Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Өткен жылы өзге деструктивті діни ағымның жетегінде кеткен 40 адам райынан қайтарылды

Дінтанушы мамандар адамды радикалды топтар қатарына тарту процесі діни көзқарастарға емес, психологиялық айла-тәсілдерге негізделетінін айтады.

 

Деструктивті идеологияның шырмауына түсіп, сол көзқарастың жетегінде жүргендер саны елімізде 20 мыңнан асады.

 Бұл туралы өткен жылы қараша айында елордада өткен Қазақстан дінтанушыларының ХІ форумында ҚР ҰҚК терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары Сергей Швейкин мәлімдеген болатын. 

– Біздің азаматтар негізгі халықаралық террористік ұйымдар – ДАИШ пен Әл-Каида, Хайят Тахрир аш-Шам құрамында жүр. Қарулы жиһадқа шығып кеткен Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі деструктивті идеологиялық ағымда болған. Тәжірибе көрсеткендей, террористер мен экстремистер деструктивті ағымда болғандардың қатарынан шығады. Қазір біздің есебіміз бойынша Қазақстанда деструктивті идеологияны ұстанатындардың саны 20 мыңнан сәл асады. Олардың көбі Атырау мен Түркістан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында. Осыған байланысты біздің басты міндет – діни ахуалды оңалту, – деген еді Сергей Швейкин.  

Ресми мәліметтерге сүйенсек, ХХІ ғасырдың басынан бері әлемде 72 мыңнан астам теракт болып, салдарынан 170 мыңдай адам көз жұмған. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда теракт деструктивті, діни идеологияның ықпалымен жасалатын көрінеді. 

– Интернеттегі үлкен насихаттың салдарынан біздің жеке азаматтар шетелдегі әртүрлі террористік ұйымдарға қосылып кеткен. Радикалды насихаттың қақпанына көзқарасы қалыптаспаған, діни білімі жоқ, жастық максимализмі басым жастар түсіп қалады. Шетелге шығып кеткен қазақстандықтардың көбі көз жұмған. Қалғаны ұсталып, елге жеткізілді, – деді С.Швейкин. 

Дінтанушы мамандар адамды радикалды топтар қатарына тарту процесі діни көзқарастарға емес, психологиялық айла-тәсілдерге негізделетінін айтады. Бұл процесс Орталық Азия аймағының Қылмыстық кодекстерінде «тарту» – вербовка» деп аталады. 

Дінтанушы, Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Серікжан Еншібайұлы деструктивті діни ұйымға тартушылар (вербовщиктер) арнайы психологиялық дайындықтан өткен мамандар дейді. Сондықтан олар адамды сырттай көріп-танып, баға беру қабілетіне ие. Олар қазір кімде әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан әлсіздік, тұрақсыздық немесе жағымсыз жағдайлар бар екендігіне баса назар аударады. Яғни ол санатта студенттер, әсіресе бірінші және соңғы курс студенттері, жақында зейнетке шыққан немесе ұзақ уақыттан бері жалғыздықты басынан кешкен адамдар, аңғал, өмірде өз орнын тауып үлгермеген, өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер, ауру, жақындарының қайтыс болуы немесе ажырасу секілді түрлі күйзеліс жағдайын өткізушілер, мигранттар, босқындар, жұмыссыз, сотталған, оның ішінде достыққа, жылы қарым-қатынасқа мұқтаж адамдар бар. Міне, дәл осы аталған топ өкілдерінің деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсу ықтималдығы жоғары дейді дінтанушы маман. 

Жоғарыда Сергей Швейкин атап өткендей, Алматы қаласы да деструктивті идеологияның қауіпінен шеткері қалып отырған жоқ. Бұл қала әсіресе шағын және орта бизнестің жұмыс жүргізуіне өте бейім болғандықтан, қалада кәсіп жүргізсем дегендер Алматыға жиі кіріп-шығады. Бұл өз кезегінде жат ағым соңында жүргендердің санын нақты анықтауға кедергі келтіретін көрінеді. 

– Алматыда деструктивті ұйымның құрамында қанша адамның жүргені жайлы нақты айту қиын. Мұнда жат ағым өкілдерінің саны өзгеріп отырады. Қала шағын және орта бизнеске бейім болғандықтан мұнда ағылып жатқан жұрт қарасы өте көп. Мәселен, Ақтөбеден Алматыға келіп, аксессуар, телефон сатып алып, оны Ақтөбеге апарып сатамын деген адам осы жерде ыңғайлы ұсыныстар қабылдап, қалада қалып қояды. Адасушылардың дені шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін жігіттер болғандықтан, олар көбіне келіп-кетіп жұмыс істейді. Олардың адасуына бірден бір себеп – діни сауатсыздық. Райынан қайтпайтындары осыдан 7-8, 10 жыл бұрын адасып кеткендер. Бертін 1-2 жыл бұрын жат ағымның шырмауына оралып қалған жігіттерге альтернативті түрде дәлел келтірген кезде көбінесе ойланып, райынан қайтып жататын жағдайлар бар. Ал 10-15 жыл бұрын жат ағымның құрамына кіріп кеткендер инерция бойынша ары қарай кете береді. Өкінішке қарай, Ділмұрат, Назаратулла, Дарын, Ринат сияқты діни тұлғалардың соңынан еріп кетті. Әлі де солардың айтқанымен жүріп келе жатқан адамдар бар. Біріншіден, ол әрине діни білімсіздік. Екіншіден, бағыныштылық жағдайы да бар. Олардың көбі шағын және орта бизнестегі жігіттер. Сол салада олар бір бірін өте қатты қолдайды. Мәселен, бір жігіт аксессуар сатып жүріп, телефонға көшкен кезде басқа жігіттер оған қолдау көрсетеді. Кейбір жігіттер бар, басқа бауырларына бағынышты, тәуелді болғандықтан, солардың айтқаны мен солардың көзқарасынан шыға алмай қалатындары болады, – деді Кеңес беру және оңалту орталығының директоры Руслан Қайыргелді. 

 

Маманның айтуынша, жат ағымның соңында кеткендермен жеке кездесу жұмыстары жиі өткізіледі екен. Одан кейін олардың ата-аналары, туған-туыстары мен жақындарымен де тікелей жұмыс жүргізіледі. Жеке кездесуге көбірек мән беріледі дейді. Кейде жақын туыстары кездесуге өздері мүмкіндік жасап беретін көрінеді.

– Олардың көңілінен шығу үшін ешқандай ұрыс-керіс, жанжал тумайды арамызда. Біз тек шер тарқатып дегендей әңгімеге тартамыз. Әңгіме барысында белгілі бір жағдайларда наным-сенімдері байқалады. Сол наным-сеніміне қарап, оған альтернативті дәлелдер келтіре бастаймыз. Көбінесе оларды жалпы шараларға тартамыз. Қазір коронавирусқа байланысты олар сәл тоқтап тұр. Әйтпесе спорттық шаралардан бастап басқа да мәдени шаралар арқылы олармен байланыста боламыз. Былтыр мәселен біздің орталық 40 адамды райынан қайтарды, – деді Руслан Қайыргелді.  

 

Айта кетейік, терроризмге қарсы республикалық қоғамдық бірлестігінің ресми сайтында деструктивті діни ағымдардың белгілері ретінде мыналар көрсетілген: олар адамдарды діншілдер, діннен безгендер немесе адасқандар деп бөледі. Ұлттық дәстүр мен салтты мойындамай, әдет-ғұрыптан үзілді-кесілді бас тартады. Зайырлы тәртіп, сонын ішінде заң, билік және басқару органдарын терістейтін ұйғарымдары болады. Адамның мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысуын құптамай, теледидар, ойын-сауық және музыкалық бағдарламаларды қарауға шектеу қояды. Діни талаптар мен салт жоралар бойынша некені қию мен бұзудың өзіндік ұйғарымдары болады деп жазады. 

Біле жүріңіз, егер көшеде біреулер қандай да бір діни кітаптар тарататын болса алмаңыз, оқымаңыз. Тегін тіл курстары, қайырымдылық ұйымдары, бизнес клубтар шақыратын болса, сақтықпен қарауды үйреніңіз. Әртүрлі бейресми ортадан, ғаламтордан алынған діни уағыздарды тыңдаудан сақ болыңыз.

12.08.2020

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер