Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Неопротестанттық ағымдар психотехника әдісін қолданады

Біздің Ата заңымыз бойынша елімізде діни наным-сенім бостандығы бар. Онымен қоса елімізде тіркеліп, өз жұмысын жасап жатқан діни бірлестіктер де баршылық. Бір кездері «әлмисақтан мұсылманбыз» деп өскен қазақтардың соңғы жылдардағы діни таңдауы әр алуан. Дәл осы әр алуандық қазақ қоғамына не беруде? Олар қоғамды қаншалықты рухани байытуда? Өзге діни ағымдарда жүрген қазақтардың жай-күйі қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін дінтанушы, профессор, неопротестанттық ағымдарды зерттеуші Қарлығаш Молдағалиқызы Борбасовамен сұхбат оқыңыз.

– Қарлығаш Молдағалиқызы, елімізде неопротестанттық ағымдардың нешеуі тіркелген? Ресейде секта деп танылған ұйымдар біздің елде тіркеліп, жұмыс жасап жатыр дегенді естиміз. Ол қандай секталар?

–    Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше елімізде 591 протестанттық бағытқа тиесілі діни бірлестік тіркелген. Яғни пресвитериандар, елуіншілер, 7-ші күн адвентистері, баптистер, методистер және лютерандардың бірлестіктері. Олардың ішінде елуіншілердің – 227, Баптистердің – 186, Ехоба куәгерлері – 59, 7-ші күн адвентистерінің – 42 бірлестігі және тағы біраз бірлестіктер еліміздің барлық аймақтарында миссионерлік қызметпен айналысады.   Ресейде Ехоба куәгерлерінің он шақты діни бірлестігі сот шешімімен экстремистік деп танылып, қызметтеріне тыйым салынған. Қазақстанда бұл діни бірлестіктерге қатысты біраз мәселелер ақпарат құралдарында көтерілгенімен, ешқандай іс сотқа барып, нақты шешім қабылданған жоқ. Діни бірлестіктің қызметіне тыйым салу үшін олардың Заңға қайшы, деструктивті іс-әрекетін дәлелдену керек, содан кейін сот үкім шығарады. 

–    Неопротестанттық ағымдардың шығу тарихына тоқталып өтсеңіз. Бұл ағымдар қашаннан бері елімізде жұмыс істеуде? 

–    Бұл ағымдардың пайда болуы – діндегі «сектанттық үрдістің» біраз уақытқа созылатын даму процесінің нәтижесі. Дінтану ғылымында олардың пайда болуын әр түрлі себептермен түсіндіреді. Мәселен, Христиан дініндегі бар дәстүрлі канондарды жаңаша түсіндіру және ондағы хабарларды қайта аян берілуден кейін қайта тарату, кейбір адамдардың күтпеген жерден өздеріне Құдайдың аян беріп, жаңа хабар алғандарын айтып, өз сенімдерін тарату факторларын атап айтуға болады. Діни дәстүрлерге олардың ізбасарлары қаншалықты өзгеріс кіргізбеуге күш салса, керісінше соғұрлым оны өзгеріске ұшыратады. Діни ілімнің бұрынғы дәстүрін «еске алып», қайта жаңғырту оны бастапқы формасына әкелмейді, керісінше жаңа діннің пайда болуын тудырады. Діни ағымдардың пайда болуы өз ішінде бөлінуінің себептерінен де болады. Ең бастапқы себептердің бірі – билікке талас екендігін атап өткен дұрыс. Бұл кезде билікке таласушылар жаңа діни топ құруды көздемейді, тек билікке қол жеткізуді ойлайды. Қазақстанға жаңа діни ағымдардың келуі Кеңес өкіметінің құлауымен қатар 90 жылдардан басталды. Ол кезде 10 мүшесі бар кез келген топ діни бірлестік болып тіркелуге құқылы болды. Онымен қоса, олардың Уставтарын тексеретін мамандар жоқ болатын. Мәселен, Евангелшіл христиандық шіркеу ретінде тіркелген бірлестіктердің мақсаты – Қазақстан қоғамын 2020 жылға дейін толық евангелизациялауды іске асыру екенін ашық жазған, сол мақсатта олар заң шеңберінде-ақ жұмыс жасады.  Қоғам қайраткерлері, кейбір ақын-жазушылар, дінтанушылар мен журналистер дабыл қағып, ұлттық қауіпсіздік мәселесін көтердік, бірақ нақты нәтиже шығара алмадық. Тек 2012 жылғы «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заң қабылданғаннан кейін мемлекет миссионерлік қызметті ретке келтіре бастады. 

–    Осы ұйымдарда жүрген қазақтардың нақты саны анықталған ба?

–    Жоқ, анықталмаған. Арнайы зерттеу жүргізілген бірлестіктің өзінде де нақты санын анықтау қиын. Себебі, ол көрсеткіш тез өзгеріп отырады. Шамалап орташа алғанда 30-40 пайызды көрсетеді. Бұл тек сауалнама жүргізілген бірлестіктерге қатысты айтылып отыр. 

–    Не үшін кейбір қазақтар дәл осы христиандық ағымда жүр? Олар бұл жақтан «не тауып алды?». Неліктен дәстүрлі ислам оларға тоқтау бола алмады деп ойлайсыз?

–    Бұл ағымдар қоғамдық орындарда әр түрлі қызметтер керсетіп, өнер, спорт, туризм, журналистика салаларында семинар, конференциялар және конгрестер өткізіп, газет, журнал және кітап түрінде басылымдар шығарады. Әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан көмек көрсете отырып, адамдармен жақындасып, олармен мейрімділік қарым-қатынас жасайды. Біраз адамдарға тамақ және киім жағынан көмектесіп, жұмыс тауып беріп, әлеуметтік және мәдени іс-шараларға қатыстырып, тегін тәлім-тәрбие беріп (оның ішінде ағылшын тілін үйрету көпшілікті тартады) мәдени орталықтарын ашып, халыққа өздерін жаны ашығыш немесе құтқарушы ретінде көрсете біледі. Өздерінің осы қызметтерін олар жарнамалай да алады. 

Өкінішке қарай елімізде неопротестанттықпен қоса дәстүрлі емес, радикалды исламдық ағымдар пайда болды да, халықтың арасында белсенді уағыз жүргізді. Көпшілік дәстүрлі исламды түсінбей қалды, тіпті намаз оқитын адамдардан қорқатын кез болғанын жақсы білесіз.  Бәрімізге мәлім, ислам дінінде мұсылмандар игі істерді сауап үшін жасап, оны көпшілікке жариялай бермейді. Сондықтан діни қызмет көрсету жағынан дәстүрлі исламды жаңа діни ағымдармен салыстыру қиын. Негізінде біздегі дәстүрлі исламның жұмысы – аталған исламдық кері ағымдардың іліміне қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған. Еліміздегі және халықаралық экстремистік топтардың ашық та, жасырын әрекеттерінен қоғам біраз зардап шекті. 

–  Бұл ағымдар адамды өздеріне қалай тартады?   

–    Неопротестанттық ағымдарға мүше болғандардың ішінде туған-туыс, отбасы, жұмысынан айрылып, дос-жарандарымен түсінісуден қалған адамдардың тағдыры өте қайғылы десе болады. Аталған жағдайлар мәселенің бір қыры ғана. Қазақстандағы дәстүрден тыс ағымдардың барлығы (сатанизм мен саентологиядан басқасы) дәстүрлі діндердегі Құдай туралы, адамның сенімі туралы ілімдерді, жалпы адамгершілік принциптерін негізге алып, біраз өзгертулер кіргізіп жаңа ілім ретінде жариялайды. Бұл ілімдерде баса назар аударатын нәрсе – оларда тіл, ұлттық мәдениет, патриотизм мәселелері құндылық болып саналмайды. Құдай алдында барлық адам бірдей, сондықтан оның жерді иемденуі, ұлт болуы, өзіндік ерекшелігінің болуы міндетті емес. Мұндай көзқарас әлемдегі ешбір елдің саясатында жоқ. Барлық ел гуманистік принципті ұстана отырып өз ұлтының тілін, мәдениетін, ерекшелігін сақтауға, сонымен қоса дамытуға көңіл бөледі. Ерекше атап айтар нәрсе – бұл ағымдар өздерінің миссионерлік жұмысында психотехника тәсілін қолданады. Оның түрлі әдістерінің бар екендігін психолог-ғалымдар дәлелдеді. 

–    Осы ағымда жүрген қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысып көрдіңіз ба? Бұлар қалай адамның санасын жаулап алады? 

–    Жалпы зерттеу барысында олардың орталықтарына барып  әңгімелесіп жүремін, бірақ тұрмыс-тіршілігін көру мүмкіндігі болмады. Бір білетінім, олардың ішінде өз көшбасшылары бар. Олардың көпшілігі жоғары білімді, сөзге шешен, педагогика мен психология саласында тәжірибесі бар, тіпті араларында актерлық өнерді меңгергендері де бар. Әр жиында Інжілдегі әр түрлі тақырып талқыланады. Оның ерекшелігі – қазіргі өмірмен байланыстырылуы. Бізді мазалайтын барлық мәселелер сол жерде айтылады және сол жерде шешімі табылады. Ол үшін қандай дұға, қандай кітап оқу керек, қандай фильм немесе видео көру керек, кімді тыңдау немесе кіммен араласу керек барлығы түсіндіріледі. Сол жиынға жаңадан келген адамға ерекше ілтипат жасалады. Ол адамның Құдайды іздеу жолына түсуіне бірден көмектесуге дайын екендіктерін көрсетеді. Және ол бос сөз ретінде қалмайды, нәтижесінде бұрын өзін «мұсылманмын» деп жүрген қазақтар Иса мәсіхтің «сүйген құлына» айналады. Қаншама қазақтың шоқыну рәсімінің куәсі болдым. 

–    Осы ағымды зерттеп жүргенде сізді таңғалдырған не нәрсе болды?

–    Мені таңқалдырған жағдай сонау 1998 жылдары болды. Жасы 60-70 жастағы үш қазақ апаларымыздың шоқынғанын көрдім. Ол кезде мен кришнаизмді зерттеп жүрген болатынмын. Сол оқиғадан соң мәсіхшіл болған қазақтарды да зерттеу керектігін түсіндім. 

–    Осы ағымдардың адамды өзіне тарту әдістеріне тоқталсаңыз. Мұндай ұйымдардан қалай сақтануға болады? 

–    Дінтанушылар мен психологтар жаңа діни құрылымдардағы жұмыс негізінен жастарға бағытталған деген тұжырым айтады. Алғаш келген жасөспірім бүкіл топтың ерекше назары мен бақылауында болады. Оған оны Құдайдың қалай сүйетіндігі, оның өзінің жоғары міндеті туралы, күнәға толы бұл өмірде тек осы «жанұяда» адамдар бірін-бірі қадірлейтіндігі туралы айтып, сендіреді. Жас адамның ойлау қабілетін тоқтататын әдістерді қолдану арқылы оны «ерікті» түрде иландырады. Осылайша рухани ізденістегі адамға да, өмір тәлкегінен күйзеліске ұшыраған адамға да бұл ұйымдар қамқоршы болып көрінеді. Бірақ олардың берген жұбанышы уақытша және алдамшы. Өйткені олар өмірдегі нақтылы нәрсені өзгерте алмайды.  К.Маркстің діни жұбаныш әдісін апиынмен салыстырғаны сияқты, ол дерттен айықтырмайды, ол сол сәтінде ауруды ғана сездірмейді. Бұндай ұйымдағы адам діни идеологиялық шырмауда қалады. Адамның жеке өзінің адамгершілік нормалары мен жалпы құндылықтар туралы нақты көзқарасы болмаса, онда ол адам еріксіз робот сияқты өз еркімен біреудің айтқанын орындай бастайды. Бұндай жағдай әрине тұлғаны психологиялық және рухани тоқырауға ұшыратады. Мамандар секталарды зерттеу кезінде олардың қызметіндегі ортақ белгілерін төмендегідей деп көрсетеді:    
– жаңа келген адамға ерекше мейрім көрсету; 
–    үздіксіз медитация, қасиетті сөздерді (фразаларды) қайталау арқылы трансқа түсу;
– индоктринация – ұйымда уағыздалатын ілімді түсіндіру. 3-4 сағаттық діни рәміздер: медитация, діни уағыз, медитациялық музыка. 
Жоғарыда аталған қызметтермен қоса бұл ұйымдар өз алдарына үлкен мақсаттар қояды:
– әлемдік деңгейдегі  атақ-абыройға ие болу; 
– өздеріне жаппай мүшелер жинау;  
Ұйым мүшелерінің санасын өзгерту мақсатында олардың психикаларына әсер ету. 
Кез-келген адам барған жерінен осы ағымдарға тән белгілерді байқаса, ол ортадан аулақ кетуге тырысуы керек.  

– Бұл ұйымдар Қазақстан қоғамына не беріп және бізден не алып отыр? 

– Бұл ұйымдар миссионерлік қызмет арқылы біздің қоғамға Иса мәсіхтың сенімін түсіндіріп отыр. Оның нәтижесін көріп те отырмыз! Ал біздің Ата Заңымыз бойынша ең құнды болып саналатын ол «адам өмірі» деп жазылған. Бұл ағымдар бізден сол адам қапиталын алып отыр. 

13.08.2020

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер