Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Терроризм – заңмен қудаланатын қылмыс

 

Жыл сайын терроризм индексін жариялап отыратын «Maple Croft» британ компаниясының мәліметтері бойынша Гренландия мен Антарктиданы есепке алмағанда, әлемде терроризм қаупі төніп тұрмаған аймақ жоқ.

–    Осындай жіктеу бойынша Қазақстан – терроризм қаупі төмен елдер қатарына жатады және көптеген еуропалық елдермен бір деңгейде орналасқан. Ал Ұлыбритания, Франция, Испания, АҚШ секілді елдерде қауіп-қатер деңгейі айтарлықтай жоғары. Сондықтан терроризм, экстремизм ортақ қауіп-қатер, – дейді Ерлан Қарин «Қазақстандағы терроризм қауіп-қатері» атты еңбегінде. 

Мұндай ұйымдарға тартудан қорғанудың әмбебап әдістері жоқ. Көп нәрсе мемлекет пен құқық қорғау органдарына ғана емес, сонымен бірге халыққа, азаматтық қоғамның жетілуіне, саналығы мен естілігіне де байланысты. 
Ал өз кезегінде мемлекет террористік және экстремистік ұйымдарға кіруден алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айту керек. Ол – террористік қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған шаралардың жиынтығы. 

Мемлекеттік деңгейде қабылданған сондай басты шаралардың бірі ретінде «ҚР-да діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» айтуға болады. Ол: 

- Қоғамда радикалдық идеологияға деген иммунитетті және радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіруді; 

- Қазақстан Республикасы халқының радикалдануына сыртқы факторлардың ықпал етуін төмендетуді;  

- Діни экстремизм мен терроризм фактілерін, оның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жолымен анықтау мен жолын кесудің тиімділігін арттыруды; 

- Діни экстремизм мен терроризм актілеріне ден қою, сондай-ақ олардың салдарын барынша азайту және (немесе) жою жүйесін жетілдіруді; 

- Орта, техникалық және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарының оқушыларын рухани-адамгершілік тәрбиелеу бойынша іс-шаралар өткізуді;

Радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған интернет, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді көздейді.  

Дегенмен, айта кету керек, бүгінде сарапшылар арасында терроризм, экстремизмнің пайда болуына қатысты ортақ пікір жоқ. Біреулері әлеуметтік-экономикалық мәселелердің ушығуы, яғни кедейшілік, жоқшылық, қоғамның маргиналдануы себепші десе, енді біреулері оны саяси режимнің (қоғамның ашықжабық дәрежесі, білім деңгейі, құқық және еркіндік деңгейі) ерекшелігінен көреді. Қалғандары терроризмнің негізінде әлеуметтік мәдени өзгеріс (белгілі бір құндылықтар мен адамгершілік нормаларының құнсыздануы) жатыр деп есептейді.

–    Терроризм қаупі тек мемлекеттің жазалаушы қызметінің күшеюіне немесе арнаулы қызметтерді нығайтуға ғана негізделмей, бірінші кезекте, терроризмнің таралуына ықпал ететін алғышарттар мен себептерді жоюға бағытталуы қажет. Сонымен бірге терроризм қаупін дұрыс бағаламай, оны елемей және жекелей алынған елде қауіптің өзін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ оны асыра бағалауға да болмайды. Қоғамда дүрбелең салып және үрей мен қорқыныш ұялатып, қоғамдық резонанс әсерін күшейту арқылы террористерге қолдау көрсетуге болмайды, себебі кез-келген теракт ең алдымен, кең ақпараттық әсерге есептелген, – дейді Ерлан Қарин.  

Осы зұлымдықпен ондаған жылдар бойы күресіп келе жатқан басқа елдердің тәжіриебесін зерттеп қарағанда бірлігі шайқалып, нешеме себептермен іштей бөлініп, жіктеліп отырған қоғам, ел, мемлекет қана осы қауіптің құрбанына айналуы ықтимал дейді мамандар. Сондықтан осы, басқа да қазіргі заманның сынақтары мен қатерлеріне қарсы тұру үшін алдымен қоғамның жіктелуіне, бөлінуіне жол бермеу керек.  

Ол үшін терроризм мен экстремизмнің не екенінен қоғамдағы әрбір азамат хабардар болуы тиіс. Мәселен, террористік немесе экстремистік әрекеттің заңмен қудаланатын қылмыс екенін әрбір адам түсінуі керек. Адам құқықтық сауаттылыққа және жоғары саяси мәдениетке ие болуы тиіс. Демократиялық сенімдермен бөлісуі, саясат пен өмірде плюрализмді ұстануы қажет. Қылмыстық жаза туралы ғана емес, терроризм мен экстремизмнің әлеуметтік қауіптілігі туралы да хабардар болуы тиіс. Ал ең бастысы мұндай ұйымдар діннің атын жамылып, адамды өздерінің қылмыстық әрекеттерін іске асыруға пайдалануды ғана көздейтін арам пиғылдары барын түсінуі керек. 

 

24.08.2020

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер