Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Елімізде миссионерлік қызмет қалай реттеледі?

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп жазылған. Осы жердегі зайырлы деген сөзге екпін түсірсек, біздің елде діни сенім бостандығы барын меңзейді. Бірақ қандай да бір дінді насихаттау, тарату ісі арнайы заңға бағынады, яғни зайырлылық пен демократиялық қағидаға сәйкес заңмен реттеледі. 

Зайырлы қағидатына орай барлық діндерді насихаттаушы тұлғалар заңда көрсетілген – миссионер ұғымымен түсіндіріледі. Соған сәйкес миссионерлер жұмысы біздің елде заң шеңберімен қалай реттелген? Кімдер біздің елде дін таратумен айналысып жүр және олар қандай дін өкілдері? 

Қазақстандағы миссионерлік қызмет ұғымы 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңдағы миссионерлік қызмет бөліміндегі 8-бапта көрсетілген қағидалар арқылы реттеледі. Бұл бапта және осы Заңның басқа да баптарында шетелдіктерге, Қазақстан азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдар заң аясында қызметін жүргізетін болса миссионерлік қызметке рұқсат беріледі делінген. Бірақ ел азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi Заң шеңберінде тiркеуден өткен соң ғана жүзеге асыра алады. 

Миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды тiркеуді жергiлiктi атқарушы органдар арнайы талаптарға сай рұқсат қағаз берген күннен бастап қана жүргізе алады. Егер миссионер ұсынған діни мазмұндағы материалдар мен діни мақсаттағы заттар дінтану сараптамасының оң қорытындысына ие болса ғана миссионерге оны қолдануға рұқсат беріледі. 

Ерекше назар аударатын жайт, Қазақстан Республикасының аумағындағы миссионерлер жергiлiктi атқарушы органдарында жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.

–    Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдардың дінтану сараптамасы теріс қорытындыға ие болса, сондай-ақ, егер олардың миссионерлік қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адам құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, тіркеуден бас тартылады, – дейді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Нұрмұхаммед Мейманхожа. 

Маманның айтуынша миссионерлерлік қызметке қатысты заңнамалық актілер халықаралық құқықтағы адам құқықтары бойынша талаптарға сәйкес әзірленіп, бекітілген. Қазақстан аумағына келу үшін миссионерлер арнайы миссионерлік виза алуы керек (МИВ). Бұл визаны алу үшін дін саласындағы уәкілетті органның келісімі болу қажет. Одан бөлек, шетелдік миссионер тіркелген мекен жайға көші-қон заңнамасы бойынша тиісті қадағалау шаралары да қарастырылған. 

Дін саласындағы уәкілетті орган болып табылатын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, ресми түрде елімізде 503 миссионер тіркелген. 

Олардың 384-і – шетелдіктер, 119 – Қазақстан азаматтары.  Конфессия бойынша қарастырсақ:  католиктер – 252, православтар – 79, елуінші күн шіркеуі – 32, соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіх шіркеуі (мормондар) – 28, жаңаапостолдіқ шіркеу – 12, кришна санасы қоғамы – 22, пресвитериандық шіркеу – 29, баптистер – 16, жетінші күн адвентистері – 15, ислам – 8, иудаизм – 4, лютерандар – 3, ехоба куәгерлері – 2 және буддистер – 1.

Айта кетсек, ислам дінін уағыздаушы онға жуық тұлға елімізде миссионер ретінде тіркелген. Олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медресе-колледждерде рухани-ағартушылық және оқытушылық қызметпен айналысатын тұлғалар. 

–    Заң талаптары бойынша миссионерлік қызмет ресми тіркеуден өткен қала, облыс аумақтарында ғана жүргізілуі тиіс. Мәселен, Алматы қаласында тіркелген миссионер арнайы бекітілген орында ғана миссионерлік қызметін жүргізуге құқылы. Миссионерлік қызмет білім беру және мемлекеттік мекемелерде жүргізілмейді.

Дін саласына мониторинг және қадағалау жүргізетін мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2019 жылы Ішкі істер органдары әкімшілік іс жүргізу аясында діни салада әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар заңсыз миссионерлерді анықтаған. Сол бойынша заңсыз миссионерлік әрекеттері үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» 490-бабының 3-бөлігі бойынша 18 адам жауапкершілікке тартылып, оларға барлығы 3,1 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. 

–    Карантин кезінде діни іс-шаралар мен бірқатар қоғамдық іс-шараларға шектеулер енгізілуіне байланысты миссионерлердің қызметтері онлайн форматтағы әлеуметтік желілер, ғаламтор ресурстары арқылы жүзеге асырылып отырғаны анық. Ал тіркелмеген миссионерлер онлайн түрде жасырын аккаунтар арқылы насихат жасаулары әбден мүмкін. Яғни, заңсыз жиындар, курстар, онлайн сабақтар өткізуі ғажап емес. Оларға мониторинг жүргізу, анықтау, тиісті сараптама қорытындысы бойынша заңнамамен шара қолдану мемлекеттік органдардың құзыретінде, – дейді дінтанушы маман. 

Миссионерлердің қандай қызметі заңбұзушылық болып есептеледі дегенді де біле жүріңіз, олар төмендегідей: 

1)    жергілікті атқарушы органдарда тіркеуден өтпей заңсыз миссионерлік қызмет жүргізу, белгілі бір діни бірлестіктің немесе бір топ азаматтардың ортасында дінге шақыру фактілері жатқызылады;

2)    миссионерлік визаны ресімдеуден бас тартып, Қазақстан аумағына шетелден келіп, жасырын негізде миссионерлік қызмет жүргізу фактілері де заң бұзуға негіз болып саналады; 

3)    белгілі бір діни бірлестіктердің жиындарында кәмелет жасқа толмаған жас балаларға олардың ата-аналары не заңды өкілдерінің келісімінсіз діни үгіт-насихат дәрістерін, уағыздарын жүргізген жағдайда тиісті әкімшілік құқық бұзушылық туралы жауапкершілік қарастырылған. 

Сондай-ақ миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыру, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды пайдалануы, ҚР аумағында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілім таратуы – Қазақстан Республикасының азаматтарына 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, 100 айлық есептiк көрсеткiш және заңды тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салып, 3 айға дейін жұмысын тоқтату құқықтары Заңмен белгіленген.

https://sn.kz/sn-aleumet/73691-elimizde-missionerlik-kyzmet-kalai-retteledi

02.10.2020

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер