Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Карантин: Жаназа намазы мен Құдайы ас кезінде қандай талаптар сақталу керек

"Елімізді дүрліктірген індеттің қаупі күннен-күнге өршіп бара жатқаны өздеріңізге мәлім. Ауру айтып келмейді. "Сақтансаң – сақтаймын" демекші, төрткүл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлық таныту – өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ", - делінген хабарламада. Осыған байланысты, басқарма жаназа намазын өткізуде келесі талаптарды ұстануға үндейді: Жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуына; Жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысуына; Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауға; Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауына; Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтауға; Індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жууға; Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмауға; Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспауға; Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтауға; Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтаруға; Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспауға; Қонақ асын өткізбеуге; Жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелуге. 

Құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты келесі талаптар орындалуы қажет: Астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелуге; Бір ғана діни қызметкердің қатысуына; Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтауға. "Алла Тағала қасиетті Құранда: "Өз-өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар", – деп ескертеді. Өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алла Тағаланың бізге берген аманаты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне қатаң түрде тыйым салған. Шариғатта қандайда жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу – әрбір мұсылман баласы үшін міндет", - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Еске сала кетейік, премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралды.

Дереккөз: https://kaz.nur.kz/1863218-karantin-zanaza-namazy-men-kdajy-as-kezinde-kandaj-talaptar-saktalu-kerek.html
02.07.2020

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер