Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Жат ағымның зардабы ауыр болады - Бақтығали Шәпиев

Қазақтың дәстүрлі дін жолын бұрмалап, талай отбасының шырқын бұзған бүлдіргі ағымдар мүшелерінің қатарының көбеюі жұртшылықты кәдімгідей алаңдатып отыр. Философия ғылымдарының кандидаты Бақтығали Шәпиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздің тұтастығына, тыныштығына, ұлтаралық ынтымағына кері әсерін тигізуге бағытталған діни ағымдар мен секталардың шектен шыққан іс-әрекеттері жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Олардың көздеген мақсат-мүдделерінің тамыры қайда жатқандығы бүгінде қалың көпшілікке де белгілі болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беріліп, мәдени-руханият саласы айтарлықтай қарқынды дамығандығы белгілі. Соның салдарынан елімізге әлемнің түкпір-түкпірінде пайда болып, кейбіреулері өз елдерінде саяси дағдарысқа ұшыраған діни ағымдар мен секталар демократиялық үдерістерді желеу етіп, бізге келіп жетті. Босап қалған рухани кеңістіктің орнын толтыруға белсене кірісіп, діни ағымдардың мүмкіншілігі арта түсті», - деді Бақтығали Шәпиев.

Оның айтуынша, еліміздің түкпір-түкпірінде тәкфіршілер, «Хизбут-тахрир» «Таблиғ-и-жамағат» және тағы басқарадикалды ұйымдардың өкілері кездеседі.

«Бұлардың үгіт-насихаттары исламның бірегей қасиетті кітабы – Құран Кәрімнің үкімдерімен көп жағдайда сәйкес келе бермейді. Әрі дінге кейіннен қосылған әртүрлі мәнсіз ырымдар мен нанымдарды қамтиды. Бұлар ортақ идеологиялық платформа ретінде уахабизмді ұстанады. Мысалы, салафиттер мен тәкфіршілер кәпірлерді исламға күшпен кіргізуді қуаттаса, «Хизбут-тахрир» ислам қоғамын орнатудың, яғни халифат құрудың бірден-бір жолы төңкеріс деп есептейді. Құран Кәрімде халифат құру туралы айтылмаса да «Хизбут-тахрир» Орталық Азиядағы елдердің, соның ішінде Қазақстанның да орнына халифалық мемлекет орнатуды көздейді», - деді Бақтығали Шәпиев.

Оның айтуынша, «Таблиғ-и-жамағат» болса, белсенді үгіт-насихат жүргізіп, ақпарат жинау және террорлық ұйымдарды сарбаздармен қамту арқылы қызмет етеді.

«Уахабиліктің негізін салған Мұхаммед бин Абдулуахаб хижраның 1125 жылы Басрада ағылшын тыңшысы Хемфердің тұзағына ілініп, ағылшындардың Исламды жою мақсатындағы басты құралына айналған. Ахмет бин Таймийаның әһли сүннетке қайшы келетін кітаптарын оқып, «Шайх-и Нәжди» деген атпен танылған. Оның идеялары ағылшындардың қаржысы мен қарулары арқылы сауатсыз жандардың, Дарийа халқы мен басшылары Мұхаммед бин Сууд тарапынан қолдау тапты. Олар амал, ғибадат - иманның бөлшегі деп қабылдайды. Парызды орындамаған адам кәпір, оны өлтіріп, мал-мүлкін тарату керек деп санайды. Бұл туралы «Фатх-ул-мәжид» кітабының беттерінде жазылған. Сондай-ақ, пайғамбарлар мен әулиелердің рухынан шапағат сұраған адам, олардың мазарына барып, оларды себеп етіп дұға еткен адамды кәпір деп есептейді. Мінекей, осындай пиғылды топты қалай ислам дініне жатқызуға болады»», - дейді Бақтығали Шәпиев..

Оның пікірінше, қазақ халқының ислам дінін қабылдағанына мың жылдан аса уақыт өтті. Сол уақыттан бері халқымыздың қалыптасқан діни, мәдени, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлік көзқарасы бар. Ол ізгілікке, мейірімділікке, бейбітшілікке негізделген.

«Халқымыздың небір игі жақсылары, хандарымыз бен билеріміз, батырларымыз бен ақын-жырауларымыз, небір оқымысты ғалымдарымыз осы жолда, осы рухта тәрбиеленген. Олардың ішінде әулиелер мен ата-баба рухын қастерлеу, әулиелер басына барып түнеу, қайтыс болған кісіге жетісін, қырқын, жүзін, жылын беру сияқты ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көптеген діни салт-дәстүрлер бар.

Ал уахабшылар өздерінің діни уағыздарында «Қазақ әулиеге сенеді – бұл ширк», яғни кешірілмес күнә, «Қазақ аруаққа құран бағыштайды, ал аруақ деген құр саудыраған сүйек, басқа түк те емес, ендеше бұл да ширк», «қабірді зиярат ету – ширк», «аруақтарға бағыштап жеті шелпек пісіру – ширк» деп жастарымыздың санасын улап жүр», - деді ғалым.

Бақтығали Шәпиев сырттан келіп жатқан бүлдіргі діни ағымдардың мақсаты – Қазақстан халқының ынтымағына іріткі салу деген ойда.

«Елімізде жат ағымдар мен секталардың шырмауына негізінен жастар, жоғары оқу орнының студенттері ілініп, тіпті мектеп оқушылары да тартылып жатыр. Олардың арасынан тұмшаланып киініп, етегіне сүрініп жүргендерді, шаштарын тақырлап алып матаға оранғандарды, балауыз жағып шоқынғандарды, жастығына қарамастан қаулатып сақал жібергендерді де көруге болады. Бұлардың алғашқы өкілдері 90-жылдары араб елдерінде, әсіресе, Сауд Арабиясы мен Пәкістан мемлекетінде діни білім алғандар. Кейін келе бұлардың қатарына шетелдердің зайырлы оқу орындарында білім алғандар қосылды. Мұсылман елдерінен келген миссионерлер ашқан ислам орталықтары негізінен уахабилік ілімді насихаттайтын орталықтарға айналды. Ең өкініштісі, ислам атын жамылған әртүрлі шетелдік ағымдар мен секталарға қызмет етуші, солардың ықпалындағылар өз отандастарымыз. Жүздеген азаматымыз басқа діннің қатарын толтырып жатса, мыңдағаны әртүрлі исламдық ағымдардың шырмауына ілігіп отыр», - деді Бақтығали Шәпиев.

Ол елдегі идеологиялық иммунитетті күшейту қажет деп санайды.

«Халықтың діни сауаттылығын арттыру жолында үлкен жұмыс атқару керек. Мемлекет тұрғысынан заңдардың талабын күшейтіп, жастарға тәрбие беруге басымдық берілгені жөн. Өз кезегінде қоғамдық ұйымдар да, жергілікті ақсақалдар қауымы да атсалысып, өскелең ұрпақтың тағдырына бей-жай қарамағаны абзал», - дейді Бақтығали Шәпиев..

29.10.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер