Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Ол жақта өлім үйреншікті нәрсе – Сириядан оралған әйел

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Youtube арнасында Сириядан оралған әйелдердің тағдырынан сыр шертетін «Шырмаудағы гүлдер» деректі фильмі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Деректі фильмде Аида Амангелді атты 1995 жылы Қазығұрт ауданында туған әйелдің тағдыры баяндалады. «Ум исхақ» діни лақап атын иемденген ол Шымкенттегі діни медреседе бір жыл көлемінде діни білім алған. Отбасы мүшелерімен 2015 жылдың 31 тамызында «Шымкент-Анталия» әуе бағытымен Түркия арқылы Сирия аумағына өтіп, ДАИШ ұйымына қосылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, Интерпол бағыты бойынша халықаралық іздеу жарияланған.

Сирия аумағына жетісімен сол жерде әкесінің қалауымен содыр Абу Зейд аль-Азериге тұрмысқа шыққан. Аида таяуда Түркістан облыстық сотының шешімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Бізге Ыстанбұлда Сирияға баруға көмектесетін Осман деген адамды жіберді. Ыстамбұлда бір жарым айдай болдық та, Сирияға 16 қазанда кірдік. Әкем мен ағамның ықпалымен сол жаққа кеттік қой. Бірақ, бізге ол жақта соғыс деп айтқан жоқ еді. Біздің үйде әкемнің айтқаны – заң. Бізден барасың ба, бармайсың ба деп сұрамайтын да. 1997 жылы туған намаз оқымайтын інімді әкем қинап алып кеткен. Сосын сол жақта әзербайжандық лезгинге тұрмысқа шықтым. Күйеуім қатал әрі қызғаншақ болғандықтан, үйден шыққан жоқпын. Ауырдым. Екі мәрте балам ішімде шетінеп кетті. Бомба... Үйлеріміздің арасы екі подъез ғана болса да, анама жібермейтін. Ешкіммен араластырмай, ешқайда шығармайтын. Тек үйде енемнің қасында отыратынмын. Бүгін өлем бе, ертең өлем бе деген қорқынышпен өмір сүрдік», - дейді ол.

Қазақстаннан барған әйелдің айтуынша, күнде қайталанатын бомбалаудан ертеңгі өмірге деген үміт те жоққа айналатын көрінеді.

«Сондай жерден аман-есен келіп тұрмын. Жүре алмай, төсекте жаттым. Ол жақта тамақ жоқ. Жата беретінмін. Бір жерде жасырын тұрдық. Қаштық. ДАИШ-тың адамдарынан. Себебі, қайтам дегендерді дарға асып тастайтын. Бір күні олар үйге кіріп келіп, інімнің біреуін алып кетті. Екіншісін қыздың киімін кигізіп аман алып қалдық. Алып кеткен інім үш жарым ай сол жерде түрмеде отырды. Өздерінің түрмесі бар. «ДАИШ дұрыс емес» деген адамдар не дарға асылды, не түрмеге жабылды», - дейді ол.

24 жастағы әйел Сирияға барғанына өкінетінін айтады.

«Ол жаққа бара салысымен бәрімізді соғысуға мәжбүр етті. Әкем үлкен кісі еді. 14 жасар ініммен бірге соғысуға мәжбүрледі. Ол жақта соғыспасаң, ең жаман адам боласың. Бәрі саған жаман қарайтын. Кейін өлім қарапайым үрдіс болып қалды. Танитын адамдарың шетінен өле береді. Өкінем әкемдердің жоқтығына. Ашаршылық көрдік. Шөп жедік. Қанша күн аш жүрген кездер болды. Ол жақ – кірсең шыға алмайтын жер. Әкем қоршауда қалып, көз жұмды. Анам жүрегіне оқ тиіп, қайтыс болды», - дейді ол.

 

05.11.2019

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер