Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Дінтанушы: «Ақиқатты монополиялау күшейіп тұр»

Адамның психологиясын басқарып, оны бұрмалау технология, маркетинг, дін және заманауи қоғамның өзге де салаларында ерекше «қызмет» түріне айнала бастағандай.
 
Деструктивті ағымдар адамды, оның санасын өздеріне «тәуелді» ету үшін қандай амалдар жасап, алдап-арбайды? Және олардың құрығына алдымен кімдер түседі? Олардан қалай сақтануға болады? Осы сұрақтың бәріне Кеңес беру және оңалту орталығының маманы Бауыржан Ахметов жауап берген еді. 

Хаос, шектеудің жоқтығы, тұрақсыздық соңғы кездері әлем бойынша өзекті мәселеге айналып отыр. Төңкерістер, өзгерістер мен жанжалдар бүгінгі қоғам үшін қалыпты жағдай секілді көріне бастады. 

Адамның психологиясын басқарып, оны бұрмалау технология, маркетинг, дін және заманауи қоғамның өзге де салаларында ерекше «қызмет» түріне айнала бастағандай. Адамдарға жеке біреудің ойын таңып, қоғамдық сананы өз мақсаттарына пайдалануды көздегісі келетіндер бар. 

Қоғамды тұрақсыздандырудың ең тиімді әдісінің бірі, тексерілген тактика – «Бөліп ал да, билей бер» әдісі. Ол екі немесе одан көп өзге де тараптардың арасындағы қарама-қайшылықтар, өзгешеліктер не алауыздықтарды оларды бақылауда ұстау үшін пайдалану әдісі. Көп жағдайда әлсіз, аз топтарды көпшілікті басқару үшін қолданады. 

Мұндай әдісті деструктивті діни ағымдар да жиі қолданады. Басты мақсаты – адамды бұған дейінгі қалыпты көзқарасынан тайдырып, оны бұған дейінгі сүрген өмірінің қате екендігіне сендіріп, тек өздерінің топтарындағы шағын ғана адамдар нағыз таңдаулы екендеріне көз жетукізу үшін тырысып бағады. 

Әрине, әрбір адамның өміріндегі кей әрекеттері мен әдеттері мінсіз, идеалды болмауы қалыпты жағдай, бірақ деструктивті топтар ұсынатын «ақиқатқа» деген монополия ол тек өздерінің кезекті «құрбандарын» арбауға қолданатын әдісі. Аталған топтың көсемдері өздеріне тарту жұмысы кезінде өмірдің шынайы құндылықтарын атап, бүгінгі қоғамның қателігін көрсетуге асығады. 

Ал олардың өз көзқарастарына сендіру қиын емес. Өйткені, нашақорлық, алкоголизм, жезөкшелік, жемқорлық, бір жыныстылардың некесіне насихат секілді адамзаттың құндылығына кері әсер ететін жағдайлардың артуын бүгінгі қоғамнан көріп отырмыз. Жас аналардың өз баласын тастап кетуі, қарт әке-шешесінен бас тартқан балалар дейсіз бе, бүгінгі қоғамның кері кеткен тұстарын санаймын десеңіз, ұзаққа кетесіз. Бірақ аталған мәселелердің шешімін табудың орнына, деструктивті топтар міндетті түрде өздерінде ғана бар «шынайы дұрыс жол» ұсынады. 

Өкініштісі, бұл әдіс көп жағдайда өтімді болып келеді. Өйткені, кез келген адам табиғатынан мейірімділік пен зұлымдықты біледі. Ал әділеттікке деген ерекше құштарлық адамды әбден жарнамасы өткен «мейірімділікті» таңдап, нағыз ақиқатты білушілердің қатарындағы «таңдаулы» болуға итермелейді. Нәтижесінде, олар ұзақ уақыттық адасудан соң қараңғы түнектен әсіредіншілдер тобы прожектормен сәуле түсіріп тұрған жарыққа шыққандай күй кешеді. Яғни, осы топқа келгенше олар «адасып» жүргендерін түсінеді. 

«Ақиқатты монополиялау» бүгінде барлық жерде кездеседі. Әрбір топ өзінің шешімін жарнамалауға тырысып бағуда. Осы тұста Рон Хаббардтың «Байығың келсе, жаңа дін ойлап тап» деген пікірін айту орынды секілді.  

Мұндай топтардың арбауына кімдер түседі дейтін болсақ, жоғарыда айтып өткендей күшейтілген ақиқат сезімі арқылы арбау. Онымен қоса, жекелеген адамдарды өз тобына қосқан соң олардың тұлға ретінде «дамуына» жағдай жасалады. Жаңа құрбандар өзімен бірдей ойлайтын пікірлес адамдардың ортасына түскен соң сол қоғамның бір бөлшегіне айналады. Ары қарай сөзсіз түрде сыртқы келбетін сол қоғамға қарай сәйкестендіру жұмысы жүргізіледі. Яғни сырт киімі, терминология, өмір сүру стилі түгел-түгел жаңарудан өтеді. 

Дәл мұндай алдап-арбауға психологиялық күштеу, яғни зорлық-зомбылық, қысым көрген не психологиялық комплекстері бар адамдар түсіп қалады. Олар жаңа ортада тұлға ретінде таныла бастағанда сол топтағы адамдардың қолдауын көріп, сезінеді. Сол ортадағы танымалдығы оның ақиқатты таптым, дұрыс ортаға түстім деп ойлауына және соған сенуіне түрткі болады. 

Кейде тіпті аталған деструктивті топтың көсемдері тым идеалды көрсетіліп, дәстүрлі бағыт мақсатты түрде жаман көрсетіліп, беделін түсіреді. Яғни дәстүрлі бағытты қорқытып, үркіту үшін қолданады. Тіпті, деструктивті діни ағымдардың көсемдері өздерінің осы бағыттарының теріс екендігін жоққа шығаратын арнайы жауап алдын ала дайындап, соған сендіру үшін әрекеттер жасайды. 

Жоғарыда атаған себептер көп мысалдың бір парасы ғана. Мұндай жат ағым арбауынан қорғанудың бірден бір жолы әрбір адамның жеке ұстанымында жатыр. Кез келген жағдайда критикалық ойлай білуді іске қосып, ең бастысы эмоцияға берілмеу керек. Білімділік және осы бағыттағы ақпараттардан хабардар болу да маңызды. Дінге жаңа келгендерді арбау оңай. Сондықтан бұрын дін саласынан хабары болмаған адамдар сондай топтардың арбауына  түсіп қалады.

12.08.2020

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер