1. Жақында ҰҚК ресми түрде Қазақстанда 20 мыңнан аса деструктивті діни ағым өкілдері тұратындығын мәлімдеді. Арбауға түсетіндердің көп бөлігі жастар болып табылады. Неліктен бұндай жағдайлар орын алуда? Әлде, бізде дәстүрлі діннің құндылықтары жеткілікті дәрежеде насиxатталмайды ма?
Әрине, бұл өкінішті жағдай. Бұл – өз қолыңды өзің кесе алмайтындай аянышты хал. Сіз тілге тиек еткен көрсеткіштің көбісі өзіміздің қаракөз қазақтарымыз екені де жанға батады. Олардың жат ағымның арбауына түсіп, ақиқат жолынан адасуы – бізді әркез толғандырады. Әсіресе, елдің ертеңі болған жастардың ерте күннен деструктивті діни ағымның жетегінде кетіп, санасын алдырып, өз ұлтының болмысына қарсы шығуы, салт-дәстүр мен мемлекеттігіңді мойындамауы – өзекке түскен құрт десе де болғандай. Ал енді, біздің жіті зерттеуіміздің нәтижесінде, жастарымыз бұндай жағдайларға түрлі себептермен бой алдырып жатқанын анықтадық. Мәселен, діни танымы дұрыс қалыптаспаған, өткен тарихынан бейхабар, ұлттық ерекшеліктерін танымайтын, салт-дәстүріміздің байыбына бара бермейтін кейбір қандастарымыздың теріс пиғылды жат ағымдардың оңай олжасына айналып жатқанын көрудеміз. Дегенмен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен білікті дінтанушы мамандар дәстүрі дініміздің құндылықтарын дәріптей отырып, жат ағымның алдын алу жұмыстары бойынша жыл сайын жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
Мәселен, ҚМДБ-ның Алматы қаласы өкілдігіне қарасты мешіттер бүгінде Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасымен, қаладағы Түзету және басқа да құзіретті мекемелермен бірлесе отырып тыңғылықты жұмыстар жүргізуде. Жергілікті биліктің қолдауымен арнайы құрылған орталыққа және түзету мекемелерінде жұмыс жүргізуге қала мешіттерінің 8 қызметкері арнайы бекітілген. Оларға жергілікті мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат төленіп тұрады.
Сонымен қатар мешіттерде өтетін күнделікті бесін мен ақшам уағыздарында, сауат ашу курстарында және жұма уағыздарында халқымыз бен жастарымызды радикалды діни ағымдардан сақтану жолдары түсіндіріліп тұрады.
Соның нәтижесінде, 2019 жылы бостандықтағы 2150 кісімен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ал түзеу колонияларында 135 жеке, 159 жалпы кездесу өткізіліп, 3397 жазасын өтеушіні қамтыды. Аталған жұмыстың нәтижесінде 78 тұлға райынан қайтып отырғаны аз да болса көңілге жұбаныш.
2. Алматы қаласының мешіттерінде мұсылмандардың бойында радикалды діни ағымдарға қарсы төтеп беретін иммунитет қалыптастыру бағытында қандай жұмыс жасалуда?
Негізінен, радикалды діни ағымдарға қарсы төтеп беретін иммунитет қалыптастыру еліміздегі әрбір азаматтың міндеті. Ал осы тұрғыда Алматы қаласы мешіттерінде толайым істер атқарылуда. Мәселен, биылғы жылы қаламызда уағыз-насихат жұмыстары мен жастар ісі бойынша 36212 шара өткізілсе, оған 1 853 390 адам қатысқан. Соның ішінде қала мешіттерінің бас имамдары, наиб имамдары, ұстаздары бесін және кешкі ақшам мен құптан намаздары арасында жамағатқа тұрақты 33 660 дәріс жүргізілген. Дәріске қатысушылардың ұзын саны – 2,5 млн адамды құрады.
Сонымен қатар, «Жастар жылына» орай Жастар ісі секторы 6227 іс-шара, ал әйел-қыздар секторы 371 іс-шара ұйымдастырып, аталған шараларға 106 965 адам қатысты.
Соның ішінде, Алматы Орталық мешітінде «Ислам және жастар» шарасы өтіп, «Абу Бакр» мешітінде 100 кітап оқу жобасы іске асуда. Наурыз мерекесіне орай, «Мырзахмет» мешітінде қала көлемінде Наурыз мерекесі кең көлемде аталды. «Байкен» мешітінде спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. «Ынтымақ» мешітінде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлік – береке бастауы» атты жамағат пен түрлі ұлт өкілдерін ұйыстыратын мерекелік шара өткізілді. Сондай-ақ, Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Аяулы әжелер, аналар», «Ұлтымның ұятының айнасындай» атты игілік пен инабаттылықты насихаттайтын жиындар өтті.
Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бастамасымен, кәсіпкерлердің қолдауымен осы жылдың сәуір айында Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан VIII республикалық жарысы 4 номинация бойынша ұйымдастырылды. Республика бойынша іріктеу жарысына 558 қари қатысып, олардан 69 қари ақтық мәреде бақ сынады. Бас жүлде иегері маңғыстаулық қари Сатешов Сақиға жеңіл автокөлік кілті тарту етілді.
Сауат ашу курстары мен оқу-ағарту бойынша биыл мешіттерімізде 7218 адам діни сауатын ашты. Жасөспірімдердің жазғы каникулында қала мешіттерінде ұйымдастырылған сауат ашу курстарына 2239 бала қатысты. Бұлардың арасынан 62 талапкер ҚМДБ-ға қарасты оқу орындарына жолданды.
Сонымен қатар Алматы Орталық мешітінде қыз-келіншектерге арналған тігін курсы жұмыс жасауда. Бүгінде 17 әйел кісі 4 айлық тігін курсын тамамдап, растайтын сертификаттарға ие болды.
ҚМДБ-ның "Имам Мәтуриди" ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «Әз пайғамбар хақ жолы», «Ислам әдебі», «Қасиетті Құран Кәрімнің артықшылығына қатысты қырық хадис», «Республикалық Құран жарыстың фототарихы» кітаптары 17 000 тираж таралыммен жарық көрді.
Айта кетерлігі, Алматы қаласы мешіттерінің дін қызметкерлері БАҚ беттеріне 92 ғылыми-танымдық материал жариялады.
Жыл басынан бері Аzan.kz сайтына 2 млннан астам кісі кіріп, пайдаланған. Оқырман тарапынан жолданған 3,5 мыңнан астам сұраққа жауап берілді. Сайтқа 451 аудио-бейне материалдар жарияланды. Zero.kz рейтингтік жүйесінде Қазақстандық көшбастаушы 3000 сайттың арасында azan.kz сайты үздік 20-ның қатарында өзін көрсетіп келеді.
3. Дәстүр мәселесін көтерер болсақ, қалай ойлайсыз, ислам діні мен қазақ xалқының дәстүрі арасында байланыс бар ма?
Қазақ кеше ғана исламды қабылдаған ел емес. Керісінше, қазақ өзін әлімсақтан мұсылман санайтын әрі ХІІ ғасырдан астам уақыттан бері ислам дінін ұстанып келе жатқан үмбет. Сондықтан қазақтың салт-дәстүрінің көбісі Құран мен хадиске, шариғат талаптарымен біте қайнасқан. Сондай-ақ, ислам талаптарының ұлттардың шариғатқа қайшы емес әдеп-ғұрыптарына қырын қарамайтынын ескерсек, асыл дініміз ұлтты ұйыстыратын ұлағатты сөздер мен өнегелі істерді қуаттап отырған. Тіпті бірнеше жылдардан бері ҚМДБ тарапынан «Дін мен дәстүр» бағытында тың бастамалар мен игі істер атқарылып келеді. БАҚ беттерінде дін мен дәстүр құндылықтары кеңінен дәріптеліп, баспа беттерінде «Мақал – сөздің мәйегі», «Хадис – ғұрпымыз, Сүннет – салтымыз», «Дін мен Дәстүр», «Дәстүрлі діни құндылықтар», «Салт-дәстүр сөйлейд» сынды кітаптар жарық көрді. Бұдан ислам дінінің қазақ халқының дәстүрімен біте қайнасып, шариғаттың салт-дәстүрлерімізде айқын көрініс тапқанын көруге болады.
4. Ары қарай имамдар мен молдалар тақырыбына өтер болсақ, соңғы кездері діндарлардың ұрыс-керістердің басты кейіпкерлері болып жатқандарын жаңалықтардан естудеміз. Тіпті, жақында ҚРАҚД министрі Д.Абаев имамдардың жаңа бейнесін қалыптастыру туралы ұсыныс жасады. Қалай ойлайсыз, бұл не нәрсемен байланысты, әлде, аталған ұрыс-керістердің имамдардың жеткілікті дәрежеде діни білімінің болмағандығына дәлел ме?
Әрине, еліміздегі діни тұлғалардың кейбір мәселелер төңірегінде өзара келіспеушіліктерге бой алдырып жатыр деген қауесет дұрыс емес. Дегенмен, осыған қарап олардың жеткілікті дәрежеде діни білімі жоқ деп ойламауымыз керек. Өйткені, біздегі ҚМДБ-ға қарасты діни уағызшылардың арнайы сараптаудан өткен, терең білімді, сауатты, тәжірибесі мол мамандар екенін толық сеніммен айта аламын. Олардың алды Сирия, Мысыр, Түркия сынды елдердің әйгілі оқу орындарында оқып келсе, қазіргі таңда өз елімізде, Алматы қаласындағы ТМД-да теңдесі жоқ Нұр-Мүбарак университетінде дінтану мен исламтану салаларының ғылым докторларын даярлауда. Сондай-ақ, ширек ғасырдан бері ұлт руханиятына қызмет етіп келе жатқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, оның ішінде шариғат және пәтуа, ғұламалар кеңесі сынды бөлімдер елдегі діни тұрақтылықты сақтау мен мұсылмандардың бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосып келеді.
Өзіңізге белгілі, жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» тақырыбын арқау еткен ІІІ республикалық имамдар форумы өтті. Онда «Дін қызметкерлерінің атқаратын діни рәсімдері тізілімі», «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері» және «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы» атты үш бірдей маңызды құжаттар қабылданды.
Бұл құжаттар дін қызметкерлеріне тың серпін беріп, үлкен жауапкершілік жүктейді. Сонымен қоса құжаттарда бекітілген міндеттер мен құндылықтар – дін қызметкерлерінің рухани дамуына түрткі болып, тұлғалық келбетін қалыптастыруға, қоғаммен қарым-қатынасын жақсартуға, ел арасында адамгершілік пен ерекше қасиеттермен үлгі болуға үндейді.
Сондықтан да имам-молдалар мен дін қызметкерлері «Жеті рухани қазық» құжатында көрсетілген имандылыққа, отаншылдыққа, жан-жақты білім алуға, мәдениеттілікке, еңбекқорлыққа, ауызбіршілікке, әділдікке қасиеттерді өн бойына сіңіріп, әрі оны қоғамға амалымен көрсетіп, дәріптей білуі керек деп есептеймін.
5. Қорытындай келе, зайырлы мемлекеттің дінді ұстанушы азаматтары қандай болу керек деп ойлайсыз?
Меніңше, зайырлы мемлекеттің дін ұстанушылары өзара түсіністік пен төзімділікте, тұрып жатқан мемлекетінің заңды талаптарына бағына отырып, сенім бостандығы негізінде дін ұстанып, елмен бейбіт те жылы қарым-қатынаста болуы керек. Сондай-ақ, заңсыз әрекеттерге барып, өзгенің сеніміне қол сұғудан, діни ланлестік-экстремистік қозғалыстар мен бүліктерден және миссионерлік әрекеттерден аулақ болмағы лазым. Әрі елдігіміздің нышандары – Туымызға, Елтаңбамызға, Әнұранымызға, Тәуелсіздігіміз бен дербес Мемлекеттігімізге құрметпен қарауы шарт. Сонда ғана ел іргесі нығайып, мемлекеттегі әртүрлі ұлттар мен дін ұстанушылар өзара сыйластық пен ынтымаққа өмір кешері анық. Қысқасы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Шынайы мұсылман – өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбеген адам» дегеніндей, зайырлы мемлекеттің дінді ұстанушы азаматтары елге тек пайда келтіріп, сөзімен немесе ісімен зиян тигізбегені дұрыс. Материал «Social Development Center» қоғамдық қорымен әзірленді