Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

ДІН МЕН ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АРА-ЖІГІ

Бүгінде бірталай жастардың арасында арабтарға еліктесе, оларша сақал қойып киінсе, бетті бүркемелесе, қазақтың сөзін арабша баламаға алмастырса бітті - таза мұсылман боласың деген тұрпайы пікір етек жайған. Ақиқатында Ислам сырт пішін емес, ең алдымен ыждаһатқа, иманға келуге, адалдыққа ұмтылып, сабырлық танытуға, мұқтаж жандарға көмек беріп, ашу-ызаны мейірім мен ақылға жеңгізуге үндейді. Алайда асыра діншілдердің бұнымен ісі жоқ. Тек менің айтқаным хақ, қалғаны күнахар деп оларға сес көрсетуден тайынбайды. Ұлтымыздың сан ғасырлық әдет-ғұрпын, құндылықтарын жоққа шығарады. Ата-бабаның аруағын қастер тұтуды, зират басында Құран бағыштауды иә келіннің сәлем бергенін Аллаға серік қосқанмен теңеп болдырмауға тырысады. Ал бұл жайында дініміз не дейді?
Мұхамед пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) хадистердің бірінде сахабаларына айтқаны бар: "Ислам жолында сендер ертеңгі күні түрлі елдерге барып Алланың хикметін жеткізесіздер. Сонда Шариғатқа қайшы келмесе сол елдердің әдет-ғұрпына, сенім-нанымына құрметпен қарап ардақтаңдар". Және дәл осы ұстаныммен Қазақ жерінде орныққан Ханафи мазхабы Исламды жерглікті құндылықтарға қарсы қоймай, қайта өзара үйлесіп байи түсуіне қолайлы жағдай туғызды. Бұның арты Қазақ даласының, жалпы Түркі әлемінің Ислам өркениетінен ойып өз орнын алуына жол ашты. Әлі күнге шейін күллі Мұсылман үмбеті қастерлеп бас иетін Әл-Фараби, Әл-Бұхари, Бейбарыс, Яссауи сынды жауһарлардың есімдерін атаса жеткілікті.
Ендігі хадисінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) “Ертеректе сендерге қабірдің басына барып тағзым етпеуге үндеп едім, бірақ бұдан былай зиярат етуге рұқсат” деген. Уақытша тыйым салудың себебі Исламды енді ғана қабылдаған жамағатты молаға табынудан сақтандыру еді. Пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) серіктеріне моланың басында қандай сөздер айтылу керегін үйретіп кеткен.
Экстремизм біткеннің бәрі дінді өздігінше бұрмалап шектен шыққанды білдіреді. Оның артында әдетте жамағаттың сенім-нанымын саясиландыруды көздеген арам пиғылдар мен сырт күштердің арандатуы жатады. Ал осыған мойын ұсынса арты неге ұласатынын быт-шыты шыққан Сирия, Либия, Йемен көрсетіп отыр. Олай болса жастар арасында әр нәрсеге соқыр илана салу емес, саралап, көз жеткізіп барып ой қалыптастыру қабілетін ояту өте маңызды. Қоғам болып осындай кешенді жұмыссыз қатерлі үрдістерге тойтарыс беру мүмкін емес.

14.05.2020

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер