Соңғы кездері елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарастарға үйлеспейтін әртүрлі пікірлер мен ұстанымдар жарыққа шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде. Басында көзімізге көрінген діндарлардың барлығына періштедей сеніп, солардан қалмай дінді үйреніп, діндар болғанның жөні осы деп жаппай дінге ұмтылу үрдісі жүрді.
Кейіннен «жылтырағанның барлығының алтын емес» екендігіне көзіміз жете бастады. Қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде исламның құндылықтары күнделікті өмірде өз орнын алғаны белгілі. Қазірде осы ежелден халқымыз дәріптеп, құрметтеген дінімізге де күдікпен қарайтындәрежеге жеттік. Алғашқы кездері дін адамдары мен діни кітаптарды көргенде қуана да, құрметтей қарасақ, қазір үмітімізден күдігіміз басым болды. Бұған себеп ретінде діни мәселелерді түсіну мен уағыздаудың салмағы жеңілдеп, ниеті дұрысы да, бұрысы да айналасындағылардың барлығын «өздері түсінетін» діндар ретінде көру талпынысынан туындап отырғаны белгілі. Әрине кейбір ағымдардың саяси астары да жоқ емес, дегенмен, еліміздегі дін саласындағы қайшылықтардың басты себебі діни дүмшелік. Соның салдарынан шектен шығушылықтар мен радикализм көрініс тауып жатыр деуге болады. Діннің ішінде де сыртында да радикализм болмауы тиіс. Қазірде еліміздегі діни ахуал әрбір саналы азаматты алаңдатады. Осыған байланысты күнделікті қоғамдық қатынастарда діни ұстанымның ерекшеліктері мен әртүрлі қырлары жарыққа шығып жатыр. Дінді ұстанушылардың қатары молайған сайын қоғамдық ортада жағымды-жағымсыз пікірлер туындап, қарама-қайшылықтар, отбасылық өмірдегі кикілжіңдер, діни түсініктердегі алшақтықтар белең алуда. Егер, әлем елдеріндегі осы діни ұстаным мен қарым-қатынастарға байланысты қайшылықтарды назарға алар болсақ, діни алауыздық пен бөлінушіліктің зардабы орасан болатындығына көз жеткізуге болады. Ислам әлемін фатализм пікірі жаулап алғандығы шындық. Фатализм пікірінің жаулағандығы соншалық адам егер қандай да бір істе өзіне бір пайда беретін болса ол құдайдың тағдырына қарсы келгені болып саналған. Діни фатализм діни селқостықтан және әрекетсіздіктен туындайды. Бұл жерде шектен шығушылықтың екі қыры бар. Бірі шектен тыс радикалдылық болса екінші жағында шектен тыс немқұрайлылық немесе жауластық. Бұл екеуі де дінде сынға алынады. Мысалы, мүлде үйленуден бас тарту жаратылысқа қайшылық болса, үйенуді ойыншыққа айналдыру (қазіргі кезде кейбір ағымдар қолданып жүрген) да шектен шығудың бір түрі болып табылады. Бұл діни дүниетанымда ифрат және тафрит ұғымдарымен баяндалады. Тіпті қазіргі дін мәселесінде түсіндіру жұмыстарында да осы екі мәселеге ұрынып жатады. Бір жағында әйтеуір діни сауатсыздықты жою керек, қоғамдағы жағымсыз қылықтардың алдын алу керек деп адамдардың намысына, абыройына тиіп діндар болын уағыздау болса, екінші жағында зайырлылықты алға тартып діни құндылықтарға кемстіушілікпен қарап адамдардың діннен безуіне түрткі болу. Бұл жөнінде Елбасымыз бірінші жағдайда «діни фанатизм мен діни дүмшеліктер қатар сақтануымыз керек» десе, екінші жағдайда, өзінің 2050 стратегиясында «Сөйте тұрып, мен ұлтты да сақтандырғым келеді. Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс» деп ескертеді. Олай болса бұл кемшіліктердің орнын қалай толтыруға болады. Ең алдымен болашақ ұрпақты тәрбиелеуден басталуы тиіс. Мектептерде «Дінтану негіздері» оқулығын, оны оқыту әдістемесін жетілдіру. Пәнді оқытудың басты мақсатын айқындап, сол бағытта жұмыс жасау қажет. «Дінтану негіздері» оқулығын немесе қосымша оқу құралдарын заманауи электронды оқу құралы түрінде әзірлеу дұрыс. Бұл оқушылардың қызығушылығын арттырып, тақырыпты тез меңгеруге көмектеспек. Екіншіден, «Дінтану негіздері» пәнін оқытатын мұғалімдер мәселесін әлі де қарастырған жөн. Олардың діни сауатын жетілдіру, діни көзқарасын айқындау, қазіргі кездегі діни ахуалға қатысты мемлекеттік көзқарастарды игерту басты мәселе. Үшіншіден, әлемнің көптеген мемлекеті пайдаланып отырған тәжірибедегідей дінді халықтық мәдениетпен ұштастыра отырып оқыту қажет. Халқымыздан шыққан танымал ғалымдардың еңбектерін қосымша құрал ретінде пайдалану тиімді. Егер діни ұстанымдар, құндылықтар мәдени құндылықтарымызбен астарлас оқытылмаса ұлттық, мемлекеттік тұстастық мәселесіне келгенде жастардың жат көзқарасқа еріп кету қаупі туындайды. Төртіншіден, әрбір мектеп басшылығы мүмкіндігінше жоғары білімді «дінтанушы» мамандарды тартуға мүдделі болуы тиіс. Себебі, еліміздің бірқатар жоғары оқу орындары «дінтанушы» мамандарды әзірлейді. Оларға көп жағдайда жұмысқа орналасу қиынға соғып жатады. Олай болса, бұл тұрғыдан қайшылық орын алып отыр деуге негіз бар. Өйткені, бір жағынан жоғары оқу орнын бітірген «дінтанушы» маман басқа салаға жұмыс іздеп кетіп жатса, екінші жағынан еліміз бойынша «дінтанушы» мамандарға деген сұраныс өте жоғары. Осы мәселені жолға қою қажет. Бесіншіден, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағында көрсетілгеніндей, ҚР-да білім беру мен тәрбиелеу жүйесі, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады. Дегенмен мемлекет жергілікті дін қызметкерлерінің білімін жетілдіруге, діни білім беру мәселесінің сапасын арттыруға ықпалдасуы тиіс. Қорыта айтқанда көптеген араздықтар мен дұшпандықтардың басты себебі ретінде діни радикализм, діни дүмшелік, дінді толық түсінбеуді айтуға болады. Сондықтан дінді ұстанушылар діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік ұстындарын да қатар меңгергені дұрыс. Егер қандай да діннің өкілі болмасын өзін жаратушысының сүйікті пендесі болуын қаласа, сол жаратушысы жаратқан барлық адамзат атаулыға, олардың сенімдеріне, тіпті әлемге құрметпен қарауы қажеттігін түсінуі тиіс. Ал дін атаулының барлығы араздастыруға, соғыстыруға емес, бейбітшілікті орнатуға келгендігін ешбір діннің өкілі жоққа шығармайды. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегендей, жастардың, өскелең ұрпақтың иманды, парасатты болып тәрбиеленуі және діни салаға бет бұрған азаматтарымыздың білімді болуының еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орны ерекше екендігін назарда ұстап, әрбір маман өз саласында пайдалы болуға талпынуы қажет. Кеңшілік Тышқан, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты.
Дереккөз https://www.inform.kz/kz/dinde-shekten-shygushylyk-zhok-dintanushy_a3585314