Ағымдағы жылдың 10 қазан күні Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен және «Social development center» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Діни бірлестіктер көшбасшылары клубының мүшелері арасында Алматы қаласы конфессияларының бірқатар өкілдерінің қатысуымен шағын-футболдан турнир өтті.
Турнир басында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты конфессияаралық және қоғамдық келісімді, сондай-ақ қаланың діни бірлестіктері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту болып табылады.
Өз кезегінде, тартысты өткен турнирге бірқатар діни бірлестік өкілдерінен құралған 8 команда қатысты. Атап айтқанда, Алматы Орталық мешіті, Вознесенский кафедралды соборы, Кришна санасы қоғамының келушілері мен евангелдік-христиан баптистер, елуіншілер мен пресвитериандық шіркеулердің өкілдері өздері үшін толеранттылықтың басты құндылық екенін көрсетті.
Бірнеше сағатқа созылған турнир қорытындысы бойынша 1-орынды Алматы Орталық мешітінің командасы, 2-орынды Әли Мұхаммед мешітінің командасы, ал 3 орынды Агапе елуіншілер шіркеуінің өкілдері иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.