сенімдерді ұстанды. Бүгінде адамның сол кездегі ақылы жетіп, түсіне алмаған құбылыстардың бәрінің ғылыми анықтамасы бар. Дегенмен дінге деген құлшыныс әлі де өзекті. Дұрыс бағытта таралған дін қоғамның бірігуіне, рухани тазалығына, мәдени баюына негіз болса, теріс бағытта таралуы мемлекеттің біртұтастығына, қоғамның тұрақты дамуына кері әсерін тигізеді. Діни негіздегі мәселелермен байланысты сан-саққа бөлінген Югославия, қақ жарылған Судан, немесе дінді саясатта қолданудың нәтижесінде елдің ойраны шыққан Сирия мемлекеттерінің тағдыры адамды ойландыруы тиіс. Уинстон Черчилльдің “Ақылды адам қателіктерді өзі жасамай, оларды өзгелердің жасауына мүмкіндік береді” деген қанатты сөзі тарихтан тағылым алып, елдің тыныштығын сақтауды құндылық ретінде биік көтеруге үйретеді. Осы және өзге де өзекті мәселелер Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өткізілген “Алматы қаласы мектептерінің оқушылары арасында дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыру және деструктив діни ағымдардың таралуының алдын алу бойынша білім беру қызметкерлеріне арналған практикалық ұсыныстар” атты семинар барысында талқыланып, “Зайырлылық және дінтану негіздері” пәнінің мұғалімдері мен мектеп, колледж директорларының оқу және тәрбие ісі орынбасарларына күнделікті тәжірибе қолдану үшін кеңестер, практикалық ұсыныстар берілді.

Мектеп формасына қатысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығын басшылыққа ала отырып жұмыс істеудің оң нәтижелері болғанмен, әлі де толықтырулар қажет ететіндігі алға тартылды. Оқушылардың сабақ кезінде діни қажеттіліктерін өтеуге сұрану әрекеттері мен одан шығудың жолдарын анықтайтын жағдаяттық тапсырмалар аясында әдістемелер көрініс алды. Елімізде діни әдебиеттер тек дінтанулық сараптамадан өткен соң ғана таратуға рұқсат етіледі. Әлеуметтік желі қазіргі кезде жастар арасында жұмыс істеудегі ең басты бағыт. Шекарасыз ғаламдық кеңістік берері мен алары көп ашық алаң. Бұл жаһандық заманның күн тәртібіне бірқатар мәселелерді тудырып отырған кеңістігі. Төл мәдениеттің бұлағынан сусындамаған жас түрлі ағымның жетегінде кету қаупі бар. Бұл мәселелер семинарға қатысқан әрбір ұстазды толғандырып, қоғамның дерттеріне назар аудару, кез келген мәселеге дер кезінде көңіл аудару азаматтық позияцияны нығайту арқылы қол жеткізуге болатыны тұжырымдалды. Осы орайда дінтану пәнінің атқаратын қызметі үлкен. Діндер туралы зайырлы мемлекет принциптері тұрғысынан берілетін пән аясында барлық діндердегі бірдей моральдық өсиеттер: өлтірмеу, ұрлық жасамау, өтірік айтпау принциптері жан-жақты дәріптеледі.

Сонымен қатар ол принциптер әрбір азаматтың өмірлік қағидатына айналса, қоғамның руханилық деңгейі үстем болады. Шынайы дін ізгілікке, әдептілікке, төзімділікке үйретеді. Сауатты ақпарат адасудан сақтап, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болады. “Зайырылылық және дінтану негіздері” пәнінің аясында өтілетін тақырыптардың түпкі мақсаты да осы.

Айнұр Құрманалиева

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.

30.10.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер